• USD 405.69
  • EUR 455.51
  • RUB 5.72
  • CNY 57.42

25 Ақпан, 2020 Оқиғалар

Ағаділ өлімі белсенділерді бейжай қалдырмады (видео)

ашық дереккөз

Билікке қарсы наразылық жиындары мен митингілерде белсенділігімен көзге түсіп, әлеуметтік желіде Қазақстан билігін жиі сынайтын қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмғаны оның жақтастарын бейжай қалдырмады. Бүгін түске қарай Ағаділдің қаза болғанын естіген белсенділер Қазақстанның бірнеше қаласында қарсылық жиынын өткізді. Олар Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деген ресми ақпаратқа сенбейтіндерін айтып, оның өліміне билік пен құзырлы органдарды кінәлады.  

Дулат Ағаділдің қазасын ести сала жиналған елордалық белсенділер алдымен ол қайтыс болған изоляторға барды. Ол жақтан Ағаділдің өліміне қатысты ақпарат ала алмаған бір топ адам Қазақстан ішкі істер министрлігі ғимаратының алдына барып, министр Ерлан Тұрғымбаевтың шығуын талап етті. Бастапқыда министрлік өкілдері жиналған белсенділерге Ағаділдің өліміне қатысты ешқандай мағұлмат берген жоқ. Соған наразы болған белсенділер жолды жауып тастады. Бірақ бірнеше минуттан кейін арнайы жасақ келіп жолды жапқандардың барлығын алып кетті. 

Ал кеше қарай елордалық белсенділер тағы да министрлік ғимаратының алдына барып қарсылық акциясын өткізді. Қолдарына марқұм болған белсендінің суретін ұстап шыққан олар Ағаділдің өліміне билікті кінәлап, "Билік – қанішер!" деп ұрандатты. 

Нұр-Сұлтандағы қарсылық акциясына ұқсас Ағаділдің өліміне байланысты қарсылық жиыны Алматыда да өтті. Алматылық белсенділер де Ағаділдің өліміне билікті кінәлап, кеш батқанша жалғасқан қарсылық акциясы кезінде марқұм белсендінің суретін ұстап жүрді.

апр

Ағаділдің өліміне байланысты қарсылық жиынын өткізген алматылық белсенділер. Сурет Qazaqtimes.com сайтынан алынды.

Алматылық белсенділер президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала прокуроры Бауыржан Жүрекбаев пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына арыз жазды. Олар арызда Ағаділ өліміне қатысты "тергеудің әділ жүргізілуін", пікіріне бола "белсенділерді заңсыз қудалауды доғаруды", "саяси тұтқындар мен биылғы митингілерде қамалғандарды дереу босатуды" талап етті. Талап арыз жазушылар жауап органдардың  БАҚ арқылы ресми түрде жауап беруін сұрайды. 

Дулат Ағаділдің қайтыс болғаны туралы ақпарат түскі сағат 12 кезінде тарады. Ішкі істер министрлігінің алдын ала мәліметі бойынша, Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болған. Ресми сараптама ертең дайын болады. 

Дулат Ағаділ әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген. Ол өткен жылы бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған. 

43 жастағы белсенді қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып кеткен еді. Кейін ол әрекетінің себебін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол "сот қаулысын орындамағаны үшін" тағы 6 тәулікке сотталған еді. Ағаділдің артында әйелі мен алты баласы қалды. 

Ілмек сөздер: Дулат Ағаділ

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір