15 Ақпан, 2020 NEWS
Қазақстандағы жұмыртқа өндірісі құрдымға кеткелі тұр
Елдегі жұмыртқа өндіретін кәсіпорындардың үштен бірі банкрот болса, 2020 жылдың соңына дейін өнім бағасы 40%-ға қымбаттамақ.
m.azh.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдан бастап отандық құс фабрикаларындағы тауық жұмыртқасы өндірісін субсидиялаудан бас тартпақ. Бұл шешім ешкіммен ақылдаспастан, бизнес өкілдері мен салалық қауымдастықтың келісімінсіз шығарылған.
Бұл ретте Қазақстандағы жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы министрлікпен мүлде келіспейді. Мұндай шешім қазақстандық тұтынушылар үшін жұмыртқа бағасының қымбаттатып қоймай, түптің түбінде саланың құрдымға кетуіне әкеп соғады.
Министрлік өз шешімін саланың елді импортқа тәуелділіктен толық арылтқанын, енді қолдауға зәру еместігімен түсіндірді. Екінші себеп – субсидияны бөлу, оны алу және мақсатты жаратудың ашықтығы ұсынылмайды екен.
Қауымдастық ашықтық мәселесін шешу оңай екенін айтады. Бар болғаны кәсіпорындарға аудит жүргізіледі. Олар ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидия алу талабы үшін міндетті аудит жүргізу ұсынысын айтқан.
Субсидия 2008 жылдан бері жем-шөптің құнын азайту мақсатында төленіп келген. Алынған субсидияның тиімділігін құс фабрикалары 2 негізгі көрсеткішпен көрсетеді:
1) Өндіріс көлемі 2 есе артты (2009 жылғы 2 млрд-тан 2019 жылғы 4 млрд жұмыртқаға дейін)
2) 2009-2019 жж баға 66%-ға өсті, өзіндік құны ол кезде 106% болған.
2017 жылдан 2019 жылға дейінгі өзіндік құн, сатылым бағасы және субсидия мен субсидиясыз тиімділік бойынша деректер
Атауы |
2017 жыл |
2018 жыл |
2019 жыл |
Бір жұмыртқаның толық өзіндік бағасы |
17,22 |
19,43 |
20,08 |
ҚҚС-мен сатылым бағасы, тг |
16,6 |
17,24 |
19,67 |
Кәсіпорынның субсидиясыз тиімділігі, % |
-14% |
-21% |
-15% |
Кәсіпорынның субсидиямен тиімділігі, % |
3% |
-5% |
0% |
Соңғы үш жылда өнімнің өзіндік бағасы 16,6 пайызға өсті, ал сатылым бағасы 14,8 пайызға артқан. Ал жұмыртқа өндірісінің негізгі құрамдасы – жем сол уақыт аралығында 34,1 пайызға қымбаттады.
Импортқа тәуелділікті азайту бағытында құс фабрикалары құрылыс, жаңғырту және өндірісті кеңейту үшін екінші деңгейлі банктерден несие алып келді. Бүгінде кәсіпорындардың өтелмеген қарызы баршылық. Егер субсидия алынып тасталса, барлық кәсіпорындар бірден қаржылық қиындыққа тап болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда жұмыртқа өндіретін 32 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Олардың 11-і шағын өндіріс көлеміне ие (100 млн жұмыртқаға дейін). 16-сы орташа (100-200 млн жұмыртқа) және 5-еуі ірі (200 млн-нан көп). Егер субсидия алынып тасталса, 2020 жылдың өзінде барлық шағын және кейбір орташа құс кәсіпорындары банкрот болып, тіпті жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ал жұмыртқа өндірісінің көлемі екі есеге дейін төмендеп кетеді. (2019 жылғы 4,5 млрд данадан 2020 жылдың соңында 2-3 млрд данаға дейін) 2 мың жұмыс орны қысқарады.
Оған қоса, субсидияның алынып тасталуынан жұмыртқаның өзіндік бағасы бірден 15 пайызға қымбаттайды. 2020 жылдың соңына дейін қауымдастық жоспарына сай өнім бағасы 40 пайызға қымбаттайды. Сонымен қатар, белгілі себептерге байланысты нарықтағы қазақстандық өнім арзанырақ ресейлік және белорусстық өніммен ығыстырылуы ықтимал. Демек, республика қайтадан импортқа тәуелді болып қалады.
Осылайша, ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидияны алып тастау туралы шешімі ҚР жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының пікірінше, үлкен тәуекелге алып келеді. Қазақстандағы жұмыртқа саласы құлдырауы бек мүмкін. Тіпті, жойылуы ғажап емес.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір