• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:32:02
Алматы
+35°

АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда "соғысы" біртіндеп саябырсып келе жатқанда, жағдай мүлде басқа арнаға ауысып кетті. Ойламаған жерден коронавирус пайда болды да әлемді аз уақыттың ішінде астаң-кестең етті. Экономика, мұнай өндірісі, қаржы нарығы, әлеуметтік сала бәрі де дағдарысқа түсті. Әлем елдері жаппай вирустан құтылудың, сақтанудың жолын қарастыруда. Вакцина өндіретін елдер ол үшін мол қаржы бөліп, ғылыми зерттеу жұмысын барынша қолдап отыр.

Әлемде вакцина өндірісі – аса табысты саланың бірі. Мысалы халықаралық "AllianceBernstein" активтерді басқару компанаиясының жазуынша: Вакциналар нарығы соңғы жиырма жыл ішінде алты есе өсіп, қазіргі коронавирусқа байланысты құны 35 миллиард АҚШ долларына жеткен. Әлем бойынша осы табысты саланың 85 пайыздық үлесін небәрі 4 ірі корпорация ұстап отыр. Олар: Ағылшындық "GlaxoSmithKline",  франциялық "Sanofi" және АҚШ-тың алпауыт компаниялары "Merck" пен "Pfizer". Қытайда әлемдік нарықта көптеп вакцина өндіретін өндіріс орындары болғанымен, нақты өзінің зияткерлік құқығымен жасаған төл вакцинасын алғаш рет 2013 жылы қазан айында Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекітуінен өткізген. Бірақ Үндістан мен Қытай қазіргі кезде вакцина өндірісі дамып отырған елдер саналады.

Нәтижеде АҚШ алғаш болып 16 наурызда дайындаған вакцинасын 18-55 жас арасындағы 45 дені сау еріктіге салу жұмысын бастады. Қытай ертесі, 17 наурызда вакцина дайын болғанын және оның эбола  вирусына қарсы вакцина негізінде жасалғанын әрі өздерінің төл өнімі екенін сондай-ақ қауіпсіз, өнімді әрі сапалы өнім екенін жариялады. Алайда вакцина жасаған қытайлық мамандар "АҚШ-тың вакцинаны бірден адам денесіне салуы асығыстық болды, алдымен жануарларға салып сынап көру керек еді" деген ойларымен бөлісті. Вакцина жасауға АҚШ 60 күндей уақыт жұмсаса, Қытай 50 күн шамасында уақыт жұмсаған екен. Байқап қарасаңыз, екі ірі ел арасында бәсекелестіктің тек экономика саласында ғана емес, ғылым мен техника, әскери-медициналық сала бойынша да жоғары деңгейде екенін көруге болады.

Вакцина жасау саласы біз онша мән бермесек те, дамыған елдер арасында ғылым мен білімнің, жоғары техниканың, мемлекет қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздік секілді толып жатқан салалар бойынша барынша маңызды әрі бәсекелестігі жоғары сала екен. Себебі, бұл сала көп қаржыны, жоғары технологияға негізделген ғылыми-инновацияның, халықаралық маркетинг пен менеджменттің болуын талап етеді. Бұл талаптардан кез келген елдің шығуы қиын. Сол үшін бұл салада бәсекелестер көп емес. Бір сөзбен айтқанда монополияланған сала деуге болады. Бернштейннің (AllianceBernstein) жазуынша, дамушы 94 елге салынған әрбір АҚШ доллары вакцина инвестициясының қайтарым табысы 44 АҚШ доллар. Бұл саланың осындай табысты екендігін Merck-тің вакцинация бизнесі 2019 жылы 8,4 млрд АҚШ долларын құрайтын табыс әкелгенін әрі сегмент жыл сайын 9 пайыздық деңгеймен өсіп келе жатқанынан көруге болады. Бұл жыл сайын жаңа вирус пайда болып адамдар ауыруға шалынып жатыр ма, жоқ әлде ақшаға құныққандар өздері вирус жасап соны таратып, вакцинасын сату арқылы қалталарын барған сайын қалыңдатып отыр ма, оны бір Құдай біледі.

Алпауыт мемлекеттер арасындағы экономикалық, қаржылық және әскери қару-жарақтардағы барлық бәсекелестіктің түбінде ғылым мен білімдегі бәсекелестік жатыр. Білім және ғылым саласында дамыған елдер басқа сала бойынша да дами алатыны белгілі. Мен не үшін вакцина "соғысы" – адамзаттың ақырзаманы деп айтып отырмын? Себебі, адамның ауруға қарсылық қуаты және оның вирустармен жұғымдалуының бәрі де гендік ерекшеліктеріне ие.

Әр жасушада адамның генетикалық ақпараты сақталған. Сондықтан дене ағзаларымыздың бір жасушасы арқылы сол ағзаны жасап шығуға болады. Мысалы, өкпенің бір тал жасушасы бар болса, әрі сау болса, адам өкпесін қайта жасауға болады деген сөз. Сондықтан кейбір мемлекеттер азаматтарының "гендік қоймасын" жасап жатыр. Гендік қойма (қор) – сол елдегі  адамдардың қанына түрлі медициналық талдау жасау арқылы алынған, азаматтардың жалпы медициналық, биологиялық, гендік ақпараттарының сақталған базасы. Бұл қойма мемлекеттің басқару құрылымы үшін де, медицинасы үшін де аса маңызды. Алайда, аса қатерлі тұсы – егер тек бір ғана ұлтты жоюды мақсат ететін болса, нысанаға алынған ұлттың гендік ерекшеліктерін сол гендік қордағы мәліметтер арқылы тауып, тек соларға ғана жұғатын вирусты ойлап таба алады. Бұл айтылғандар қазіргі заманғы ғылым саласында CRISPR технологиясы деген атпен белгілі болжамдар мен теориялар (ол туралы жеке тоқталамыз). Әлі нақты өмірде іске аспаған дүниелер. Алайда, адам баласының жалпы мейірімнен алшақтап бара жатқанын ескергенде, күндердің бір күні осындай вирустардың да жасалып, оны мақсатты түрде таратылуы да мүмкін.

Біздің дөп келіп отырған COVID-19 вирусы да шығу тегі әлі белгісіз. Қытай соңғы кездері оны АҚШ-тан көрсе, АҚШ оны бірден Ухань вирусы атап, тікелей Қытайдың өзінен шыққанын айтып отыр. Аталмыш вирус алғашында "жарғанаттан таралды" делінсе, кейін, "Ухань қаласындағы вирусты зерттеу институтынан таралды" деген дақпырт, соңынан "Қытайдың биохимиялық қару жасау барысында байқаусызда "шығып" кеткен вирус" деген алып-қашпа дүниелер айтылып, жазылып жатты. Біз шын мәнінде, бұл вирустың қайдан шыққанын білмей отырмыз. Бір анығы әлемді алаңдатуға көзге көрінбес дүниенің қуатының жеткендігі.

Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде індетке шалдыққандар артып барады. Бұл тарихта кем кездесетін індет. Болашақта, әлде бір ел немесе есерсоқ басшылар бір өзінен өзгені, белгілі мүдде үшін жоқ қылуды көздеп вирус өндіріп, оны таратып жатса, әлемнің ақырзаманы сол емес пе, сіз қалай ойлайсыз?

Сөз соңында жағымды ақпаратпен бөлісе кетейін, Қытайдың әскери сайытының мәліметінде соңғы күндері Ухань қаласында бірде бір коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелмеген. Көрші елдегі жағдай қалпына келе бастаса, біздің елде де бұл індет ұзаққа созылмас. Оның үстіне елімізде Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты COVID19 вирусына қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмысты бастады. Бұл да еліміздің ғылым саласындағы бір жетістігі. Қайсы ел вакцина әзірлесе де, оның өндіріске енуіне 12 айдан 18 ай көлемінде уақыт керек.  Демек, вакцина дайын болғанымен, адамдарға егілуіне дейін сонша уақыт сынақтан өтеді. Міне, сол аралықта бұл дертпен күресуді тоқтатып қоюға болмайды. Қытайдағы індет ошағындағы оң жағдай сол үшінде жағымды болып отыр.

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір