03 Наурыз, 2020 Саясат
фотоколлаж
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы туралы әлеуметтік желіде әртүрлі пікір айтылуда. Бұл шешімді Тоқаевтың ақылды саяси қадамына балап жатқандар да, қоғамдағы наразы көңіл-күйді сейілту үшін жасалды деушілер де бар. Жәкішевтің босатылуы мен президенттің соңғы күндері қызу талқыланып жатқан мәлімдемелері туралы Қамшы тілшісі сарапшылар пікірін сұраған болатын.
Журналист, Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың 1991-1993 жылдардағы баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев Жәкішевтің босатылуын бірнеше фактормен түсіндірді.
– Түрмеде отырған жылдар Жәкішевтің уақытын ғана емес, денсаулығын да алып қойды. Ол – бүгінде 3-топтағы мүгедек. Егер алда-жалда оған түрмеде бірдеңе болса, билік бүкіл әлем алдында масқара болады. Оның үстіне Жәкішевке қоғамның қолдауы да өте жоғары болып тұр. Осы факторларды ескеріп, Мұхтарды босатты. Ал президенттің жуырдағы сұхбатта Мұхтар Жәкішев сотында әділ шешім шығатынына сенім білдіруі – қоғамға берілген белгі іспеттес еді, – дейді ол.
Матаев "президенттің 8 наурызға жоспарланған мерекелік шараларды тоқтатуы мен 5 наурызда өтетін "NurOtan" партиясы саяси кеңесінің отырысы арасында логика жоқ" деген пікірде.
– Егер әйелдер мерекесінде өтетін жиындарды тоқтататын болса, саяси кеңес отырысын да тоқтату керек. Бірақ бұл біздің жағдайымызда басқа мәселелерден хабар береді. NurOtan партиясы саяси кеңесі өтетін отырыс күнін партия төрағасы Назарбаев белгілеп отыр. Тоқаев ол жиында қатысушы ғана болады. Егер Тоқаевта шынайы билік болса, онда бесі күнгі отырысты да кейінге шегерер еді деп ойлаймын, – деді ол.
Журналисттің сөзінше, президенттің "Дулат Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды деп сенімді түрде айта аламын" деуі қаралы қаза туралы қоғамдағы әңгімені тоқтату үшін айтылған.
Ал саясаттанушы Ерлан Саиров "Жәкішевтің босатылуы – саяси көктем! Еліміздегі саяси процестердің эволюциялық түрде дамып келе жатқанының айқын көрінісі" деген пікірде.
Ол коронавирус қаупіне байланысты мерекелік шараларға тыйым салуды дұрыс деп есептейтінін айтты.
– Коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай жариялау керек те, ірі шаралардың барлығынан бас тарту керек. Президенттің 8 наурыз мерекесіне жоспарланған шараларды тоқтатуы әбден құптарлық. "Онда неге NurOtan партиясы саяси кеңесі отырысынан да бас тартпайды" деген пікірлерді байқадым. Ол енді ірі шара емес қой. Оған 15 шақты адам ғана қатысады. Ал мерекелік шаралар жүздеген адамның қатысуымен өтетіндіктен, бұл шешім оң болды деп есептеймін, – деді саясаттанушы.
Ерлан Саиров Дулат Ағаділ қазасы туралы президенттің айтқандарына қатысты пікір білдіре алмайтынын, тергеу аяқталған соң ғана түсінік беретінін мәлімдеді.
Оппозициялық саясаткер, тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи президенттің таяудағы сұхбатта Жәкішев ісін тілге тиек еткені кездейсоқ емес деп санайды.
– Президенттің "Жәкішев сотында әділ шешім шығатынына сенімдімін" деген сөздері мен бүгін Жәкішевтің босатылуы қоғамда "президент айтып еді, енді міне босатты" деген пікір қалыптасыру үшін жасалған деп ойлаймын. Яғни Жәкішевті Тоқаевтың сайлаудан кейін түскен беделін көтеру үшін босатып отыр, – деді ол.
Саясаткер президенттің Дулат Ағаділ қазасы жайлы айтқаны "қате болды" деген пікірде.
– Дулат Ағаділ қандай жағдайда дүниеден өткеніне қарамастан, тергеу аяқталмай жатып, сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпай жатып президенттің "Дулат Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" деп алдын ала мәлімдеме жасауға қақысы жоқ. Оның бұлай деуі тергеу – барысына ашық түрде нұсқау бергені. Ертең тергеу қорытынды шығарғанда президент сөзін қалай жоққа шығарады?! Олар енді Тоқаевтың айтқан сөзін заңдастырып береді. Мұны Тоқаев өзі айтты ма, әлде "бас кітапханашы" айттырып тұр ма, қалай болғанда да дипломат, адамгершілік қарым-қатынастың мәдениетін жақсы білетін адам ретінде ол үлкен қателік жасады. Ол бұл сөздерді "кітапхананың" қысымымен айтты деп ойлаймын, – дейді Бапи.
Журналистің айтуынша, әйелдер мерекесі қарсаңында түрлі іс-шаралардың тоқтатылуы коронавирус жағдайын жасырумен байланысты.
– Қазақстандағы инвестициялық климатты сақтау үшін билік елдегі коронавирус мәселесін жасырып отырғанға ұқсайды. 8 наурызға жоспарланған іс-шаралардың тоқтатылуының себебі сол ма деймін. Былтыр желтоқсан айында өтеді деп мәлімделген "NurOtan" партиясының съезі қылдырықтанып барып, саяси кеңес отырысына айналғанын көріп отырмыз. Бұл – биыл өтуі мүмкін делінген мерзімінен бұрынғы парламент сайлауының болмайтыны туралы жорамалға жол ашады. Елдегі саяси мәселе ушығып тұрғанда отқа май құйғандай парламент сайлауын өткізу билікке қатер тудырады. Өйткені сайлау науқаны – саяси тартыс алаңы. Ал ол алаңды аумалы-төкпелі кезде биліктің өзі жасап беруі – өзіне көр қазумен тең. Сондықтан 5 наурыздағы отырыста сайлау мәселесі қозғалмауы мүмкін, – дейді Ермұрат Бапи.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір