23 Ақпан, 2020 Саясат

Үш тәулікке қамалған Жанболат Мамай екі тәуліктен кейін босап шықты

Facebook.com

21 ақпан күні кешке "митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамалған Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай екі тәуліктен кейін босап шықты. Бұл туралы Мамайдың өзі Facebook парақшасында хабарлады. 

Мамайдың жазуынша, Қарасай ауданының прокуроры оның кішкентай балалары бар екенін ескеріп, Алматы облысының сотынан жазасын үш тәуліктен екі тәулікке азайтуды сұраған.  

"Бүгін кешке күтпеген жерден және менің жақындарыма хабарламасатан тағы бір сот отырысы болды. Мені сотқа жеткізді және сот отырысы видео байланыс арқылы өтті. Алматы облыстық соты жазамды екі күнге өзгертті. Мені қазір ғана Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы үйіме әкеліп тастады. Мүмкін ертең болатын қолдаудан қорыққан шығар" деп жазды Мамай. 

Үш күн бұрын, 20 ақпанда Жанболат Мамай азаматтарды 22 ақпан күні сағат 11.00-де "Астана" алаңына митингіге келуге шақырған. Соның ертесінде, 21 ақпан күні кешке қарай Мамайды Қаскелең қаласында полиция ұстап, Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне жеткізді. Оның ұсталғанына наразы болған жақтастары 21 ақпан кешкі 23.00-ден бастап Қарасай аудандық ішкі істер бөлімнің алдында аштық жариялап, биліктен оны бостуды талап етті. Ал 22 ақпан күні таңғы бесте Мамайдың "митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамалғаны белгілі болды. 

31 жастағы Жанболат Мамай Қазақстанда оппозиялық белсенді, тәуелсіз журналист ретінде танымал. Ол 2017 жылы "Мұхтар Әблязовтың қаржысын газет арқылы заңдастырмақ болды" деген айыппен үш жыл мерзімге шартты жазаға кесіліп, сот оның үш жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салған еді. Мамай қазір пробациялық бақылауда. 

Өткен жылдың қазан айында Мамай бастаған бір топ белсенді билікке оппозияция ретінде "Демократиялық партия" құратындарын мәлімдеген. 2019 жылы 26 желтоқсанда Әділет министрлігі бастамашыл топты тіркеген. Кейін Мамай 22 ақпанда Алматыда "Демпартияның" құрылтайын өткізетінін хабарлаған.​

Ал осы жылы 19 ақпанда "Демпартияның" бастамашыл тобы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, партия жақтастарына қысым жасалып жатқандықтан  22 ақпанға жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына "митингіге шығатындарын" мәлімдеген болатын. 


 

 

Ілмек сөздер: Жанболат Мамай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір