• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:31:45
Алматы
+35°

"Біл ойлан" youtube арнасында Францияда тұрып жатқан Омар Әбдіқаһарұлы  атты этникалық қазақтың  отбасымен коронавирус жұқтырғанын айтқан видеоүндеуі жарияланды. Үндеуде науқас үй карантинінде қандай ем алып, қалай күтініп жатқанын баян еткен.

Оның айтуынша, 14-15 наурызда отбасында алғаш үлкен қызында коронавирус анықталған. Оның жасы 10-да. 17 наурызда жұбайы сырқаттанса, 21 наурызда өзінен сырқат белгілері байқалған. 22 наурызда 4 жасар ұлында, 24 наурызда кенже қызында вирус анықталған.

– Ассалаумағалейкум, Қазақ елі. Менің атым – Омар. Францияда тұрамын. Дүниені аласапыранға салған коронавируспен отбасым жұғымдалды. Бұл вирустың белгілері отбасымызда әркімде әрқалай басталды. Сіздерге аурудың белгілері қалай басталғанын бөліспекпін. 17 наурыздан бастап біз вирус жұқтырғанымызды сезіндік. Бастапқыда қызым ауырды. Бірақ біз сырқатты вируспен байланыстырған жоқпыз және жұқты деп ойламадық. Өйткені қызым жөтеліп, бірінші күні тамағы ауырды, екінші күні қызуы көтеріліп, үшінші және төртінші күндері өзіне келіп, жақсара бастады. Қазір жағдайы жақсы, – деді Омар Әбдіқаһарұлы.

Сондай-ақ ол әйілінің де тамағы ауырып, жөтеліп, денесі қызғанын атап өтті.

Ал Омардың вируспен күрескеніне бүгін алтыншы күн.

– Бастапқыда менің тамағым ауырып, ертесіне жөтел мен қызуым болды. Кеше түнде де қызу болған. Қазір өкпемнен бірдеңе ұстап, түйіліп тұрғандай. Артық тыныс алсам, ауырады. Қазір жақсымын. Алдағы уақытта бұл вирусты Аллаһтың қалауымен жеңіп шығамыз деп үміттенемін, – деді Омар.

Ол дәрігерлер айтқан қажетті дәрі-дәрмектерді ішіп, иммунитетті көтеретін жеміс-жидектерді жеп жатқанын айтты. 

– Құрметті Қазақ елі, спортпен айналысқан маған мына ауру маған осылай әсер етіп жатқанда, жасы үлкендердің қандай деңгейде ауыратынын ойлап түсіну қиын. Сол себепті аурудан сақтанып, топтасқан жерлерге бармаңыздар. Тіпті біз вирусты отбасымызбен қалай жұқтырып алғанымызды әлі күнге дейін білмейміз. Қазақ елін бұл аурудан сақтануға шақырамын, – деген Омар Әбдіқаһарұлы қазақстандықтарға үйден шықпауға кеңес берді.

 

 



"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір