• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 03:28:54
Алматы
+35°

Халықаралық интеграция мен жаһандану дәуірінде мемлекеттер мен халықтардың өсіп келе жатқан экономикалық, саяси және басқа да бағыттар бойынша өзара тәуелділігіне байланысты, әлемдегі бірде-бір ел, ресурсы мен қуаты, даму деңгейіне қарамастан, сыртқы күштердің ықпалына ұшырамай қоймайды. Әскери, экономикалық және саяси тұрғыдан қаншалықты күшті болғанымен, бірде-бір мемлекет басқа елдерден оқшаулана отырып, бүгінгі күннің өткір мәселелеріне төтеп бере алмайды. Оларға тек жақын халықаралық ынтымақтастық аясында ғана қарсы тұруға болады. Халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісіне айналған жас та тәуелсіз Қазақстан Республикасы үшін жалпы халықаралық жүйенің сын-қатерлерін уақытында ескеретін және қажет жағдайда тиісті түрде әрекет ететін сыртқы саясатты жүргізіп, еліміздің ұлттық мүдделерін бірінші орынға қою өте маңызды. Осыған байланысты, мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саяси функцияларын іске асырудағы нәтижелері мен жетістіктерін зерттеу, сондай-ақ, осы негізде халықаралық интеграция мен жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын айқындау басым міндеттердің бірі болып табылады.

Әлемдік аренадағы оқиғалар Қазақстанға негізінен жанама түрде әсер етеді. Көп жағдайда, мұндай оқиғалар Қазақстан экспортының негізін құрайтын тауар бағаларына әсер ету арқылы ықпалын тигізеді. Мысалы, 2019 жылдың күзінде Сауд Арабиясындағы мұнай нысандарына жасалған шабуылдардан және осы елде өндірістің төмендеуінен кейін әлемдік нарықтардағы мұнай бағасы 12 пайызға дейін көтерілді. Қазақстан мұнай экспорттайтын болғандықтан, қысқа мерзімдік мұндай оқиғалар елдің экспорттық кірісіне оң әсер етеді.

Мәскеу басқару мектебінің дамушы нарықты зерттеу институтының еуразиялық зерттеу зертханасының жетекшісі Гаухар Нұрғалиеваның айтуынша, көршілес елдерде – Ресей мен Қытайда болып жатқан оқиғалар Қазақстанға ұзақ мерзімді әсерін тигізеді. Екі көрші мемлекет үшін де 2019 жыл оңай болған жоқ. Ресейге қатысты Батыс елдерінің санкциялары күшейе түсті, Қытай АҚШ-пен сауда соғысын жалғастырды. Алайда бұл оқиғалардың біздің елімізге әсері басқаша болды. Ресей экономикасына түскен қысым рубльдің құлдырауына әкеліп соқты, бұл да қазақстандық теңгеге теріс әсер берді. Ал Қытай импорттаушылары кей америкалық тауарларға импорттық тарифтердің жоғары болуына байланысты кейбір өнімдердің балама тауар жеткізушілерін іздеуге мәжбүр болды. Осының арқасында Қазақстанның астық, ет және сүт өнімдерін, соя және химия өнімдерін жеткізушілер үшін қытай нарығына шығу перспективалары ашылған болатын.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, Қазақстан 2019 жылы жоғары позицияларға ие болған халықаралық рейтинг агенттіктері елді аймақтағы және ТМД-дағы көшбасшы ретінде қарастыруға дайын. Көптеген көрсеткіштер бойынша республиканың бұдан да жоғары орындарға ие болу мүмкіндігі бар. Жақында Қазақстанның рөлі геосаяси тұрғыда Қытайдың «Жаңа Жібек Жолы» жаһандық бастамасының (NSW) арқасында тағы да өсті. Қазақстан «бір белдеу – бір жол» деген атпен белгілі қытайлық «ғасыр жобасының» құрлықтағы транзиттік мемлекет, оның мақсаты байланыстырушы елдің инфрақұрылымын құру арқылы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа формасы болып табылады.

Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, бастамаларға қатысатын негізгі елдердің ЖІӨ-і Жаңа Жібек жолы бойындағы инфрақұрылымдық жобаларды енгізу есебінен өсіп жатқан сауда мен сабақтас салалардан түсетін түсімдер есебінен 3,35% дейін өсуі мүмкін. Танзания мен Кения сияқты экономикасы аз дамыған Африка елдері бұл бастамадан көбірек пайда көреді, өйткені жетілдірілген инфрақұрылым сауданың өсуіне, экономика мен халықтың әл-ауқатына үлкен әсер етеді. Орталық Азия елдері үшін инфрақұрылымның ЖІӨ өсуіне әсер етуі орта есеппен 1,46% деңгейінде бағаланып отыр. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш тек қосымша инфрақұрылымнан 6,47%-ға дейін және шекарадағы кідірістерді азайту мен кедендік тарифтерді төмендету сияқты басқа шаралар қабылданған жағдайда 20,7%-ға дейін жоғары болмақ. Сондықтан, ең алдымен Қазақстан «ЖЖЖ» жобасынан пайда алуды назарға алуы керек.

Әлемдегі басқа маңызды жоспарланған іс-шараларға кіретін АҚШ-тағы президенттік сайлау, Қытайдағы жағдай, әлемдік саясаттағы бұдан кейінгі де оқиғалар осыған байланысты болады. Осы жылы АҚШ пен Еуропалық Одақ Орталық Азиядағы сыртқы саяси стратегияларын жаңартты. Орта мерзімді перспективада біздің аймақтағы Батыс блогының неғұрлым белсенді қатысуы күтілуде.

ТМД-ның басқа елдеріне қатысты Қазақстанның позициясы қандай аспектілермен салыстырылатындығына байланысты ерекшеленеді. Кейбірінде, мысалы, әскери қуаттылығын немесе ЖІӨ мөлшерін салыстырғанда, Қазақстан сөзсіз Ресейден төмен. Мәселен, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түрікменстан мұнай-химия саласында Қазақстанды басып озды. Соңғы жылдары бұл елдер полимер және газ-химия өнімдерін шығаратын кәсіпорындар ашты. Грузия сыбайлас жемқорлықты жеңу жолында үлкен қадам жасады, ал Қырғызстанда басқа көршілес елдердегі сияқты ҮЕҰ секторы да дамуда.

Сонымен қатар, Қазақстан заңнаманы реформалауда мейлінше ұтқыр бола отырып, басқа мәселелер бойынша Ресейден озып отыр. Мысалы, Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалды, сондай-ақ әйелдерді елдің саяси және экономикалық өміріне тартуға қатысты мәселелер жақсы өрбуде. Сөз жоқ, Қазақстан ТМД-ға тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың басты нүктесі болып табылады және тұтастай алғанда тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бітімгершілік бастамалардың, мысалы, ядролық қарудан бас тарту мен Сириядағы қақтығысты шешудегі делдалдықтың арқасында халықаралық қоғамдастықта үлкен беделге ие болғандығын мойындау керек.

Қазақстан көлік инфрақұрылымын белсенді темпте дамытып жатыр. Бұған қоса, жақын көршілер де еліміздің көлік әлеуетін жаңғыртуға мүдделі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия қазірдің өзінде Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көпірге айналған.

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансконтинентальды тасымалды дамытуда белсенді жұмыстар жүргізуде. Осы орайда Қазақстандағы темір жолдар мен автомобиль жолдарының оңтайлы логистикалық тізбегін қамтамасыз ететін, осылайша Қытайдың шығыс жағалауын Еуропамен байланыстыратын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын атап өткен жөн.

Қазіргі кезде Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа кең ауқымды интеграция, өзара тиімді серіктестік және жаһандық проблемаларды, соның ішінде экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуде тығыз ынтымақтастықпен сипатталады.

Жаһандану, сондай-ақ дәстүрлерді, мәдениеттерді, дін мен идеологияны біріктіру процесі болып табылады. Қазіргі біздің әлем диаметрлік тұрғыдан қарама-қайшы құндылықтар, идеология, тарихи дәстүрлері бар мәдениеттердің болуымен сипатталады. Онда қуатты деген әлемдік және дәстүрлі діни жүйелер ұсынылған. Тәжірибе көрсеткендей, әртүрлі тарихи дәстүрлер, діндер мен идеологиялары бар елдердің өзара әрекеттесуі неғұрлым тығыз болса, олардың бір-біріне деген төзімділігі де күшейеді.

Осыған байланысты Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу дәстүрге айналғанын атап өткен жөн. Тарихи дәстүрлі ислам мәдениетімен қатар, елімізде барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің дамуына жағдай жасалған. Сондықтан Қазақстан әлемдегі ең ірі конфессияаралық диалогтың орталықтарының біріне айналды.

Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келеді. Қазақстан қалыптасқан сыртқы саяси жүйесі бар ел ретінде өзінің жүйелі дамуы үшін жаһанданған әлем талап ететін сын-қатерлерді ескеруге мәжбүр. Проблемаларды анықтау және алдын алу, оларды шешу бойынша шаралар қабылдау, қоғамның жаңа сын-қатерлеріне жауап беру – Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатының жолы.

Жаһандану жағдайындағы халықаралық үнқатысудың өзіндік ерекшеліктері мен проблемалары бар, мысалы, мүдделердің тығыз интеграциясы жағдайында этникааралық келісімді сақтау және нығайту, мәдениеттердің ұқсастығын сақтау және сонымен бірге этносаралық қатынастарды жақсарту. Алайда, елдің сыртқы саясаты Қазақстанды өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, қоғамды интеграциялау жолында осы мәселелерді барабар және дәйекті түрде шешуге бағытталғанын ерекше атап айтуға болады.

Қарлығаш Зарықханқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір