• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:11:22
Алматы
+12°

Қоғам белсендісі, ресми ақпарат бойынша тергеу изоляторында «жүрек талмасынан» қайтыс болды делінген Дулат Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова мен марқұмның ұлы Нұрболат Ағаділ 2 наурыз күні youtube желісінде бейнеүндеу жасап, заңгер Бауыржан Азановты адвокат ретінде алмағанын, одан отбасындағы жағдайға араласпауын сұрады. «Біздің өз адвокатымыз бар» деген Нұрболат Ағаділ бұл іске «араласпасаңыз» деген өтінішін жеткізді. Артынша, Ағаділ ісі бойынша заңгер Айман Омарова адвокат болып тағайындалғаны белгілі болды. Қамшы тілшісі мәселенің мән-жайы туралы тараптардан сұрап көрді.

Бүгін Қамшы тілшісіне пікір білдірген заңгер Бауыржан Азанов жиналыста екенін, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасы мен бейнеүндеуіне  алып-қосары жоқ екенін мәлім етті.

4 наурызда facebook парақшасына қалдырған жазбасында Бауыржан Азанов Дулат Ағаділмен бұрыннан таныс екенін, араларында сенім мен достыққа құрылған қарым-қатынас болғанын айтты.

«Сондықтан да болар Дулаттың достары оны ұстаған күні маған хабарласып, адвокаттық көмек көрсетуімді сұрады. Дулат маған сенгендіктен ара-тұра жәрдемдесуімді сұрайтын. Мен бұл іске сұранған емеспін (адвокат үшін бұл жат нәрсе болғандықтан, ешқашан, еш жерге сұранбаймын). Досымды қорғауға шықтым да кеттім. Ал трагедия туралы естігенде барлығы ашық болуы үшін ойланбастан мәйітті союға қатыстыруды талап еттім. Терідегі барлық зақымдар мен жарақат іздері видео арқылы хаттандырылды. Бұны Дулаттың туған бауыры да көріп, оны растады. Адвокаттық қызмет көрсету туралы келісім менің қолымда бар» деді Азанов.

Оның сөзінше, ол сол сәтте адвокат ретінде қажеттінің барлығын жасаған.

«Мен Дулат үшін, оның идеалдары үшін тергеудің ашық әрі әділ өтуіне бәрінен бұрын мүдделі адаммын. Өткен жексенбіде Дулаттың туғандарымен жүздестім. Жақынырақ танысып, апта ішінде атқарылған жұмысты айтып бердім. Жақындары әділдікке жетуді қалайтындарын жеткізді. Марқұмның қабірін ашуға рұхсатын бермеді. Мен ешкімді мәжбүрлей алмайтынымды айттым. Іс-әрекеттің бірлескен жоспары жасалып, олар сол бойынша жұмыс істеуге әзір еді. Сол күні кешке қарай Дулаттың анасы мен баласы жеке-жеке қоңырау шалып, бір мәселелер бойынша кеңесімді сұрады. Ал кеше менің көмегімнен бас тартатындарын, мені көргісі келмейтіндерін айтқан видео шықты», деп жазылған адвокат жазбасында.

Бауыржан Азанов көп өтпей парақшасына Ағаділдің анасына арнаған бейнеүндеу жариялап, онда «сізді сыйламайды деп ойламасын деп», осында жауап беріп отырмын» деген.

Бейнеүндеуде «мұндай қадамға баруға не мәжбүр етті, мені түсінбегендіктен осылай жасасаңыз, кешіріңіз» деген заңгер мұнан кейін Ағаділ әулетінде ендігәрі қайғы болмауына тілектестік білдірді.

Қамшы тілшісімен сөйлескен марқұмның анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова адвокатты ешкімнің ықпалынсыз, мәжбүрлеуінсіз ауыстырғанын айтты.

– Мен өз еркім бойынша, отбасымның еркі бойынша Айманды (Омарова – ред) қаладық. "Бауыржанды (Азанов – ред.) адвокат есебінде аламын" деп айтқан жоқпын. Бір-екі рет кездестім, бірақ «аламын» деп айтпадым. Мен бес жасар бала емеспін. Біреудің айтқанына ерген жоқпын. Көңілім Айманды қалады, Айманды алдым, – деді марқұмның анасы.

Гүлбараш Жолмұхамбетова «бұл шешімді үйде, қабырғаммен кеңесе отырып қабылдадым» деп атап өтті. Сондай-ақ жексенбі күні Бауыржан Азановпен кездескенін, артынша телефонмен кеңес алғанын растады. Бірақ ол кезде «ештеңе айта алмаймын, басым шешіп тұрған жоқ. Бір жерге барып келем, сосын көрермін. Әзірге адвокат алған жоқпын» деген ол «Азанов өзі шырқырап жүгіріп жүр. Айман халықаралық болған соң жүрегім соны қалады. Әділдікке жеткім келді. Азановқа еш ренжімеймін. Тек мазаламаса екен. Айманды алдым, болды» деп атап өтті.

Ағаділдің анасы Азановқа бұл шешім туралы арнайы хабарласып айтпаған, "ол бейнеүндеуден білген шығар» деп топшылайды.

Қамшы тілшісіне пікір білдірген адвокат Айман Омарова «маған Дулат Ағаділдің туысқандары қоңырау шалды. Артынша туған туыстары, Ағаділдің анасы, баласы Алматыға келді. Менен адвокаттары болуымды өтінді. «Сіздерде адвокат бар ма» деп сұрадым. Олар «жоқ» деді. Мен келісімімді бердім. Келісім-шарт жасастық. Болды. Маған келмесе, алмас едім» деп жауап берді.

 

♦ Оқи отырыңыз: Ағаділдің адвокаты: Маған оның мастығын растайтын құжатты көрсеткен жоқ

♦ Оқи отырыңыз: Ағаділдің қорғаушысы: Марқұмның қабірін ашуға тура келеді


Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір