• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 23:52:15
Алматы
+35°

12 Наурыз, 2020 Айтты-ей, бауырың!

"Тоқаевтың өз еркімен доғарысқа кетуіне себеп жеткілікті..."

МЫҢ ЖЫЛДА КЕЛМЕС ОРАЙ: КОРОНОВИРУСТЫҢ САЯСИ СИНДРОМЫ

фотоколлаж

Елімізде соңғы күндері орын алып жатқан оқиғалар: бас санитар Бекшиннің короновирус 11-16 наурыз аралығында Қазақстаннан да «наконец то» табылатыны туралы «уәдесі», Елбасының Путинмен кездесуі, короновирус пандемиясына байланысты Тоқаевтың Наурыз мерекесінің қоғамдық іс-шараларын тоқтатуы, Сенат төрайымының өсе түскен белсенділігі, 16 наурыздан бастап мектептер мен ЖОО орындарында сабақтың белгілі бір мерзімге дейін тоқтатылуы елімізде орын алуы ықтимал маңызды өзгерістердің алғышарттары тәрізді көрінеді.


20 наурызда Қасекеңнің президенттік таққа отырғанына тура бір жыл толады. Бұл мерзімде ол екінші және үшінші кезектегі бірқатар жұмыстарды атқарғанымен мемлекет пен халық үшін маңызды бірінші кезектегі (елдегі билікті толықтай өз қолына алу, жаңа Конституция қабылдау, саяси режимді өзгерту, т.б.) мәселелермен мүлде айналыса алмады. Сөйтіп Президент Елбасының көлеңкесінен шыға алмай қалды. Экономикалық ахуал да күрт құлдырады, сырқы елдерге қарыз 158 млрд долларға таяды. Ішкі бағамда доллар болса анау 400 теңгеден жоғары шарықтаған. Сырт көзге Президенттің өз еркімен доғарысқа кетуіне себеп жеткілікті...


Бір жыл бұл биліктің де, халықтың да күтіп отырған мерзімі. Былтыр мемлекет басшысы президенттіктен кететіні туралы жария еткен тұста сарапшылардың бәрі бұл қадамның мақсаты – Дариғаны таққа отырғызу екендігін айна-қатесіз сезген. Басқа да қосымша нұсқалар қарастырылғанын есептен шығаруға болмайды. Бірақ қазіргі жағдайда барлық шаруа осы идеяның финалына бастап келеді.


Яғни тіпті таяу күндерде Қ.К.Тоқаев түрлі себеппен өзінің доғарысқа кететінін мәлімдесе өз басым мүлде таң қалмаймын. Ондай жағдайда Дариға Конституцияға сәйкес Президент орынтағына автоматты түрде жайғаса қалады. Халықтың бұл «жаңалықты» қуанышпен қабылдай қоюы екіталай.
Ықтимал наразылықтардың алдын алу – биліктің бас ауруы болып тұрғанда мына короновирус пандемиясы «іздегенге – сұраған» болып тұр. Қандай «мүмкіндік», қандай «тарихи сәт»! Мұндай «мүмкіндікті» жалпы жіберуге бола ма, айтыңдаршы?!


Короновирустың Қазақстандағы саяси синдромы меніңше міне, осындай.


Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы Тоқашбаев

(Мақала авторының пікірі Қамшы порталының көзқарасын білдірмеуі мүмкін.)

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір