• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:09:51
Алматы
+12°

01 Тамыз, 2015 NEWS

Қазақстан тарихы: Қазақ хандығы - ауа көшкен екі-үш жүз қазақтан ғана құрылды

Жадына сенген қазақ жұртының тарихы тек жат жұрттықтардың қолымен жазылып, солардың көзқарасымен санамызға сіңгені – бұл күнде екінің бірі айтып жүрген...

Жадына сенген қазақ жұртының тарихы тек жат жұрттықтардың қолымен жазылып, солардың көзқарасымен санамызға сіңгені – бұл күнде екінің бірі айтып жүрген шындық. Оны ашып айтпай, әрине, ақиқатқа көзімізді жеткізу де қиын болмақ. Қазақ хандығының құрылуы да осы қатардағы ұшығы енді шығып, жаңаша қарала бастаған мәселелердің бірі. Біз мектептегі тарих оқулығынан Қазақ хандығының өмірге келуін Керей, Жәнібек хандардың Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығуы негізінде құрылды деген ақпаратты ғана білдік. Біле-білсек қазақтың қазақ болуы осыдан басталып тұр, ал біз оны ренжіп ауа көшкен екі-үш жүз қазақ солай ел боп кетіпті деген дәрежеде ғана түсініп, және түсіндіріппіз. Елдігімізге осынша жеңіл қарау арқылы біз бабалар арқалаған ұлы арманды, ұлы мыссияны табанға таптап жатқан жоқпыз ба?

Сәл әріден қозғайық, Ертістен Еділге, Еділден Дунайға, одан да әріге созылған кең-байтақ Алтын Орда империясын Шыңғыс ұрпақтары орнатқан идеялогия бір шаңырақтың астында ұстап тұрды. Өзбек хан тұсында күшейе түскен билік пен бірлік Бердібек ханға келгенде үзіліп тынды. Одан кейін бітпейтін талас-тартыс. Кейін, Орда Еженнен тараған Орыс, Тоқтамыс, Барақ хандардандың қазасынан соң, 1428 жылы Жошының бесінші ұлы Шибани әулетінен шыққан 16-17 жастардағы Әбілхайырды 92 баулы өзбектің ру басы, би-сұлтандары билікке әкеледі. Онда да баяғы шыңғыстық идеялогия әлсіреген тұста, «өзіміз билеп-төстеуге, айтқанымызбен жүргізуге болар» деп үміттеніп, қуыршақ хан ретінде әкеледі. Бастапқы кезде елдің, қолбасы, сұлтандардың қолдауымен бірталай жеңістерге жетіп, ел іргесін нығайтып, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты өзіне қаратқан Әбілқайыр билікке шындап кіріседі. 1446 жылдан кейін көрші елдерді біріктіру мақсатында емес, тонау мақсатында шабуылдар жасап, мол олжа алып қайтатын әдет табады. Міне осыдан барып ел көңілі суиды. Оқас би өлген соң, ноғайлар бөліне көшіп кетеді. 1457 жылы қалмақтар шапқыншылық жасап кіріп, елді тонап кетеді. Осыдан кейін онсыз да наразы Орда Ежен ұрпақтары Керей мен Жәнібекті бас қылып, қол астындағы елімен бөлініп кетеді.

Бұрын-соңды қазақ даласында болған күрестерге көз жіберсек көпшілігі жер мен елдің бірлігі үшін болады екен. Сонау Ғұндардың Мөде қағаннан тартып жерге деген ықыластың бөлектігін байқаймыз. Ал жер күшті мемлекет құрудың, мәңгілік ел болудың ең бірінші негізі. Шыңғыстың жорығы да тек жалпы түркі-монғолды бірлікке келтіру, кең-байтақ түрік даласын тұтас күйге келтіру болды. Оны шапқыншы, жау қылып көрсету де өзге жұрттың арам пиғылынан екенін аңғарып жатқанымыз бүгін. Сол Шыңғыстың үлкен ұлы Жошының ұлысындағы Орда Ежен билеген Ақ Орда қазіргі Қазақстан жерін тұтастай алып жатқан дейді тарихи дерек. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек Орда Еженнен тарайды. Ендеше бабадан мирас қалған ұлы даланы қайта қолға келтіру, бір тұтас билеу – Керей мен Жәнібектің ішкі мұраты болған еді десек қателеспеспіз. Дегенмен де екі сұлтанның соңынан ерген елді ұйытқан не болды екен, дейтін сұрақ туады.

«Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты Қазақ хандығы туралы тұңғыш монографияның авторы Берекет Кәрібаев осы еңбегінде хандықтың құрылу себептерін жан-жақтылы зерделеп, түрлі деректер мен зерттеулерді ұтқыр пайдаланып, өте әдемі қорытындылар шығарады. Автор Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықта «қазақ» сөзінің ешбір этникалық мағына бермегенін деректер арқылы дәлелдейді. Олай болса, «Қазақ хандығы» деген тудың астына жиналу процесі қалайша осынша оңай жүзеге асты? Иә, ғасырлар бойғы этногенез негізінде біріге бастады дерсіз. Әуелі 92 баулы қыпшақ аталған жұрт, кейін 92 баулы өзбек деп те аталды. Бұлар да этногенез процесінің негізі. Бірақ қазақтай бола алған жоқ, бәрі бір бөлініп кетті.

Біз жоғарыда көшпенді жұрт үшін жердің қаншама маңызды екендігі туралы атап өттік. Енді Асан Қайғы аңызына келейік. Қазақ даласының қай түкпіріне бармаңыз, барлық жер туралы Асан Қайғы айтыпты, Асан Қайғы осылай деп атапты деген аңыз-әңгімелер дерліктей бар. Бұл аңыз қазақ бар жердің бәрінде бар. Біз өткен ғалымдарымыздың ізімен осы аңыздарды «Асан айтыпты» қылып қазақ өзі шығарып алған деп есептейміз. Алғаш Асан Қайғының аңыздары қағазға түскен мезгіл XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қаншама ғасырдан бері бұзылмай, күзелмей жеткен қисса-дастандарымыздың, аңыз-ертегіміздің бар екендігі баршаға аян, олай болса өзі тұрған жерге байланысты қарапайым ғана бір аңыздың өшуі немесе жалғаннан жасалуы жады мықты, тек қана соған сеніп шежіре жалғаған халық үшін болмауға, болса кешірілмеуге тиісті құбылыс. Мүмкін тілдік өзгерістерге ұшыраған болар, бірақ негізгі тұлғасы сақталды есептеуімізге болады. Бұл – бір.

Екінші, тарихшылар жалпы қазақ руларының шежіресін зерттей келе, түпкі аталарының өмір сүрген мезгілін тек Қазақ хандығы құрылған жылдардан бастайтындығы анықтаған. Яғни Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ деген адамдар Қазақ хандығы кезінде өмір сүрді дегенге келеді. Ал тарихи деректер бұл рулардың одан неше ғасыр бұрын қалыптасып, өсіп-өркендегенін дәлелдейді. Онда қалай? Тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев қазақ руларының шежіресін, үш жүз аңызын Қазақ хандығына ұйыстырған идеялогия ретінде қарайды. Бұдан Қазақ хандығы тұсында барлық өткен шежіре өшіріліп, жаңа идеялогияның негізінде жаңа мемлекет пайда болды деп есептеуге болады. Тек ол қалай, қандай жолдармен жүзеге асты, қалай пайда болды?

Үшінші, енді Асан Қайғының өмірбаянына назар салайық. Ол туралы бізге жеткен мәліметтер тым қысқа, Асан Алтын Орда ханы Ұлұғ-Мұхаммед ханның биі болған, XV ғасырдың 20 жылдарында Ұлұғ-Мұхаммед тақтан тайдырылғанда онымен бірге кетеді. Қазан хандығының негізін салған Ұлұғ-Мұхаммед шамамен 1440 жылдары қайтыс болады. Одан кейін Асан Қайғы еліне қайтып келіп, Керей, Жәнібек хандардың маңында болады.

Төртінші, елдігі бекем, жері тұтас бір жұрт болу, мәңгілік ел болу – түркінің мұраты еді дедік. Барлық қанды қырғындар, үлкен жорықтар осы тұтастық үшін болыпты. Әр дәуірде оны әр біреу бастапты. Шыңғыс та сол мұраттың бір ұлы ту ұстаушысы екен. Одан кейінгі Жошы ұлысы, Бердібекке дейінгі Батый әулеті де осы бірлік үшін тер төгіпті. Алайда бұл күрес те сәтсіздікке ұшырапты, одан кейінгі дамылсыз талас, билікке келген Шибани әулеті де бұл мұратқа тұтқа бола алмапты. Ел қадірін, жер қадірін білмепті. Міне осыдан барып таңдау Орда Ежен ұрпағына Керей мен Жәнібекке түсіпті.

Бесінші, Асанның «Қайғы» аталуы туралы аңыз бен, қазақтың үш жүзі туралы аңызға қараңыз. Екеуінде де аққу бейнесіндегі пері қызы бар. Асан сол пері қызынан қапыда айырылып қалып, содан қасырет шегіп, «Қайғы» атанады. Ал үш жүз туралы аңызда Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс осы аққу-қыздан тарайды. Бұл үшеуінен қазақтың үш жүзі тарайды.

Олай болса біз мынадай қорытындыға келеміз. Көшпенді жұртының ұлы мұраты – осынау ұлы даланы (яғни барша түркі жұртының ата-мекені болған қазіргі қазақ даласын) толтырған, бірлігі бекем, күші мығым, өміршең «Мәңгілік ел» құру. Осы мұратты ұрпақтан ұрпаққа мұра қылып қалдырып отырады. Алтын Орданың шығыс бөлігі Көк Орданың (кей деректерде Ақ Орда) құрылуы да осы мұраттың жалғасын табуы. Орда Ежен ұрпақтары Керей мен Жәнібектің де осы күрес жолына түсуі ата мұраты үшін. Бірақ жалпы жұртты ұйыстыратын идеялогия керек болды. Ал бұл идеялогияның авторы Асан Қайғы болды демекшіміз. Әрине түпкі тегі арыда жатқанын, қаншама ғасырлар боғы тәжірибе, ұғым негіз болғанын жасырмаймыз. Жоғарыда келтірген үш жүз аңызы мен Асанның «Қайғы» аталуы туралы аңыздың ұқсастығын біз кездейсоқтық деп емес, осы ұлы идеяның авторын түсқап тұрған ишара деп танимыз. Идеялогия бойынша, әр рудың туысқандық, географиядық жақындықтарына байланысты үш жүздің бөлген және осы рулардың барып қоныстануға тиісті мекен-тұрақтарын бүгінгі бізге жеткен аңыздық тәсілмен таңбалап, үлестірген. Осылайша әрі әкмшілік, әрі әскери мүмкіндіктер және туысқандық тұтастық орнату негізінде бөлінген, қайтадан реттелген қазақ рулары өз шежірелерін Қазақ хандығынан бастауға, Асан айтқан аңыздағы жерлерге жетіп қоныс тебуге міндеттеледі. Мұнда Асан Қайғыны жиынтық ұғым ретінде қарауға да болады. Онда да ғасырлар қойнауынан қордаланған, талданған идеялардың және Асан дәуіріндегі Қазақ хандығына ұйытқы болған данышпан бабалар мен хан-сұлтандардың ортақ ақыл-ойы ретінде. Бізге сенсеңіз, мың жылдар бойы арман еткен ұлы мұраттың алғашқы немесе соңғы бір тармағы осылай оырндалады. Оған дәлел – дәл сол територияда (қазіргіміз сәл кішілеу болуы мүмкін) өмір сүріп жатқан қазақ деген біртұтас ұлт пен Қазақия мемлекеті. Олай болса елдігімізді немқұрайды бағалауға қақымыз жоқ!

 

Есбол НҰРАХМЕТ

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір