20 Наурыз, 2020 Айтты-ей, бауырың!
Ашық дереккөз
Маған кеше Ақтаудан таныс бір азамат хабарласып мешітте жамағатпен намаз оқытпай жатқанын хабарлап, имамдарға деген ренішін жеткізді. Сондағысы "фалақ" пен "нас" сүресін оқыған мұсылманға вирус жұқпайды екен. Дәл осындай мәндегі видео роликті Алмас Алтай бауырым да маған жіберіп, жамағатқа түсіндіруімді сұрапты.
Жалпы мұндай мәселелер мына дүниедегі Алланың қойған заңдылықтары мен дұғаның арасын дұрыс ажырата алмаудан туындайды. Шынайы тақуалық әрекет пен салғырттықты шатастырудан шығады.
Әсілінде, дұға-тілек екі түрлі болады. Біріншісі іспен, Құдайдың мына дүниеде қойған заңдылықтарын, себептерін орындау арқылы жүзеге асады. Мысалы, көктемде жер жыртып, егін егу, дәрісін шашып, тыңайтқышын құю да әрекетпен жасалған "Жаратушым маған берекелі егін бер" деген дұғаға жатады.
Ал екіншісі жүрекпен, тілмен жалбарыну арқылы болады. Сондықтан қазіргі әлемдік пандемияға айналған коронавирусқа қарсы екі түрлі дұғаны қатар жасауымыз керек. Сөзбен жасалған дұға жеткілікті деу дінді, пайғамбарды дұрыс түсінбеу. Алла елшісі (с.а.у.) не нәрсе болсын, алдымен Алланың осы дүниеде қойған заңдылықтарын, себеп-салдарларын орындайтын. Мысалға ухыд соғысын алайық. Мәдинаға қалың әскермен шабуыл жасаған құрайыштықтарға қарсы мұсылмандарды барынша қаруландырды. Өзі де сауытын киіп, қолын көкке көтеріп, егіле жылап ұзақ дұға жасады. Сахабаларына "сауыттарыңды шешіп, қаруларыңды тастап, "фалақ" пен "нас" сүрелерін оқысаңдар, сөзсіз жеңіске жетесіңдер" деген жоқ. Керісінше екі түрлі дұғаны да кемеліне жеткізіп орындады. Хандақ соғысында да дұшпандардан Мәдина қаласының айналасына ор қазу арқылы қорғанды.
Ендеше, әуелі себептерді қолымыздан келгенше барынша орындаймыз. Бірақ себептерді қандай жоғарғы деңгейде орындасақ та, оның өзіндік кемшілігі болатындығы сөзсіз. Сондықтан бірінші дұғамызды жүрекпен, тілмен жасалатын дұғамыз арқылы толықтырамыз. Сондай-ақ, себептерді қанша орындасақ та, себептердің нәтижесін беретін Алла екенін ұмытпауымыз қажет.
Олай болса, біріншісіне мән бермегеннің тілмен ғана айтқан тілегі көбінесе қабыл болмайды. Біріншісіндегі салғырттықты екіншімен жабуға тырысу жауапкершіліктен қашу һәм шынайы тілектің қадірін кетіру саналады.
Қандай іс болмасын себептерді руханиятқа мүлдем сенбейтін материалистер тәрізді орындау, ал тілмен, жүрекпен жасалатын дұғаны себептердің еш пайдасы жоқтай жалбарына сұрау шынайы тақуалықтың шыңы болмақ.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір