• USD 411.54
  • EUR 458.13
  • RUB 5.84
  • CNY 57.64

01 Сәуір, 2020 Әлеумет

"Мына зауал – Жасаған иеміздің адамзатты тәубесіне түсірейін дегендей оқыс әрекеті"

Көрнекі сурет

Жалпы, қасірет, жамандық атаулы жалғыз-жарым жүрмейтіні, ел мен жұрттың еңсесі, рухы түскен кезеңде төпелеп кеп бірінен кейін бірі шүйдеден соғатыны белгілі. Шыдас беру өте қиын. Халқымыздың өсу-өркендеу шежіресін парақтасақ, қазақ ел болып етек жинағалы неқилы зобалаңдарды бастан өткеріп, барлығынан да берекесі мен бірлігінің арқасында аман-есен өткен екен.

Осы жолғы короновирус нәубеті – тек қана қазақ емес, әлем жұртына сынақ болатын сияқты. Бұл адамзатқа қырғын себетін зауал қайдан келді, жер бетін қашанға дейін үрей мен қорқыныш уысында ұстайды, аяқталар мерзімі айқын ба, антивирус табыла ма дегендей үміт-сұрақтар әлі күнгі ашық тұр. Жалпы, қазақта: «Жаман айтпай –  жақсы жоқ» дегендей ымыраға, жағымпаздыққа көнбейтін мәтел бар. Көгентүп мазмұны, шындықты бүркемелемей ашық айт дегенге саяды. Ашығын айтайыншы.

Ақырзаман жайлы айту ерте. Десек те, адамзаттың әсіре азғындап, әсіре есіріп, әсіре есіріктеніп бара жатқаны рас болатын. Қазақта: «Жалшыға жымиып қарасаң, шапанына жамау сұрайды» дегендей тұрақты сөз тіркесі бар. Біз Алланың кеңпейілділігін көтере алмадық. Адами мораль шекарасын бұзып-жарып, топалаң жасап жатқанымызды бірде жаңа заман мәдениетінің шарықтап өсуіне, енді бірде өркениетке жатқызып, соларды жер бетін жайлаған пенделердің барлығына үлгі-эталон ретінде ұсына бастағанымыз өтірік пе?! Тәубемізге түспедік, Жасағанның қолынан алып отырған таңғы асымызға шүкірімізді айтуды ұмыттық, ниетіміз бен пейіліміз тарылды, монданақтай Жер бетін жемқорлық пен боқ-дүниеге деген ашқарақтық жайлады, мейірім мен имандылықты ысырып тастап қорқаулықты, қарақшылықты алдыңғы қатарға шығардық. Ұрпағымызға үлгі еттік.

Міне, адам баласының дәп осындай азғындауын Алла көрмей, білмей отыр дейсіз бе? Жоқ. Көріп отыр. Көз жасын көлдетіп отыр. Ақыры, қатал шешімге келді ол. Мына зауал – Жасаған иеміздің  адамзатты бір сәтке болсын тәубесіне түсірейін дегендей оқыс әрекеті. Алланың ескертуі: «Жоғалтқан жақсылықтарыңды қайтара тауып ал, көзіңді аш! Ей, пенде, Адам екеніңді ұмытпа!»

Мәселе, бұл індеттің қайдан, кімнен шыққанында емес. Мәселе: бірлік пен берекеде! Мәдениет пен өркениет есірік би мен тән жалаңаштауда, дарақы ән мен бейәдеп тірлікте деу өте жаңсақ ұғым. Кемеңгеріміз Абайдың мұқым шығармаларының түйіні неге Адам бол деген түсінікке тоқайласады дейсіз. Адам болу – кісілік пен адамгершілік, ұят пен ар шеңберін бұзбау! Бұздың екенсің – сенің адамдығыңның құны бес тиын!

Қазіргі күнгі короновирус зауалын тек адами салқынқандылық, мемлекеттік бірлік, ұлттық береке, әлемдік ауызбіршілік арқылы ғана жеңеміз.

Әлібек Қаңтарбаев,

Қазақстан жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының

директоры

Ілмек сөздер: коронавирус

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір