• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
21 Ақпан, 12:42:16
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

06 Ақпан, 2020 NEWS

Тұрсынбек Қабатовты сынаған алматылық белсендінің өзі сынға қалды

kznews.kz

Танымал сатирик Тұрсынбек Қабатовты «Nur Otan» партиясының құрамына кіргені және «Біз біргеміз» атты челлендж акцияны бастағаны үшін сынап, видеоүндеу жолдаған алматылық белсенді Айдар Оразбектің өзі сынның астында қалды. Блогердің пікірінше, Қабатовтың партия қатарына кіруі – үлкен қателік болып саналады-мыс.

Аталған видеоролик жақында қазақстандық интернет кеңістігіне таралған болатын. Ал, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбай Айдар Оразбекті де, оның сөзін сөйлеген өзге блогерлерді де «арзан хайпқа» барды деп айыптады.

– Атың шықпаса жер өрте» демекші, бұл істі барып тұрған арзан хайп дегеннен басқа шара жоқ. Жүйесіз, дәлелсіз сын айтудан гөрі, жақсы іске бастамашы болған дұрыс деп есептеймін. Өзін «Алматының белсендісі» деп таныстырған жігітке айтарым: Өзгерісті әр адам өзінен бастау керек. Тұрсынбек партияға келсе, жөнсіз сынағаннан, өзім араласамын, қисығы болса түзеймін, өзгерістерді көппен бірге жасаймын дегені. Қазақстанда мәселе шешетін жалғыз партия болса, ол – Нұр Отан. Мен де солай ойлағандықтан, партия қатарынан табылдым, – деді ол.

Танымал журналист Құрманбек Жұмағали да блогердің әрекетін «атың шықпаса, жер өртенің» кейпі дейді.

– Қазақтың бір аталы сөзі есіме түсіп отыр, елдің қамын ойлайтын бір ұл туса, оны қабатын екі ит қоса туады. Қоғамда бар, отбасында бар мәселені астарлы әзілмен жеткізіп қана қоймай, жастарды жұмылдыру жолында еңбек етіп жүрген Тұрсынбектің күрделі мәселелерді нәтижелі шешілуіне септігін тигізетін «Нұр Отан» партиясының мүшесі болуы дұрыс шешім деп есептеймін, – деп жазды Қ.Жұмағали өзінің Facebook-парақшасында.

Ол Айдар Оразбектің Қабатовты қаралағаны алға баспайтын іс деп білді.

– Әлеуметтік желіде парақшам бар екен деп, ел үшін, мемлекет үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды қаралайтындардың болғаны өкінішті, – деп жазды танымал журналист.

Желі қолданушыларының көбісі Айдар Оразбектің бұл ісіне реніштерін білдірді.

– Жұмыс істеуге қарағанда, сынау әрқашан оңайырақ. Шешімін іздеуден гөрі, кінә тағу жеңілірек. Ортақ мақсат үшін бірігудің орнына қалыс қалған жеңіл!», «Алдымен ауылдың төскейінде аунап, алысқа мақсат қойған, әр жағдайға өзегі өзеуреген Тұрысынбектей еңбекқор болып алсын дейсің...», «Мұндай да сөз болып па?», «Қазақта бірлік ұғымы құрдымға кетіп бара жатыр-ау! Бауырының етін жегені несі сонша?», «Кәндек шәуілдейді, керуен жолын жүре береді!», «Тұрсынбек аға, ондайға көңіл аудармай-ақ қойыңыз!», «Кім қай партияға кіреді, кіммен дос болады, қайда барады, өз еркі емес пе?!, – деп жазуда желідегілер.

Еске салайық, өткен апта елордада рекордтық деңгейде қар жауғаннан кейін, сатирик Тұрсынбек Қабатов қолына күрек алып, қар күреп, «Біз біргеміз» атты челлендж бастаған болатын. Оның акциясын өнер жұлдыздары мен саясаткерлер және өзге де танымал тұлғалар жалғап, қаланы қардан тазартуға атсалысқан.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір