• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:11:14
Алматы
+35°

Түнгі сағат үште ұйқтап жатқан жерімнен төсегімнен тұрғызған қазақ-дүнген қақтығысында өлім құшқан сегіз адамның қазасы. Ойпырм-ай, бейбіт күнде бұл қалай болды? Тағы елу шақты адам ауыр жағдайда ауруханада дейді. Аса өкінішті! Қаза тапқан жандардың отбасына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бірақ бұл оқиғалардың төркіні неде? Бұған не себеп? Аналитик журналист ретінде осыған қатысты ойларымды ортаға салғым келеді.

Ресми орындардың түсіндірмесінен тұрмыстық қақтығысты арандатушылар ушықтырды деуге бейімділік байқалады. Ол қайдан шыққан арандатушылық? Әлеуметтік желілерде Қордай жанжалына қатысты видеолар өріп жүр. Ойға көп нәрсені содан түйе аласыз. Көзге бірден ұрып тұрғаны дүнген жастарының қазақтар түгілі оның полициясын да көзге ілгісі келмегендігі. Қолға мылтық алған да солар. Ал бұл қайдан шыққан менсінбеушілік? Кеудесіне нан піскен астамсуға не түрткі? Дүнгендердің Қытайдан қашып шығып қазақ жеріне қоныс аударған соңғы 130 жылдың ішінде мұндай қақтығыс ешқашан болмаған. Арада әлгілердің этникалық психологиясы қандай өзгеріске ұшыраған? Билік айтып отырған «арандатушы» кім болды сонда?

Жақаурататын ештеңесі жоқ, бірден ашығын айтайық, ең басты арандатушы – билік! Бұл неден көрінеді? Бұл алдымен Қазақстан билігінің қазақ халқының мемлекет құраушы құқығы мен міндеттерін аяқасты етуінен көрінеді. Қазақстан Конституциясының еш жерінен осы мемлекеттің қазақ халқыныкі екендігін таба алмайсыз. Мемлекет құраушы ұлттың мәртебесі онан қашқан, мұнан қашқан түрлі ұлт диаспораларының мәртебесіне дейін төмендетіліп тасталған. Егер Ата заңымызда қазақ халқының осы мемлекеттің иесі екендігі, ол осындағы барша ұлт өкілдерінің, диаспоралардың азаматтық құқықтарының сақталуына жауапты екендігі көрсетілсе әлгіндей кемдемсоқтықтықтарға құқықтық негіз тумас еді. Режимнің осындай соқыр саясаты еліміздің ұлтаралық қарым-қатынастарының болашағына о бастан баяу жарылатын «миналар» көміп кетіпті.

Екіншіден, режим Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі туралы 7 баптың бірінші тармағын көзге ілмей ресми орындарда орыстілді орта қалыптастырғаны, қазақ тілін атқораға ысыруы түрлі ұлт диаспораларының қазақ тіліне деген менсінбеушілігін туғызды. Қордайда дұңғандар түгелдей балаларын орысша оқытуы, қазақтармен орысша сөйлесуі қазақтарға да, қазақ тіліне де шекеден қарайтындығын көрсетеді. Олар қазақтарға «Өз еліне, өз тіліне ие бола алмаған сорлылар» деп қарайды. Мінеки, режимнің қазақ халқын сүмірейткен ұстанымының, мемлекет құраушы ұлт пен диаспораны теңдестіріп қойған саясатының «жемісі». Осының салдарынан қазақ-түрік, қазақ-чешен, қазақ-ұйғыр, қазақ-армян, қазақ-тәжік, қақтығыстары туып жатыр. Қандастарымыз осы елдің, осы жердің иесі қазақтар екендігін білектің күшімен дәлелдеуге мәжбүр. Ал маңдайына тырманың сабы қанша тиіп жатса да билік мыңғырына дыңғыр етер емес.

Үшіншіден, режим Қазақстанда демократиялық қоғам емес коррупциялық қоғам орнатты. «Бәрін сатып алуға болады!». Осы ұғым қазақтарға қарағанда әлдеқайда бақуатты тұратын өзге ұлт өкілдерінің санасына әбден сіңген. Олардың бәрінің құқық қорғау органдарында «крышалары» бар. Сатқын жүйе кез келген тұрмыстық дау-дамайда қазақтарды жығып бере салады. Ұлтаралық қақтығыстардың хронологиясына қарасаңыз бәрінде қазақтар «жазықты» болып, темір торға солар қамалады. Қордайда да полиция қызметкерлеріне бағынбай қол жұмсап жатқан видеода дұңғандар біріне бірі «Позови прокурора!» дейді. Сыбайлас болмаса бұлай айта ма? Дұңғандардың этникалық психологиясының өзгеруінің сыры осында!

Қордайдағы топалаң қазақ халқының тек дұңғандарға емес, билікке деген ашу-ызасының бір бөлшегі. Менменсіген этнос өкілдерін орнына қоюы. Қайыршылық пен кемсітушілікке ұшыраған қазақ жұрты өз мемлекеті қорғамаған соң өзінің құқығын өзі осылай жұдырықпен қорғауға мәжбүр. Бұл билік үшін сабақ, ол қалайда халықпен санасуға тиіс. Бұрынғыдай себеппен емес салдармен күресу енді еш нәтиже бермейді. Мәселені түп-төркінінен яғни Ата заңнан бастап түзеткен абзал. Өкінішке қарай әдеттегідей қазақтарға қысым жасалса енді «ұшқыннан жалын лаулауы» әбден ықтимал. Сондықтан кеше қамалған жігіттердің босатылғаны да дұрыс болды деп есептеймін.

Журналист Марат Тоқашбаевтың фейсбук парақшасынан алынды

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір