• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
17 Ақпан, 12:32:53
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

08 Ақпан, 2020 NEWS

Дүнгендер қайдан шыққан және Қазақстанға қалай келген?

Дүнген – Қытайдағы ресми мойындалған 56 ұлттық азшылықтың бірі. Express-k.kz сайтының дерегінше, Қытайда 10,5 млн, Қазақстанда 50 мыңдай, Қырғызстанда 60 мыңнан аса дүнген бар.

Дүнгендердің шығу тегі

Дүнгендердің шығу тегі туралы негізгі үш тұспал бар. Алғашқысына сай, олар арабтар және парсылар мен қытайлардың аралас некесінен туған. Араб, парсы көпестері Қытай аумағына VIII-XIII ғасыр аралығында жиі келген. Дүнгендердің саудаға жақындығы осы ата-бабаларынан берілген деген түсінік бар. Олардың дені саудамен айналысады. Банк саласы мен бизнесте жүргендері де аз емес.

Екінші нұсқа бойынша дүнгендердің ата-тегі – түрік-мұсылмандар. Алайда олардың қаны қытай этносымен араласпаған.

Үшінші пікірдің қостаушылары дүнгендер Моңғол империясының сэмужэнь табының өкілі дегенді айтады. XIV ғасырда Юань әулеті тақтан кеткен соң Қытайда сэмужэнь табының өкілдері мен моңғолдар қандастарымен емес, қытай этносымен неке құруы керек деген заң шыққан деседі. Осылайша сэмужэнь табы ассимиляцияланып, Мин әулеті билігінің соңында дүнгендер толықтай қытай тіліне өткен.

Дүнгендердің ата-бабасының арасында Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары болған деген дерек бар.

Генетикалық зерттеу нәтижесінде қандайда бір генетикалық басымдық анықталмаған. Дүнгендердің генінен түріктер мен арабтардың генінен бөлек, моңғол империясының құрамында болған көптеген халықтардың гені табылған.

Дүнгендер Қазақстанға қайдан келген?

Цин әулетінің тұсында ұйғырлар мен дүнгендердің бірнеше ірі баскөтерулері болды. 1862-1877 жылдардағы толқулар Қытайдағы ең ірі оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалды. Бұл көтерілістар басып-жаншылған соң қытайлардың жазасынан қорыққан дүнгендер Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстанның солтүстігінен үдере көшкен.

З. Қабылдинов пен А.Қайыпбаева атты авторлардың "Қазақстан тарихы" атты оқулығында  "дүнгендердің Қазақстан аумағына алғашқы қоныс аударуы 1877 жылдың желтоқсан айында басталған. Сол жылы Қытай жазалаушыларынан құтылу үшін қашқан 4 мыңға жуық дүнген Жетісу жеріне жетіп жығылды. Қоныс аударушы дүнгендердің алғашқы толқынын Бый Янь Ху басқарды. Екінші толқын 1884 жылы өтті. Ал ұйғырлардың Жетісу жеріне қоныс аударуы 1881 жылғы күзде басталып, 1884 жылға дейін жалғасты. Олардың бір бөлігі көршілес Қырғызстанға барып жайғасты" делінген.

Тарихшылар ұйғырлар мен дүнгендерді Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру арқылы патша үкіметі екі түрлі мақсат көздеді деген пікірде.

"Біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базасын осалдата түспек болды; екіншіден, әскери-саяси жағдай шиеленісіп кете қалған жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалануды мақсат етті. Алайда патша үкіметі бұл жөнінде жергілікті қазақ халқының пікірімен санаспады. Бұл кезде Жетісу жері мемлекеттік меншік деп жарияланып койған болатын" дейді олар.

Ұйғырлар мен дүнгендер белгілі бір аумақта өз алдарына жеке қоныстануды қалаған. Сөйтіп қоныс аударушылар негізінен Жетісу жеріндегі Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды.

Қазақстан аумағындағы ұйғырлар мен дүнгендердің саны бірте-бірте арта түсті. Мәселен, 1897 жылы Қазақстанда 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болса, 1907 жылы ұйғырлар 64 мыңға, ал дүнгендер 20 мың адамға жетті.

Дүнгендердің Қазақстанға келген кейінгі негізгі шаруашылық кәсібі егіншілік, бау-бақша өсіру, ұсақ-түйек сауда жасау, басқа да әр түрлі кәсіп түрлерімен айланысу болды. XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап олар Жетісуда алғашқылардың бірі болып күріш еге бастады. Бау-бақша өсірумен, бағбандықпен айналысты. Дүнгендер капуста, пияз, сарымсақ, бұршақ, ас бұршақ, бұрыш, шомыр, сәбіз, аскөк, асқабақ, кияр сияқты алуан түрлі дақылдар өсірудің шебері болды. Олар орыс шаруаларынан кызанақ және картоп өсіруді де үйреніп алды.

Ілмек сөздер: дүнген халқы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір