05 Наурыз, 2020 NEWS
udr-krg.kz
Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі кездесуде айтқан мәлімдемелері туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірді.
– Мен осыдан біраз уақыт бұрын қызды «тауар» деп тікелей мағынасында емес, теңеу ретінде айттым. Тауар деген нәрсе құны бар нәрсе. Жерде жатқан тас тауар бола алмайды. Тауарды образ ретінде алып отырмын. Қымбат бағалы затты қазақ «тауар» деп атайды. Бұл – түріктің сөзі. Бұрын қазақта қыздың құны болған. Қазақта үйлену қиын болды. Үйлену үшін қалың мал төлеген. Қалың мал – қыздың тектілігіне байланысты төленетін малдың құны. Қазақ айтады: «Қалың малын көп беріп, көргенді жерден қыз алсаң, тік тұрып мейманыңа қызмет етер, Қалың малын аз беріп көргенсіз жерден қыз алсаң байының қойнына жатқанында міндет етер» дейді. Сондай-ақ қазақта «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз етеді» деген де сөз бар. Яғни, бір қыз ақылсыз болғанымен, әкесі даңқты болса тез өтіп кетеді. «Өтеді» деген сөзді тауарға қолданады, – деді Омар Жәлел.
Оның айтуынша, қыз баланың басты миссиясы – тұрмыс құру (байға шығу).
– Қазақта «отырып қалған» деген сөз бар. Ол «өтпей» қалған деген сөздің синонимі. Егер мен қазақ қыздарына дұшпан болсам бұлай айтпас едім. Қазақ «Сұлу қыз таранғанша, епті қыз байға шығады». Яғни байға шығу да өнер, – деді абайтанушы.
Ол қазақтың дүниетанымында тағдыр адамның қарекетінен басталады дейді.
– Алаш қайраткерлерінің бірі айтқан: «Құдай біледі деген аңғалдық, тағдырымнан көремін деген ақымақтың сөзі». Қазақтың дүниетанымында тағдыр адамның қарекетінен басталады. Қарекет әдетке айналады. Әдет мінезге айналады. Мінезден тағдыр пайда болады. Сонымен қатар Маргарет Тэтчердің сөзі бар: «Адамның тағдыры әрекетіне байланысты. Ал біз оны Құдайға немесе тағдырға жабамыз». Ал медреседе оқыған Сұлтанмахмұт Торайғыров былай айтқан:
"Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді,
Шығарамын сөзімнен".
«Құдай біледі», «тағдыр біледі» деп қаншама қазақ қызы тұрмысқа шықпай үйінде отырып, қартайып жатыр. Қыздардың тұрмысқа шығатын ең керемет уақыты – жас кезі. Жасы келген сайын тұрмысқа шығу қиын болады. Өйткені артында жаңа толқын келе жатыр. Ал «тауар» дегенді мен сауда-саттық тілінде айттым, – деді Омар Жәлел.
Абайтанушының айтуынша, қыздарды "маркерге" теңеудегі мақсат – әр жаратылыстың өзінің аты мен затына сай болуы керектігін қазақ қызына ұғындыру. Ол өз сөзін былай түсіндірді:
– Ал Тараз қаласындағы мектептегі кездесуімде мен «маркердің өзінің аты бар да заты бар. Аты маркер болғаннан кейін міндетті түрде жазуы керек. Егер маркер жазбаса, біз оны «атына заты сай келмейді» деп лақтырып тастаймыз. Сол сияқты сендер де қыз деген аттарың бар, сол үшін заттарыңа сай болуларың керек» дедім. Ал әлеуметтік желіге жазба қалдырған қыз менің осы сөзімді «Омар Жәлел: қыз деген маркер. Жазбай қалса, лақтырып тастау керек, деді» деп бұрмалаған.
Сондай-ақ ол оқушылардың ашуына тиген дәрісіне қатысты түсініктеме берді.
– Ал мен сендердің «әйел» затына жататын "қыз" деген аттарың бар дедім. Енді сендер заттарыңа сәйкес болмасаңдар, өмірлерің дұрыс болмайды. Өйткені сендер өздеріңді алдағандарыңмен, табиғатты алдай алмайсыңдар. Сендердің өз мақсаттарың бар» деп айттым. Орысша тәрбиеленген қыздар сөзімді бұрмалап, шу шығарып отыр. Менің сөзіме бірде-бір қазақы тәрбиеленген қыз қарсы келмеді, – деді Жәлел.
Оның айтуынша, қыз баланың білім алғанына қарсы емеспін. Тек білім дегенде "мансап" жолындағы емес, қазақтың ұлы ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтпақшы: "зәру білім" беру керек деп атап өтті.
– Мен қыз баланың білім алуына қарсы емеспін. Бірақ қыз бала қандай білім алу керек? Қыз бала зәру білім алу керек. Бұл 5 бөлікке бөлінеді. Яғни: жанын сақтау, иманын сақтау, ақылын сақтау, малын сақтау және баланы сақтау. Тұрмысқа шыққан соң ерінің бір малын екі ету үшін де білім керек. Ана болған соң баланы өсіріп, тәрбиелеу үшін де білім керек. Бірақ осы білімді бабаларымыз «зәру» білім дейді. Осы зәру білімді алған қыз бала періште кейіпке енеді деген. Ол күйеуін де жақсы күтеді, баласын да жақсы тәрбиелейді. Ал қазір біз қыздарға зәру білім емес, мал табатын білім беріп жатырмыз. Мал табу – қыз баланың міндеті емес. Бұл – ер адамның міндеті. Қазақ «Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт, Бала таппайтын қатын болмайды, тұрарын айт» деп бекер айтпаған ғой. Біз қазір қыздарға қиянат жасап отырмыз. Біз оларды ана болу құқығынан айырып, оларға мал тапқызып қойдық. Қазір біз гендерлік саясатты өрескел бұзып отырмыз. Өйткені, гендерлік саясатта екі тараптың өз хақысы бар. Қыз баланың хақысы ана болу, бала сүю. Ал біз оларды жұмысқа салып қойдық , – деп сөзін түйіндеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір