• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
20 Ақпан, 10:36:44
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

10 Ақпан, 2020 NEWS

«Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы дұрыс бағытты ұстанған ел» – сарапшы

Фото: 24.kz

Өткен аптада «Гэллап» халықаралық қоғамдық пікірлерді талдау орталығының мамандары ТМД елдері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыттарын талқыға салды. Аталмыш орталық мамандарының пікірінше, ТМД елдері бойынша сыбайлас жемқорлықпен күресуде Қазақстан үздік елдердің қатарына қосылып отыр. Халықаралық сарапшылар бұл ретте «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанған «Қазақстан жемқорлыққа қарсы – 2050» стратегиясын жоғары бағалады.

Халықаралық сарапшы Джек Хелни «Қазақстанның жемқорлыққа қарсы ұстанып отырған бағыты ТМД елдері бойынша көш бастап тұр. Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте дұрыс бағытты ұстанған. Ендігі кезекте Қазақстан осы бағыттарды жүзеге асыра алуы тиіс. Қазірдің өзінде елдің жемқорлыққа қарсы күресі көңіл көншітеді» деп отыр.

Ал енді тізбелеп көрелік, Жалпы, біздің ел 2008 жылдан бері БҰҰ-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» конвенциясына енген болатын. Содан бері елде біршама бағыттар қолға алынып, бірқатар жұмыстар істелді. Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды, оның негізіне БҰҰ мен ТМД халықаралық Ассамблеясының қамқорлығымен халықаралық ұйымдар әзірлеген үлгілік актілер алынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптасты, бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды, уәкілетті орган құрылды. Сыбайлас жемқорлық «Қазақстан – 2050» стратегиясы» қабылданды.

Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы жөніндегі комиссия құрылды.

Елде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жаңа бағдарлама – «Электрондық Үкімет» жүйесі енгізілді. Осы жүйе барысында мемлекеттік сатып алу, онда мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету және сәйкесінше, олардың қоғамдық институттардың бақылауында болуын қамтамасыз ету көзделген. Бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, осы жұмыстағы жүйелілік ол мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар жүйесінің негізгі элементтерінің бірі.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері деген бар. Осы орайда Қазақстан бірқатар елдердың тәжірибесіне сүйенеді. Біздегі мамандар да стратегияны аспаннан алмайды ғой. Сондықтан халықаралық сарапшылар айтып отырғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ұстанып отырған бағытымыз дұрыс. Ендігі міндет сол жоспарды сауатты жүзеге асыруымыз керек. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметкерлердің сауаттылығы арттылып, бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Мұны мойындауымыз керек, – дейді сарапшы маман.

Жалпы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының нысанасы екі негізгі мақсатқа бағытталған: бірінші – кішкентай кезінен бастап, ұлттық дәстүрлерді ескере отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру; екінші – мемлекеттік органдар қызметін қоғамдық бақылауды дамыту.

Бұл ретте Тоғжан Шаяхметова:

– Бізде мемлекеттік қызмет институты да айтарлықтай реформаға ұшырады. 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңмен меритократия, кәсібилік, есеп берушілік және бақылауда болушылық, қоғамдық пікірді ескеру және ашықтық секілді негізгі принциптерге негізделген мәнсаптық модельге көшу жүзеге асырылды. Мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде және одан әрі жоғарылату кезінде білімі, еңбек өтілі, сондай-ақ қызметшілердің атқаратын лауазымында лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы үшін қажетті құзыреттіліктердің болуы басты назарға алынады. Мұның өзі бізге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Осы бағытты ұстану арқылы ешқандай парасыз, «бармақ басты көз қысты» әрекетсіз жастар қызметке орналасып жатыр. Демек, болашақта да осы бағытты ұстанып, тереңдетіп жұмыс істесек, жылдар өте бұл нәтиже береді, – деді.

Мамандардың пайымынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесінде прокуратура да сүбелі үлес қосып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жоғары қадағалаудың және басқа да лауазымдық қызметтің барлық қосалқы атқарымдардың тұрақты басымдықтарының бірі.

– 2014 жылы Бас прокуратураның қамқорлығымен Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер әзірленді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін болатын жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар қолдау тапты. Осылайша, бас бостандығынан айыру секілді жазамен қатар, міндетті түрде тәркілеу және еселік айыппұл тағайындалады. Белгілі бір лауазымдар атқару немесе белгілі бір мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру аталған құқықтан өмір бойы айыруға ауыстырылды, шартты түрде соттау шарасын қолдануға, тараптардың бітімге келуіне байланысты жауапкершіліктен босатуға, сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын жасаған тұлғаларға кепіл белгілеуге тыйым салынды, – дейді сарапшылар.

Ең бастысы біздің елімізде қазір мынадай үш түрлі сыбайлас жемқорлық түрлеріне қарсы күрес қызып түр. Мәселен:

Корпоративті сыбайлас жемқорлық – капиталдың елден шығарылуы, салық төлеуден жалтару, кәсіпкерлігін жүргізу үшін шенеуніктерге пара беру, үстемақы алу үшін монополиялық жағдайды пайдалану, келісім, сараптама мен сертификат алу үшін пара беру.

Саяси сыбайлас жемқорлық – ақша алып, мемлекеттік сатып алудың бюджеттік қаржысын заңсыз бөлу, түрлі мемлекеттік қызметтердің орындалуын тездету үшін пара алу, түрлі заңбұзушылықтарды жасыру үшін ақша бопсалау, қаржының депозит не облигация ретінде қаржы ұйымдарына жіберілуі, инвесторларға заңсыз түрде қолайлы жағдай жасау.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық – түрлі әлеуметтік жеңілдіктер мен қызмет үшін тұрғындардан пара алу, заңның бұзылуын жасыру, түрлі рұқсатнамалар алу.

Бұл ретте заңгер Маржан Көрікбаеваның айтуынша, «Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2050 стратегиясының барысында осындай үш түрлі жемқорлыққа барынша тұсау салуды жөн көріп отыр. Бұған қатысты нақты қадамдар, шаралар атқарылып жатыр. Қазір сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмыс: – қызмет орнын, өкілеттігін пайдалану; – билігін не қызмет өкілеттігін пайдалану; – лауазымды тұлғаның өкілеттігін пайдалану; – заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысу; – заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі болу; – пара алу; – пара беру; – бопсалауда арада жүру; – қызмет орнында алдау; – қызмет орнындағы әрекетсіздік; – немқұрайлылық. Осылардың барлығы жазадан тыс қалмайды. Бір ескеретіні, Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандар үшін ескі мерзім болмайды. Сондай-ақ пара алып ұсталғандарды шартты түрде сотталуға тыйым салынған. Олар бас бостандығынан айрылады. Сосын мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынады. Осының өзі үлкен сабақ, үлкен күрес. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанда «Пара алма» деген акция өз жемісін береді», – дейді маман.

Заңгердің айтуынша, жыл сайын мыңдаған адам (шенеуніктер де, азаматтар да) сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ең жоғары деңгейдегі шенеуніктер де, тіпті министрлер мен облыс әкімдері де сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін қамауға алынып, сотталады.

– Тіпті «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңның 363 бабында 10 жылға бас бостандығынан айыру да енгізілді. Лауазымды тұлғаның өкілеттігін иелену 2000 АЕК дейінгі айыппұл салуға дейін жаза қолданады. Егер сіз біреу сізден пара сұраған жағдайда немесе пара алған адам жайлы ақпарат бергіңіз келсе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросына хабарлассасыз. Біле білсеңіз, Қазақстан расымен де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытын жүйелей алғандардың қатарына қосылып отыр. Міне, бізге осыны әрі қарай насихаттау керек. Халыққа дұрыс жеткізу қажет, – дейді заңгер Маржан Көрікбаева.

Қарлығаш Зарықханқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір