• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:52:47
Алматы
+35°

Жер қойнауындағы мұнай-газ қоры түгесілген кезде, атом реакторларының дәуірлеу кезеңі басталады, демек адамзат сол кезде ғана атом энергетикасына мойынсұнып, қызметіне тәуелді болады. Жер бетіндегі жанжал, соғыс өрті мұнай төңірегінде өрбиді. АҚШ үкіметінде қазір тұтастай атом энергетикасына көшу туралы жасырын пікірталас жүріп жатыр. «Олар не дейді?» дейсіз ғой. Адамзат атом энергетикасына көшсе, жанар-жағармай орнына сутегіне көшсе, саясаттың түйіндері тарқатылар еді. Академик Қайрат Қажыржановпен сұхбатымыз оқы тақырыпта жалғасты.

– Азия құрлығының екі бүйірінде жатқан жапон мен қазақ халқының ХХ ғасырда бастан кешкен бақытсыздықтары бір-біріне ұқсастығымен ерекшеленеді.  Атом бомбасы мен ядролық қарудың ащы зардабы екі халықты бір-бірімен жақындастырып тұр. Ұлттық қасіреттеріне бей-жай қарай алмайтын жапон үкіметінің өз ұлтына бағытталған көмегінің қайыры қазаққа жетіп жатыр. Біз, осы Семей полигонына байланысты жәрдемақы, өтемақы мәселелерінде жапон үкіметінің жапон ұлтына бағытталған көмегінің біздің елге жетіп жатқан жаңғырығымен ғана шектеліп отырған жоқпыз ба деушілер бар? Мұндай пікірдегілер атом қасіретін екі түрлі бағалаудан шыққан тәрізді.

 – Келісемін. Көзқарас екі түрлі. Бірақ материалдық-қаржылық тұрғыда ғана. Бірақ мына бір жайтты естен шығармауыңызды қалар едім. 1945 жылы Хиросима мен Нагасакидың тұрғындары атом бомбасының астында қалды. Атом қаруынан тарайтын зиянды сәуленің дозасын (жарылыс кезінде жан-жаққа тарайтын өзге де сәулелердің әсерін де) әлдеқайда жоғары мөлшерде қабылдады.

Рас, Қазақстандағы жағдайды жақсы деп айта алмаймыз. Полигон аймағында орналасқан тұрғындар жарты ғасыр бойы радиацияның дозасын қабылдауға мәжбүр болды. Бірақ мұны Хиросима немесе Нагасакидегі радиация мөлшерімен салыстыруға болмайды.

Әрине, ғалымдар, ұлт зиялылары арасында бұл тұрғыда бір-біріне кереғар пікірлер баршылық. Бірінші кезекте, екі елдің экономикалық жағдайындағы, сонан соң ядролық жарылыстардан зардап шеккен адамдардың саны жөніндегі айырмашылықтарды ұмытпайық. Мысалы, Жапонияда жарылыс салдарынан зиян шеккен адамдардың саны 300 000 болса, қазақ еліндегі бұл көрсеткіш 1,2 миллионға жетеқабыл.

Полигон қасіретінен зардап шеккен азаматтарымызға деген ел үкіметінің көзқарасы, көмегі жапон үкіметінің жапон ұлтына бағытталған көмегінің біздің елге жетіп жатқан жаңғырығымен ғана шектеліп жатқан жоқ. Семей полигоны аймағында тұратын азаматтар мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктерге ие. Бірақ оларға беріліп жатқан жәрдемақының мөлшерін жапондықтар алып жатқан көмек мөлшерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Сондықтан Ұлттық ядролық орталық мамандары полигон аумағының қазіргі жағдайын қайта зерттеуді қолға алды.

– Шығыс Қазақстан облысы аймағында орналасқан Семей полигонының зардабы қайта анықталмақ. Егер, ол қаулы күйінде бекітілсе, Семей полигонының экологиялық-құқықтық мәртебесіне өзгерістер ене ме, әлде ол экологиялық жағынан аса қауіпті деп танылған өзге аймақтармен теңестіріле ме?

– Естеріңізде болса, қазақ үкіметінің 1992 жылы 18 желтоқсандағы «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» қаулысында ерекше қауіпті аймақтар қатарына енгізілген аудандар бүгінгі жағдайына емес, сол сынақ кезінде қандай деңгейде радиация алғанына һәм тұрғылықты ауданының қауіпті аймаққа қаншалықты жақындығына қарап айқындалған. Яғни, сол арқылы ең жоғары сейсмикалық ықпал ету белдеуі деген ұсыныс талқылауға ұсынылды. Үкіметтің шешімімен жұртшылыққа түсуі мүмкін ауыртпалық кешеніне баға берілді, бұл біздің көзқарасымыз бойынша өте дұрыс.

– Атом электр стансасы жайлы идеяның біздің елді кезіп жүргеніне талай уақыт болды. Станцияның құрылысы, салынуы тиіс реактор түрі, тіпті әріптес мәселесі жөнінде үкімет түйінді шешімге келе алмай жатқан тәрізді.

– Чернобыль апатынан соң адамзат АЭС-тің мүмкіндігіне күдікпен қарай бастады. Радиофобия атом технологиясының дамуына тежеу салды. Адамзат атом электр станциясы елі экономикасын біршама алға ілгерілететінін, бірқатар саладағы тәуелділіктен құтқаратынын әлі түсіне қойған жоқ. Ерте ме, кеш пе, атом технологиясының көмегін ауыл шаруашылығы да, медицина да қажетсінеді. Адам ішінде зиянды зат – сынап болса да «градусникті» қажетіне жаратып отыр ғой. АЭС жайлы да осыны айтуға болады. Қазақстан үшін тағы бір қолайлы фактор, бізде уранды шикізат күйінен отындық таблетка деңгейіне жеткізе алатын арнайы өндіріс орны – Үлбі металлургия зауытының болуы. Отындық таблеткалардың сапасы көп жағдайда отынның реактордағы жұмыс қабілетін анықтайды. Сондықтан оның сапасына жан-жақты қатал талап қойылады. Демек, өндірістік жағдайда тапсырыс берушінің талаптарын толық қанағаттандыратын таблеткалар алу оңай жұмыс емес. Себебі, олардың сапасы көптеген факторларға, бірінші кезекте уран диоксиді ұнтағының сапасына байланысты. Сонымен қатар, зауыттарда қолданылатын технологиялар отын таблеткаларының тығыздығы, түйірлерінің көлемі, кеуектілігі, серпінділігі, жанып кететін және легирленетін қоспаларының мөлшері секілді өлшемдерге сәйкестікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл барлық аталған операциялар тек қана жұмысы мен тәжірибесі жақсы жолға қойылған «Үлбі металлургия зауыты» АҚ уран өндірісінде қолданылатын жабдықтарда орындалуы мүмкін. Себебі, мұнда 30 жылдан астам уақыт бойы атом стансаларына арналған отын компоненттері, атап айтқанда, уран тотығының ұнтақтары мен отын таблеткалары жасалып шығарылды.

Бізге атомдық энергетиканы дамытуды қолға алатын кез жетті.

 – KazSat, Саян –Шушенскідегі ГЭС, Комсомолскідегі су асты қайығы, Курстегі сәтсіздіктерді еске түсіріңізші. Тіпті Чернобылдағы апатты жоюға бүкіл Кеңес одағынан 2 млн адам жұмылдырылды. «Жаман айтпай жақсы жоқ». АЭС сондай сәтсіздікке ұшыраса, қазақ генеофонына қауіп төнбей ме?

– Бізге ондай қауіп төнбейді! Чернобыльдегі апаттың орын алғанына ширек ғасыр өтті. Әлемнің ғылыми-техникалық қауымдастығы атом апатына жол бермеудің ғылыми-техникалық тетіктерін ойлап тапты.

– Чернобыльдегі апатқа ядролық отын мен графит қосындыларының ұшқындары себеп болғаны ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бізде қолдануды жоспарлап отырған раекторлардың (легководяной) Чернобыль АЭС қолданыста болған реакторлардан айырмашылығы бар ма?

– Бізде қолдануды жоспарлап отырған реакторлардың құрылымында Чернобыльдегі апатқа себеп болған графит жоқ. Ол жеңіл сулы бумен (легководяной) алмастырылған.

– Бізде қолданады деп отырған атом реакторлары туралы толығырақ мәлімет бере кетіңізші. Ол әлемдік тәжірибеде қолданыста болды ма?

– Реакторлар отқа төзімді болат қондырғылармен жабдықталған. Оның механизмдері кез келген зиянды қалдықтардың сыртқа таралып кетуіне жол бермейді. Сондай-ақ табиғи немесе техногенді апат кезінде реакторлар жұмысын автоматты жағдайда тоқтатады.

Мұндай реакторларды атом энергетикасы саласындағы «ноу-хоу» деуге болмас. Ғаламшардың оны қолдана бастағанына жарты ғасырдан асып кетті. Ғалымдар әзірге орнын алмастыра алатын балама таба алған жоқ. Сондықтан «легководяной реакторлардың» әлеуеті жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді. Қазір әлемдегі энергоблоктардың 80 пайызы легководяной реакторлармен жабдықталған.

– Енді әңгімемізді ядролық отын циклінің өркендеуі – әлемдік атом энергетикасының даму қарқынына байланысты өрбітсек пе деймін. Болжам бойынша әлемдік атом энергетикасының өркендеуіне қазір оңтайлы кезең туып отыр. Саланың жетекші сарапшылары атомдық энергетика «ядролық ренессанс дәуіріне аяқ басты» дегенді айтып үлгірді. Сіз бұл пікірге қосыласыз ба?

– Біріншіден, Жер тұрғындарының санының өсуіне және әлемдік экономиканың дамуына байланысты энергияға деген сұраныс арта түсуде. Энергия көзіне деген әлемдік сұраныстың қазіргі өсу қарқыны сақталған жағдайда 2030 жылға дейінгі кезеңде электр энергиясына деген сұраныс 50 пайыздан да артады деген болжам жасалуда.

Сондықтан, қазірдің өзінде көптеген ғалымдар мен мамандар адамзатты алдағы уақытта болуы мүмкін энергетикалық дағдарыстан, сөздің тура мағынасында алғанда, энергетикалық қуат көзіне деген аштықтан құтқарудың жолын қарастыруда. Өйткені, отынның органикалық түрінің экономикалық та, экологиялық та тұрғыдан аса тиімді еместігі жылдар өткен сайын айқындала түсуде. Мысалы, 2005 жылы мұнайдың әлемдік бағасы 40 пайызға өсті. Сонымен қатар, органикалық отынды жағудан пайда болатын түрлі газдар қоршаған ортаға үлкен әсер етіп, ғаламдық деңгейде парниктік әсерге және атмосферада оттегінің азаюына әкелетіндігі белгілі болды.

Осы жағдайларда ядролық энергетика отынның органикалық түрінен алынатын энергия көзіне шын мәнінде балама бола алады, деп есептейді ядролық энергетиканы жақтаушылар. Мұның басты себебі – атом энергиясын өндірудің арзандығы. Әралуан қуат көздерінен алынған энергияның бағаларына жасалған талдау атом стансасында өндірілген энергияның өзіндік құны көмір немесе газ стансаларында өндірілген энергиядан төмен екендігін көрсетеді. Атом энергиясы, сондай-ақ экологиялық таза энергия көзі болып табылады.

– Демек, «алдағы таңдау атом энергиясына түскен кезде геосаяси аспектідегі ең маңызды фактор болып табылады. Егер мұнайдың жер жүзіндегі негізгі қорлары, сол сияқты едәуір газ қорлары саяси тұрақсыз елдерде болса, уран қорының басым бөлігі саяси тұрғыдан салыстырмалы түрде сенімді елдерде шоғырланған» деуге болады ғой.

– Атом энергетикасының дамуына әсерін тигізетін тағы бір өте маңызды фактор – ядролық реакторлардың қауіпсіздігі. АЭС-тарды пайдалану тәжірибесіндегі осыған дейінгі барлық келеңсіз жәйттерді есепке алған мамандар бүгінгі таңда АЭС қауіпсіздігі атом энергетикасын өркендетудің басты шарты болып табылатындығын атап көрсете келе, қазіргі замандық ядролық блоктардың қауіпсіздігі жоғары екендігін айтып жатыр. Олардың айтуынша, жаңадан жасалынған реакторлар «пассивтік» қауіпсіздіктің озық жүйелерімен жарақталғандықтан апатты жағдай орын алды дегеннің өзінде операторға ешқандай шара қолданудың қажеті жоқ. Реакторлардың қауіпсіз өшіру жүйесі автоматты түрде іске қосылатындай етіліп жобаланғандықтан, барлық қауіпсіздік шаралары өздігінен әрекет етеді, яғни реактор жұмысы бірден тоқтайды.

Жоғарыда келтірілген фактілер соңғы кездері көптеген елдердің атом энергетикасын дамытуға құлшыныс білдіруіне ықпалын тигізуде. Сала мамандарының болжамы бойынша, алдағы 30-40 жылдың ішінде әлемде жаңа АЭС-тер өндіретін 600 ГВт қуат көздері пайда болады. Жаңа АЭС салу туралы жоспар құрған елдердің қатарында Қытай, Үндістан, АҚШ және Ресей бар. Мысалы, соңғы 20 жылда бірде-бір ядролық блок салмаған Америка Құрама Штаттары 2050 жылға дейін жаңа 300 ядролық блок салу жоспарын жария етті. Ресей өзінің энергетика жүйесінде атом энергиясының үлесін 16-дан 25 пайызға дейін өсірмекші.

Алайда, атом энергетикасын табысты дамыту үшін атом стансаларын жұмысқа жарамды қауіпсіз ядролық отынмен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі заманғы ядролық отынның шикізаты – уран. Сондықтан ЯОЦ алғашқы кезеңі, яғни табиғи уранды өндіру мәселесі бұрынғысынша өте маңызды. Бұл фактор Қазақстанның атом энергетикасын дамытуда шешуші рөл ойнайды.

Уранның әлемдік қоры атом энергетикасының жұмысын көптеген жылдар бойы қамтамасыз етуге жеткілікті. Уранның әлемдік қорының 80 пайызға жуығы тоғыз елдің үлесінде. Олар – Австралия, Қазақстан, Канада, ОАР, Намибия, Нигерия, Ресей, Бразилия, АҚШ. Уран өндіруде әзірге Канада алда келеді, екінші орында – Австралия, ал үшінші орында Қазақстан тұр. Уран шикізатын өндіру әртүрлі тәсілдермен, әдеттегідей карьерлік және шахталық тәсілдермен, сол сияқты озық жерасты ұңғымалық еріту тәсілімен жүргізілуі мүмкін. Қазақстандағы уран кендерін өндіру үшін өте қолайлы орналасуы және оларды алуда қазіргі замандық ең озық тәсіл – тұйық циклге негізделген жерасты скважиналық еріту тәсілінің қолданылуы (мұны тіпті қалдықсыз тех­нология қатарына жатқызуға болады) болашақта Қазақстанды өндіріс көлемі жөнінен бірінші орынға шығарады деп болжам жасауға нақты мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Рауан ІЛИЯСОВ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір