18 Ақпан, 2020 Аймақтар

"Менің кім екенімді бәрі біледі": Баталов өз абыройын түсіргісі келетіндерге сәлем айтты

"Бір блогер мен туралы: «Камерадан қорқады», – деп жазыпты. Бір мерекенің өзінде 11 баланың тұсауын кестім. Неге екенін білесіз бе? Қазақ – ырымшыл халық. «Сізге ұқсасын» деп айтады. Ана блогер жазғандай мен камерадан қорықпаймын. Осыған дейін абырой жинадым. Менің кім екенімді бәрі біледі"

Фото: zhasalash.kz

Бұл туралы Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы кезінде айтылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі 7-su.kz сайтының дерегіне сүйене отырып.

Әкімнің бұлай ашулануына өздерін таныстыра келген Alem Social жүйесінің мониторинг нәтижесі себеп болған. Аталған жоба туралы тоқталған Ерлан Мейрамбаевтың айтуынша, Баталов басқарып отырған облыс халықтан түсетін арыз-шағым көрсеткіші бойынша республикада үшінші орында тұр. 

Олар мұндай нәтижеге барлық танымал әлеуметтік желідегі шағым, жағымсыз жазбалар және мемлекеттік мекемелерге жазылған өтініштерге мониторинг жүргізу арқылы қол жеткізген. Бұл ретте, білім, денсаулық, қауіпсіздік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салалар қамтылған.

Дәлірек айтқанда, аймақ бойынша бір айдың ішінде 1 500-ден астам шағым түскені анықталған.

Ең қызығы, әкім қабылдауында Ерлан Мейрамбаев айлық құны 2 миллион теңге тұратын жүйемен келісімшарт жасасып, бірге жұмыс істеуді ұсынды.  

Осы ретте, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев сөз алып:

"Амандық Ғаббасұлы, республика бойынша шынайы ақпарат беретін осындай ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы ұйымға былтыр жүйені дамыту туралы ұсынысымызды айтқан болатынбыз. Бір жағынан ақысы қымбаттау, - деп "бомбаны" басып қалды.

Басып қалғаны емей немене: сайттардың рейтингісі бойынша жыл сайын "дәстүрлі" түрде "халықшыл әкім" атанып келе жатқан, халықтан түскен арыз-шағымды қалт жібермей отырмын дейтін Баталовтың еңбегін өз қызметкерінің "шынайы ақпарат беретін" деген жалғыз сөзі жығып беріп тұрмай ма?! 

Яғни, бұлай болғанда аталған жүйенің "облыс халықтан түсетін арыз-шағым көрсеткіші бойынша республикада үшінші орында тұр" деген қорытындысы расқа айналды деген сөз. 

Ал Амандық Баталов үшін мұндай нәтижелер өзі айтқандай "жалған ақпараттың" кезекті бірісі болып тұр. Оқып көріңіз:

- Мәселе онда емес. Нақты жағдай көрініс тапса, 10 миллион теңге болса да қабылдар едім. Олар біздің не істеп жатқанымызды біле ме? Жақсы, мыңдаған адамды жинайық, мен де шығайын. Жағымсыз жазба жариялаған блогерлер де келсін. Халықтың бағасы қандай екенін өз көздерімен көрсін. Барлық ауданға өзім барамын. Халықпен кездесемін. Қай жерде қандай мәселе бар екенін жақсы білемін. Керек десеңіз, жасалған жұмысты сапалық та, сандық тұрғыда да дәлелдеп беремін. Сіздердікі жалған ақпарат. Бұл дұрыс емес, – деп кейбір блогерлердің жазбаларына сын айтты. – Бір блогер мен туралы: «Камерадан қорқады», – деп жазыпты. Бір мерекенің өзінде 11 баланың тұсауын кестім. Неге екенін білесіз бе? Қазақ – ырымшыл халық. «Сізге ұқсасын» деп айтады. Ана блогер жазғандай мен камерадан қорықпаймын. Осыған дейін абырой жинадым. Менің кім екенімді бәрі біледі. Құрылысшы, спортшы екенім барлығына аян. Менің абыройымды ешқандай блогер түсіре алмайды. Өзімнің қандай екенімді, қалай жұмыс істейтінімді білемін. Түсіндіңдер ме? Осыны басқаларға да айтып бар. Менен үлкен сәлем деңдер", – деді.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір