04 Наурыз, 2020 NEWS

Назарбаева жеңіл өнеркәсіп секторында Қазақстанның Оңтүстіктегі көршілерден қалып қойғанын айтты

"Жеңіл өнеркәсіп - пайдалы қазба қорлары азайып, мұнай бағасы құлдырап, дағдарыстың жаңа толқыны таяған шақта экономиканы әртараптандыру мүмкіндіктерінің бірі"

Фото: senate.parlam.kz

Бұндай ойды бүгін Сенатта өткен «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнестің даму болашағы» тақырыбында Парламенттік тыңдауында Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Сенат спикерінің айтуынша, қазба байлық азайып, мұнай бағасы құлдырап кетпес бұрын экономика әртараптануы тиіс. Ал бұл ретте дағдарыста "құтқарушы" фактор ретінде дамуы тиіс қазақстандық жеңіл өнеркәсіп әлі де кенже қалған салалардың бірі болып отыр. 

«Жеңіл өнеркәсіп - Қазақстан өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор. Тура бір жыл бұрын Жол картасы қабылданды. Есепке сенсек, барлық іс-шаралар атқарылған. Алайда, бұл құжат жеңіл өнеркәсіптің барлық проблемаларын кешенді түрде шешпейді. Жеңіл өнеркәсіп - пайдалы қазба қорлары азайып, мұнай бағасы құлдырап, дағдарыстың жаңа толқыны таяған шақта экономиканы әртараптандыру мүмкіндіктерінің бірі», - деді Дариға Назарбаева.

Осы ретте, ол өнеркәсіпті дамытудағы кедергілерді де атап өтті. Мәселен, отандық өнімнің аймақта бәсекелестікке толық дайын болмауы, модернизациялық жаңғыру мен құрал жабдықтардың лайықталмауы сынды күрделі түйткілдер де жоқ емес. 

Бұдан бөлек, Д. Назарбаева банк жүйесіндегі қолжетімсіздік те кәсіпкерлердің қолын байлап отырғанын да жеткізді.

«Кәсіпорындар көп жағдайда банктерден несие ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайды. Кредит алған кәсіпорындар ғимаратын салып бітірмей, жабдықтарды алып үлгермей жатып төлем төлеуді бастауға мәжбүр»,- деді ол.

Тағы бір айта кететін жайт, Сенат төрағасы көрші Өзбекстан мен Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібі Қазақстанға қарағанда екі, үш есе дамып кеткенін де айтуды ұмытпады жиында.

Ол ұсынған дерек бойынша, қазір елімізде орта және жеңіл өнеркәсіп саласында 1071 кәсіпорын аталса, оның тек 40-ы ғана жұмыс істеп тұр. Ең өкініштісі де саладағы қызметкерлер саны 10 мың адамға да жетпейтінге ұқсайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір