• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:39:44
Алматы
+35°

Республикалық "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай қызметінен кетті. Бұл туралы Иманбайдың өзі Facebook парақшасында хабарлады. 

Иманбайдың жазуынша, газет басшылығынан кетуіне оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың әйелі болғаны себеп. 

– Өздеріңізге белгілі, осыдан бір жарым ай бұрын мен "Жас Алаш" газетінің бас редакторы болып тағайындалдым. Біз бірден редакциялық саясатты өзгертіп, Назарбаев пен оның отбасы туралы өткір материалдарды басып шығара бастадық. Осыған және Жанболат Мамайдың жұбайы екендігіме байланысты билік тарапынан  газет құрылтайшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына қысым жасала бастады.  Бейсенбі күні мен Алтынбек ағаның жұбайы Салтанат Атушевамен және немере інісі Нұрлан Сәрсенбаймен сөйлестім. Олар маған Сәрсенбаевтар отбасының жақын туысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, егер мені бас редактор қызметінен кетірмесе, оның қамалатынын айтты.  Атушеваның алдында екі таңдау тұрды: мені жұмыстан босату немесе туысының тұтқындалғанын күту. Бейсенбі күні оларға бір ведомствоның генералдары келіп, мені сол күні жұмыстан босатпаған жағдайда туысын тұтқындайтынын айтып қорқытты. Әрине, Салтанат Атушева туысының еркіндігін таңдады. Генералдар оларға Инга Иманбай Мамайдың жұбайы болғандықтан, газеттің редакторы болмауы керек деген талап қойған. Жанболат газетке қатысы жоқ деген барлық дәлелдер қабылданбады. Талап: мені жұмыстан шығару. Және міндетті түрде 22 ақпан алдында, – деп жазды ол. 

Инга Иманбай өзін редакторлық қызметтен босатқан газет құрылтайшыларына өкпесі жоқ екенін жеткізді.

– Салтанат Атушеваға ешқандай айып таға алмаймын. Ол мені газетте басшылық қызметте қалдырудың барлық амалдарын жасады. Бірақ билік оған күшті қысым көрсетті және оны осылай жасауға мәжбүр етті. Енді "Жас Алаш" биліктің бақылауына толығымен көшетінін айта кету керек, – деді Иманбай.

Инга Иманбай – оппозиядағы белсенді, "Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың жары. Ол бір ай бұрын ғана "Жас Алаш" газетіне бас редактор болып тағайындалған еді. 

Бүгін "Жас Алаш" газетіне жаңа бас редактор ретінде Қайрат Матрековтың тағайындалғаны белгілі болды. Метреков бұған дейін бірқатар мекемелердің баспасөз қызметінде, "ҚазТАГ" ақпарат агенттігінде, 365info.kz сайттында жұмыс істеген.

1921 жылдың наурыз айынан шыға бастаған "Жас Алаш" газеті - қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселерді қозғайтын аптасына екі рет шығатын республикалық басылым. Газет Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі саналады. Кейбір ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда, қазір газет толығымен 2006 жылы қастандықпен өлтірілген саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына тиесілі.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір