• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:52:51
+35°

Covid-19 коронавирусының өршуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия жариялаған соң Қазақстанда мектеп оқушыларын демалысқа ерте шығару, Наурыз мерекесіне арналған іс-шараларға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Кинотеатрлар жұмысы тоқтатылып, спорттық шаралар көрерменсіз өтетін болды. Студенттерге сабақ қашықтан жүргізілмек. Қамшы тілшісіне пікір білдірген ҚР Микробиология және вирусология институты Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі Айдын Қыдырманов  "бұл – санитарлық шараларды күшейту мақсатындағы шаралар" екенін айтып, мәселенің ғылыми тұрғыда шешілу жолдарына назар аударды.

«Ғылымда коронавирус соңғы 50 жылдан бері белгілі»

Айдын Қыдырмановтың айтуынша, ғылымда коронавирус соңғы 50 жылдан бері белгілі. Ол – құстардың, жануарлардың ортасында ауру туғызатын маусымдық тұмауға ұқсас вирустық инфекция. Табиғатта коронавирус көптеп кездеседі. Бүгінде өршіп тұрған Covid-19 – коронавирустың жаңа түрі. Қолда бар дерекке сай вирус Қытайдағы жабайы жануарлар өнімдерін сататын базардан шаққан. Генетикалық талдау оның жарғанаттан бөлінген вирустарға ұқсастығын анықтаған. Вирустан келетін өлім деңгейі 3,4 пайыз. Яғни вирусқа шалдыққан 100 адамның 3-4-і қайтыс болып отыр.

Covid-19-ға вакцина неге дайын емес?

Вирусолог вакцина жасау ісі күрделі әрі үлкен қаржы мен уақытты қажет ететінін атап өтті.

– Әуелі Covid-19 вирусының штаммын анықтап алу қажет. Содан кейін барып дәрілік препараттар, вакцина жасалады. Вакцина жасау үлкен қаражат пен уақытты қажет етеді. Клиникаға дейінгі, клиникалық тексеру түрлері бар. Оның технологиясын жасағаннан кейін жаңартып тұру керек. Өйткені вирус мутацияға ұшарайтындықтан, қазіргі жасағының 2-3 жылдан кейін жарамай қалуы мүмкін. Оларды жаңарту үшін штаммдарын бөліп алу қажет. Халық арасына не тарап жатқанын білу үшін оған бөлек мониторингтік жұмыстар жасалады. Осының барлығы жиналып келгенде бірнеше жыл өтіп кетеді. Кейде тезірек болады, кейде созылып кетеді, – дейді маман.

Микробиология және вирусология институты базасында коронавирусқа қарсы, иммунитетті көтеретін препараттар жасауға мүмкіншілік бар

Зертхана меңгерушісінің сөзінше, Микробиология және вирусология институты базасында вирустың табиғаттағы көздерін, қайдан келетінін анықтап, генетикалық талдау негізінде диагностикалық препараттар, иммундық жүйені көтеретін дәрілік заттар жасауға болады.

– Аурудың қоздырғышына жасалған сынамаларды алғаннан кейін генетикалық материалдар зерттеледі. Оның генетикалық жағы қай вирусқа жақын екенін (Covid па, MERS немесе SARS па), адамға зардаптылық деңгейін анықтау үшін генетикалық талдаулар жасалады. Соның негізінде диагностикалық препараттар мен вирусқа, соның ішінде коронавирусқа қарсы, иммунитетті көтеретін препараттар жасауға мүмкіншілік бар, – деп атап өтті ол.

Ауру қоздырғышына қандайда бір емдік, диагностикалық препарат жасау үшін халықтың арасында қандай вирус ауру туғызғанын анықтап алу қажет. «Қазақстанда коронавирус әлі тіркелмесе де, диагностикалық алдын алуға қолданылатын отандық емдік препараттарды дайындау кешіктірілмеуі керек» деген маман әркім өз денсаулығына өзі жауапты екенін еске сала отырып, азаматтарды денсаулық сақтау министрлігі бекіткен барлық санитарлық талаптарды орындауға шақырды.

Сөз соңында сарапшы вирустардың Қазақстанда табиғаттағы таралу көздерін білу үшін ұдайы мониторинг жүргізіп отыру аса маңызды екенін атап өтті.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір