• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:47:02
Алматы
+35°

02 Наурыз, 2020 Саясат

"Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек": Тоқаевтың Қордайға тастаған "жіңішке" саясаты

Екі топтың арасындағы айқайдан екі ұлттың қантөгісіне ұласқан Қордай оқиғасының қоламтасы әлі суыған жоқ. Суығаны тұрыпты, ол енді саяси ойындар сахналанатын "адреске" айналды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сортөбе ауылындағы мәдениет үйінде дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесу өткізуі дәлел-ақ.

Фото: akorda.kz

Иә, президент сол кездесуде тұп-тура дүңгендерге: "Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек" деп ескертті. Мұны ол Қордай оқиғасы бұрын-соңды болмаған жағдай екенін, тіпті бұнда биліктің де қателігі бар екенін атай отырып мәлімдеді. 

Ол – ол ма, Тоқаев осы кездесуінде дүнген диаспорасының өкілдеріне жастардың тәрбиесіне баса мән беруі керектігін де баса айтты. 

"Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды", – деді Тоқаев.

Сөйтіп, соққыдан сүйретіліп жүріп митингіге шығатын "жаралы" қазақ ұлтшылдарының сәл де болса қабағын жазғысы келгендей. Өйтпесе, Тоқаевтың "той" тарқағанда топтанып Сартөбеге баруы, осыған дейін БАҚ беті "жанып" тұрғанда айтпаған пікірді ауылдағы аз халыққа ғана айту үшін баруы мүмкін дейсіз бе?.. 

Ең қызығы сол, Кемелұлы үкімет отырыстарының біріндегі Б. Сапарбаевтың тұрғындарды басқа жаққа көшіріу туралы: "Менің ойымша, бұл сұрақты көтеру ерте. Бұған дейін қалай тұрып келсе, солай тұру керек. Ең бастысы келісім мен өзара түсіністік болуы тиіс" деген сөзін де сәл "кәсібилендірді". 

Дәлірек айтқанда, Бердібек айтқан "бұған дейін қалай тұрып келсе, солай тұру" деген немкеттілеу пікірді Мемлекет басшысының төмендегі емеуріні ептеп түзеді деуге негіз бар. Оны да оқып көріңіз: 

"Қазақстан – байтақ әрі бай мемлекет. Еліміздің солтүстігінде құнарлы жерлер бар. Біз неге бір жерде ғана тұрақтауымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, шығысқа қарай жіберіңіздер. Солтүстік, батыс, оңтүстік, шығыста сіздердің балаларыңызға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Мүмкіндік" демекші, Қазақстан Президенті Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы Арнайы жедел әрекет ету жасағының мүмкіндігін де тексеріп қайтты осы сапарында. Тіпті, Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерімен де әңгімелескен. Бұл да Қордай қаупіндегі "сезімтал" тұс.

Бір сөзбен айтқанда, Алматы митингіден "көз ашпай" тұрған кілтең тұста Тоқаев Қордайдағы "қоламтаның" ыстығын өзі барып қопсытып-қопсытып тексерді. Сөйтті де дипломат "жіңішке" саясаттың "жібін" қалдырды сонда.

Себебі, Президенттің Қордайға сапары митинглерді "көмескілендіру" немесе "қара қазанның буын шығару" дегенімізбен, жоғарыдағы мысалдар-ақ қазақ-дүңген қатынасының да үнемі "жөрмеп" отырылуы тиіс жұбына жеткен мәселе екенін айғақтаса керек. 

Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір