• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 09:30:43
Алматы
+12°

Қ.Тоқаев ант қабылдап тұрған сәт/akorda.kz

Осыдан бір жыл бұрын, 2019 жылғы 20 наурызда елді 30 жылға жуық басқарған Н.Назарбаев өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде президент қызметіне кірісті.

Қ.Тоқаев президентігін Қазақстан Республикасы астанасының атауын «Астанадан» «Нұр-Сұлтанға» ауыстырып, республикадағы барлық облыстардағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын берумен бастады.

Президенттің алғашқы шешіміне қоғам реакциясы әртүрлі болды. Ел астанасын экс-президентің атымен атауды бұрынырақта әлденеше рет көтергендер «бәрекелді» деп жатса, актер, бірнеше жыл мемлекеттік қызметте істеген, соңғы жылдары саяхатшы блогер ретінде танылған Әнуар Нүрпейісов бұған ашық түрде қарсы шықты. Нүрпейісов артынша, саяси көзқарасы үшін елден кетуге мәжбүр болып, саясатқа араласпайтынын айтты.

Тоқаев президенттігінің алғашқы айларында ел ішінде, әсіресе әлеуметтік желіде Қазақстанда шынайы билік кімнің қолында екені туралы, Қазақстандағы қосбилік төңірегінде әңгіме көп қозғалды. Бір тарап билік елдің заңды президенті Тоқаевтың қолында десе, келесі тарап шынайы билік экс-президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі деп есептейді. Депутаттар, министрлер Қазақстандағы қосбилікті жоққа шығарды. Назарбаев екі билік туралы әңгімені «қашқын ұрылар» шығарып жүргенін айтып, Тоқаевтың айналасына топтасуға шақырса, президенттің өзі германиялық Deutsche Welle бұқаралық ақпарат құралына берген сұхбатында «Қазақстанда қосбилік жоқ, халық сайлаған президент бар» екенін айтты.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов «Н.Назарбаев биліктен түбегейлі кетпейінше, Қазақстанда тәуелсіз президент болмайды» деп санайды.

– Назарбаев «кітапханада» отырған кезде, Тоқаев болсын, басқа болсын, үшінші, не төртінші президент болсын тәуелсіз президент бола алмайды. Өйткені бүгінгі жағдайда Назарбаев жүйесінен шыққан, Назарбаевқа бағынатын адам ғана президент бола алады, – дейді ол.

Нұрсейітовтың сөзінше, «билік тарапынан саяси реформалар жасау үшін құрылды» деп көрсетілетінтін ұлттық қоғамдық сенім кеңесі шын мәнінде саяси реформалар имитациясын жасаумен айналысып отыр.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өзінің миссиясын атқарып қойған. Оның миссиясы президент сайлауынан кейінгі наразы көңіл-күйді басу болатын. Яғни, кеңес мүшелері сайлаудан кейін бір үстелдің басында Тоқаевпен бірге отыру және «НСОД»-ты өз алдына тәуелсіз саяси институт ретінде насихаттау арқылы саяси және қоғамдық ортаға «президент Тоқаев» деген тіркестің тезірек сіңіп кетуіне үлес қосты. Ал бұдан ары қарай ұлттық кеңес саяси жүйенің аппендициті. «НСОД»-тан қоғамның дамуына ешқандай келіп-кетер пайда жоқ. Керісінше, зияны бар. Ол саяси реформалардың имитациясын жасау арқылы демократияға қарай жүретін жолды ұзартып жатыр. Яғни, «НСОД» саяси жүйені реформалауға емес, қазіргі жүйені ресми түрде «Назарбаевсы» режимге трансформациялап, оны консервациялауға үлес қосып жатыр, – деп есептейді саясаттанушы.

Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров «Тоқаевтың басшылығымен елде эволюциялық тұрғыда саяси реформалардың алғышарттары жасалып жатыр» деген пікірде.

– Қоғамның саяси плюрализмге, пікірлердің әралуандылығына сұранысы байқалады. Жастар елдегі саяси модернизация процесін жасауды, демократияның өзіндік моделін қалыптастыруды талап етіп жатыр. Бір жылдың ішінде әлеуметтік-саяси процестерді либерализациялауға біраз қадамдар жасалды. Оның ең негізгісі ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Президент Тоқаевтың басшылығымен осы кеңес аясында елде эволюциялық тұрғыда саяси реформалардың алғышарттары жасалып жатыр. Бүгінде президент саяси реформалардың бірінші пакетін ұсынды. Оның аясында митингтер туралы жаңа заң қабылдануда. Парламент туралы заңға «парламенттік оппозиция» деген термин енгізіліп, ол да іс жүзіне асып жатыр. Адамдар бостандығы аясында қылмыстық кодекстік 130-бабы, 174-бабы либерализацияланып, бүгінгі таңда мәжілісте осы заңдардың бәрі қарастырылу үстінде. Бұл елдегі саяси процестерді демократияландырудың алғышарты деп айтуға болады, – дейді Ерлан Сайров.

Саясаттанушы президент «естуге қабілетті мемлекет» концепциясын ұсыну арқылы халықтың, қоғамның мүдделерін мемлекет, билік тыңдап, сол бойынша белгілі бір шешім қабылдау үшін ең негізгі базалық алғышарттарды жасауда» де есептейді.

– Бұл – әлеуметтік процестерді модернизациялаудың алғашқы қадамы. Дегенмен елде мәселе өте көп. Бүгінгі таңда халықаралық жағдайға байланысты халықтың демократияға деген, әлеуметтік теңдікке деген сұранысы арта береді. Осы сұраныстарға жауап беруге қабілетті мемлекет қана дұрыс қоғам құра алады. Сондықтан модернизация процестері әрқашан болуы қажет дейтін жаңа концепция пайда болуға тиіс, – деп атап өтті саясаттанушы.

Қоғам белсендісі, Демократиялық партия құру бойынша ынталы топ жетекшісі Жанболат Мамай «Тоқаев бір жылда ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе істемеді» деген пікірде.

– Тоқаев президент атанғанда «елде саяси реформалар жасаймын», «саяси өзгерістер жасаймын» деп уәде берді. Бірақ бүгінде оның ешқайсысы жүзеге аспағанын көріп отырмыз. Оның бастамасымен құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысының нәтижесін қарар болсақ, олар ұсынған саяси реформалар пакетіне зер салсақ, ешқандай нақты алға жылжудың жоқ екенін көреміз, – деген белсенді мемлекеттік аппарат, жалпы шенеуніктер Тоқаевтың жағына ығысып жатқаны байқалатынына назар аударды.

Оның пікірінше, Тоқаевтың командасына өтуші топтар артса, онда алдағы уақытта Тоқаевтың позициясы белгілі бір деңгейде күшеюі мүмкін. «Алайда бұл Тоқаев саяси өзгерістерге барады деген сөз емес. Өйткені саяси реформа жасалса, елде әділ түрде саяси партия пайда болатындай мүмкіндік жасалса, ашық парламенттік сайлау өтсе, онда Тоқаев бірінші мерзімнен кейін-ақ отырған орнынан айрылатынын біліп отыр. Саяси бәсекелістікке шыдай алмайтынын біліп отыр» дейді Ж. Мамай.

Қоғам белсендісі «бүгінде билік ішіндегі тартыс күшейе түсті» деп санайды.

– Билікте Назарбаев пен Тоқаевтан бөлек түрлі саяси топтар пайда бола бастағаны байқалады. Айсұлтан Рахаттың мәселесін қоздырушылар бар, әртүрлі телеграм каналдар арқылы Дариға Назарбаеваға қарсы жұмыс жасап жатқан топтар бар. Дариға Назарбаеваның жеке кландық топтары бар. Осыларды ескеріп, биліктің ішінде тартыс қатты күшейе түскенін айтуға болады, – дейді ол.

Экономист Мақсат Халық Тоқаев тұсындағы ел экономикасына баға беру үшін бір жыл жеткіліксіз екенін айтты.

Оның сөзінше, президент ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысқанымен, жасалған қадамдармәселені  уақытша шешуге арналған инструмент болып қалған.

– Президент ә дегеннен көпбалалы аналардың мәселесін назарға алды. «Атаулы әлеуметтік көмекті» тағайындады. Кредитті кешіру акциясын жүзеге асырды. Несие амнистиясы аясында 600 мыңнан астам шот жабылды. Азаматтардың борыштық берешегі кәдімгідей жеңілдеді. Алайда бұл қаншалықты негізді болды деген сұрақ туады. Көріп отырғанымыздай, аталмыш акция мәселені қысқа мерзімде шешкен инструмент болып қалды. Кредиті кешірілген азаматтардың басым көпшілігі көп ұзамай қайтадан банкке қарызға кіріп жатты. Бұған жұмсалған қаражат азаматтарды қосымша курстарда оқытып, біліктілігін арттырып, жұмысқа тұрып кетуіне көмектескенде, аналарға үйде отырып ақша табудың жолдары үйретілсе, әлдеқайда тиімдірек механизм болар еді. Дей тұрғанмен, кредитті кешіру шарасы шұғыл керек болды. Өйткені соңғы 3-4 жылда халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Соңғы бірнеше жылда халықтың нақты табысының өсімі теріс көрсеткішке ие болды, – дейді қаржыгер.

Мақсат Халықтың сөзінше, Тоқаев тұсында әлеуметтік мәселені шешуге қарай бетбұрыс байқалады. 3 жылдық бюджеттің 50 пайызын әлеуметтік бағытқа бағыттауы, ең төменгі жалақыны 42 мың теңгеге көтеруі соның айғағы. Десе де, сарапшы «үкімет бекіткен ең төменгі жалақы мөлшері әлі де аз. Біздің есебімізше, ең төменгі жалақы 60 мың теңгенің маңайында болуы керек» деп атап өтті.

Қаржыгер теңге экономикада бұған дейін жіберілген олқылықтардың салдарынан құнсызданып жатқанын айтты.

– Елде индустрияландыру бағдарламалары қабылданғанымен, оның жүзеге асырылу барысы экономиканы әртараптандыру мен модернизациялауда айтарлықтай эффект бере алмады. Мұнай бағасы жоғары болып тұрғанда мемлекеттік аппарат арқаны кеңге салып, еңбек өнімділігіне көңіл бөлмеді. Бұл мұнай бағасы бареліне 30 долларға дейін түсіп кеткен кезде көрініп отыр. Әсіресе квазимемлекеттік сектор қай шамада жұмыс істеп жатқаны әшкереленіп қалды, – дейді сарапшы.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір