• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:15:55
Алматы
+35°

21 наурызда Алматы облысында коронавирус жұқтырған бір адам анықталды. Осыған байланысты Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Талдықорғанда брифинг өткізіп, вирус жұқтырған азамат туралы мәлімет берді.

Басқарманың дерегінше,  вирус жұқтырған азамат кеше, 20 наурызда ауруханаға өзі телефон соғып, жедел жәрдем шақырған. 

"Науқас 20 наурыз күні  сағат 10.45-те Қарасай аудандық ауруханасына телефон соғып, дене қызуының көтерілгені жайлы хабарлаған. Соның арқасында дәрігерлер оны сағат 11.30-да  инфекциялық ауруханаға оқшаулады. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа. Құрғақ жөтелі, кішкене дене қызуы әлі де бар" деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Оның айтуынша, вирус жұқтырған адам 17 наурыз күні Сауд-Арабиясынан Стамбул арқылы Бішкекке ұшып келген.

"Оның жүрген жолын тексергенде, 17 наурыз күні Сауд-Арабиясынан Стамбул арқылы Бішкекке ұшып келгенгі анықталды. Бішкек кеденінен жаяу өтіп, таксимен Алматыға келген. Таксиде өзімен бірге тағы 3 азамат болған. Алматыда оны достары күтіп алады. Ол жерде бір күн болып, содан кейін Жамбыл облысындағы Шу қаласына өзінің отбасына барған. Ол жақта бір күн болып, Алматы облысы Қарасай ауданына келген. Қарасай ауданында өзі жалғыз тұрады. Тексере келе бұл адамның 11 адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Олардың барлығы оқшауланып, ауруханаларға жатқызылды" деді Бауыржан Ысқақ. 

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда вирус жұқтырған 53 адам бар. Нұр-Сұлтанда – 28 адам, Алматыда – 22 адам, Қарағандыда – 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.

Қазақстанда Covid-19 коронавирусын жұқытырғандар алғаш рет 13 наруызда анықталған. Кейін, 15 наруызда – вирус жұқтырғандар саны сегіз адамға жеткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елде 16 наурыз таңғы сегізден 15 сәуір таңғы жетіге дейін төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал 19 наруыздан бастап елдің екі ірі қаласы – Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. 


 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: коронавирус

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір