20 Ақпан, 2020 NEWS
tengrinews.kz
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Зайсанда Сарытерек ауылының тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Базарова.
Сарытерек ауылының тұрғындары кеше, 19 ақпанда сағат 15:00-де ауылдың амбулаторияның алдына наразылыққа шыққан. Жиналған халық жергілікті биліктен коронавирусқа тексеретін орынды ауылдың амбулаториясында ұйымдастырмау және облысқа жұмыс істеуге келген Қытай азаматтарын елден шығару талаптарын қойған.
Баспасөз хатшысының айтуынша, бүгін таңғы уақытта Зайсанға жеткен облыс әкімі наразылыққа шыққандармен күні бойы 3-4 рет кездескен. Кездесулердің қорытындысы бойынша облыс әкімі мәлімдеме жасады.
– Айтылған мәселені аз уақыт ішінде қарауымыз керек. Міне, барлық халық таратылды. Бірде-бір мәселе жоқ. Бірақ қиын әңгіме болды. Келісім алдық. Осы жағдай бойынша құрылған комиссияны өзім басқарамын. Құрылған комиссияның 15 мүшесі бар. Қай жақта обсервация ұйымдастырамыз, келген кісілерді қай ауруханаларға жатқызамыз, содан кейін қытайлықтармен қалай жұмыс істейміз – осының бәрін комиссия қарауы керек. Халыққа сол шешімді хабарлаймыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір