14 Наурыз, 2020 NEWS

Мәулен Әшімбаев: Дүрбелең туғызып, әуре-сарсаңға салынуға еш негіз жоқ

Фото: nurotan.kz

Осы апта еліміз үшін оңай болған жоқ. Мұнай бағасы күрт құлдырап, әлемдік экономика ауыр соққы алды. Оның зардабы бізге де тиді. Қазақстанда жаһан жұртын дүрліктірген коронавирус індеті тіркеліп, дертті жұқтырғандар табылды.⠀

Дегенмен, дүрбелең туғызып, әуре-сарсаңға салынуға еш негіз жоқ. Мемлекет басшысы елдің экономикалық ахуалын реттеу үшін кеңес өткізіп, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес, бірқатар тиісті шешім қабылданды. Ең бастысы, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауды тоқтатпайды.⠀

Індеттің кең көлемде таралмауы үшін қажетті жұмыстар қолға алынды. Шұғыл әрекет ету штабы құрылып, тиісті шаралар күшейтілді. Барлық іс-әрекет Президенттің тікелей бақылауында. Осы орайда бұл кезеңнен сүрінбей өтуге әрқайсымыз жауапты екенімізді ерекше атап өткім келеді. Сондықтан өзімізді, отбасымызды, ортамызды қорғау үшін қабылданған шектеулерді дұрыс түсініп, басты назарда ұстайық.⠀

Біз бұдан да қиын кезеңдерді бастан өткеріп, сан түрлі зауалды еңсерген халықпыз. Соның бәрінде бекем бірлік пен берекелі тірліктің ерен үлгісін көрсеттік. Бұл жолы да дәл солай боларына сенімдімін және бүгінгі Амал мерекесінде соны тілеймін!⠀

Осы ретте баршаңызды ынтымаққа шақырып, ізгілікке үндейтін мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыздың жаршысындай болған мейрам әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Қазақ елі қауіп-қатерден аман болып, мәңгі жасасын!

Мәулен Әшімбаев

Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары

Facebook парақшасынан

 

Ілмек сөздер: Мәулен Әшімбаев

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір