• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:04:49
Алматы
+12°

28 Наурыз, 2020 NEWS

Абаев: Жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамаңыздар

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың төтенше жағдайға байланысты 28 наурыз күнгі брифингте сөйлеген сөзінің толық нұсқасы.

видеодан скриншот

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінгі тікелей эфирді онлайн-брифинг емес, үндеу деп қабылдаған жөн.

Өздеріңіз көріп отырсыздар, індет таралуы үдеп барады. Бір түнде 40-тан аса адамның анықталғаны – бұл алаңдататын жағдай. Қазір вирус жұқтырғандардың саны 204-ке жетті.

1899 адам стационарлық карантинде. 3 жарым мыңнан астамы үй карантинінде.

6 мыңнан аса адам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95%-і анықталды.

Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр.

Өзге елдердегі жағдайға қараңыздар. Италияда бір күнде 969 адам қайтыс болған. Оның барлығы сақтық шарасына салғырт қарағанның салдары. Бұл жағдай барлығымызға сабақ және ескерту болуы керек.

Коронавирус, әсіресе, жасы үлкен адамдарға қауіпті. Олардың ішінде бәріміздің атамыз бен әжеміз, әкеміз бен анамыз бар. Өзіміз үшін қорықпасақ та, ең болмаса, сол үлкендерімізді ойлайық.

Кейбір адамда ауру белгісі бірден білінбеуі мүмкін. Ондай адам үйде отырмаса, өзі білмей адамдарға жұқтырады.

Осылайша, ондаған отбасының обалына қалуыңыз мүмкін. Осындай жағдайдан сақ болайық.

Қазір вирусқа қарсы ең тиімді күрес – ол карантин режимін сақтау. Сіздерден осыны тағы да сұраймыз. Үйден шықпаңыздар. Қазір, шетелге шықпай-ақ, ауру жұқтырғандардың саны өсуде.

Бұл дегеніміз – ауру кез-келген жерде жұғуы мүмкін. Қонақта, туыстардың үйінде, лифтте, автобуста, кезекте тұрғанда.

Алайда, көп адамдардың бұл ескертулерге салғырт қарайтынын көріп отырмыз.

Мысалы, кеше, бір күннің өзінде, төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылған. Оның 74-і қамауға алынды.

Бұл бейқамдық ауруханада науқастарға орын жетпеуіне әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан, ағайын, өзімізді, жақындарымызды сақтайық.

Жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды. Көмектеседі.

Зейнеткерлерге дәрі апаруға, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге көмектесеміз. Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, жұмыстан босаған немесе ақы төленбейтін демалысқа шыққандар төлем алады.

Бүгінгі таңда, Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға резервтен 14,7 млрд. теңге бөлді.

Оған қоса, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күресіп жатқан адамдарға жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 21,4 млрд. теңге бөлінді.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне жеке қорғаныс құралдарын, дәрі және медициналық құралдар сатып алуға 10,7 млрд. теңге қарастырылған.

Қазір, салық тексерулері және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау тоқтатылды. Салық декларациясын тапсыру мерзімі 31 наурыздан 30 сәуірге дейін ұзартылды.

Құрметті ағайын!

Мемлекет коронавируспен күреске қажетті барлық шараны жасайды. Бірақ, бірінші кезекте, әр адам өзін-өзі, өз отбасын сақтауы керек.

Сондықтан, үйде болайық. Аман болайық.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір