• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 16:19:29
Алматы
+12°

17 Наурыз, 2020 Саясат

Қазақстанда министр мен депутаттың қайсысы өтірікші?

Тақырыпты дәл бұлай қоюымызға күні кеше мал шаруашылығындағы жағдай "қабырғаны қайыстырарлықтай" деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов пен бүгін Үкімет отырысындағы үлкен креслода ҚР Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтқан "Етті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығы салаларының даму әлеуеті зор" деген "зор" пікірлер себеп болып отыр.

Фото: ашық ақпарат көздерінен

Әуелі Абдрахманов бір күн бұрын Үкімет сағатында Кеңес армиясының ширек бөлігіне жуығын етпен қамтамасыз еткен Қазақстан қазір сырттан ет сатып алатын мемлекетке айналғанын атап өткен.

Дәлме-дәл: 

– Бұл – қабырға қайыстыратын жағдай. Фактінің аты факт. Кеңес армиясының ширек бөлігіне жуығын етпен қамтамасыз еткен Қазақстан қазір сырттан ет сатып алатын мемлекетке айналды. Қазір елде азық-түлік дайындауда жеке сектордың үлесі тиімді пайдаланылып отырған жоқ, – деді ол.

Бір әрпін де өзгертпей қайталасаңыз депутат: "Қазақстан қазір сырттан ет сатып алатын мемлекетке айналды" деп тұр. "М-м-м" деп ымырасыз ашуға басар ма едіңіз сосын. "Құртты" деп құтыңыз қаша сұрланып сыбап-сыбап алар ма едіңіз кеп-кеп Ақорда төңірегін.

Бұндайда Сапархан Омаровтың Қазақстанда мал шаруашылығы өркендеп тұр дегенге саятын әлгі бір пікірі "бірақ" дегізеді. Сөйтсек, Мәжіліс депутатының қабырғасы қайысқан мәселеге білдей Ауылшаруашылығы министрінің де айтар уәжі дайын екен. Оны да тыңдап көріңіз.

– Етті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығы салаларының даму әлеуеті зор. Мұнда отбасылық фермерлік шаруашылықтар өндіріс моделінің негізі болады. Олар өткізу, оқыту және ветеринарлық қызмет көрсету мәселелерінде бірігеді. Жер үсті және жер асты суларымен қамтамасыз етілген жайылым, ауыл халқы түріндегі еңбек ресурстары сияқты барлық қажетті ресурстар елімізде етті мал шаруашылығы саласын дамыту үшін жеткілікті және саланы инвестициялық тартымды етеді, – дейді министр.

Жер асты, жер үсті суларына дейін есепке алып, еңбек ресурсы деп ауыл халқын айрықша атаған министрдің шырқырыған "шындығы" бұл. Яғни, инвесторлардың өзі үймелердей тартымды салада етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуы малшы фермерлердің жаңа санатын құруға мүмкіндік береді деп отыр тағы.

"Ауыл халқы еңбек ресурсы" дегеннен шығады, бұл ретте де аталған ведомство басшысының сөзі мәжілісменнің мәлімдемесіне "қарсы" айтылып тұр. Мәселен дейсіз ғой:

"Ауылдағы азаматтардың мал өсіруге деген мотивациясы төмендеп кетті. Бірінші мотивация – күнделікті ішіп-жем, екінші мотивация – тойға мал жинау. Үшінші мотивация– қонақ күту. Одан артылатын малдың ауыл адамына қажеті шамалы болып тұр. Өйткені, ол малды нарыққа қосып, ақшаға айналдыра алмайды. Аудан орталықтарының жанында тұрған адамдар болмаса, 100-200 км қашықтықта тұратындардың малды қалаға әкеп өткізетін мүмкіндігі жоқ, – дейді мәжіліс депутаты.

Бақсаңыз, екеуі де Үкіметте айтып отыр бұл өзара сүріне-қабына "сүзіскен" пікірлерді. Араға бір күн салып. Бірі мал шаруашылығы дамып жатыр деп, ауыл халқын еңбек ресурсы ретінде айрықша атаса, келесі бірі – бұл саланың шаруасы шатқаяқтап тұрғанын, ауыл халқының мал бағуға еш құлық танытпай отырғанын айтады. 

Сосын, сеніңіз-сенбеңіз министрлік өкілі: фермерлік шаруашылықтар санын 20 мыңнан 65 мыңға дейін өсуіне, ірі қара мал санының 7,4 млн бастан 11,2 млн басқа дейін артуына, қой санының 19,1 млн бастан 24,3 млн басқа дейін көбеюіне, сиыр еті мен қой етін өндіру көлемінің 672 мың тоннадан 902 мың тоннаға дейін ұлғаюына ықпал етеді деген. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы әңгімесінде.

Енді екеудің "айтысын" осы арадан үзе тұрып, министрлік өкілі атаған цифрлармен мақаланың түйінін қойсақ дейміз.

Байқауымызша, халқының саны миллиондармен есептеліп отырған сіздің тәуелсіз Қазақстаныңыз үшін мал шаруашылығында да миллиондармен мақтану ғана қалып тұрғанға ұқсайды. Тек қазақты ғана есепке алып (мөлшермен дәл қазір кемі 10 миллион қазақ бар – Қ.Қ.) ора-шолақ есеп жасасаңыз да бір адамға шамамен бір бас сиыр екі қой тиесілі болмақ (мөлшермен дәл қазір кемі 10 миллион қазақ бар – Қ.Қ.). Бұл қазақтың жылдық азығы тұрыпты, бір қыстық соғымынан аспайтын мөлшер деген сөз...

Тақырып бойынша: "Қабырға қайыстыратын жағдай": Мәжіліс депутаты бар шындықты айтты

Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір