Қазақстанда жұмысынан айрылып, табыссыз қалған азаматтар үкімет беретін 42500 теңге жәрдемақыны алу үшін жаңадан ашылатын арнайы сайтта өтініш қалдыра алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Министрдің айтуынша, арнайы сайт ертең іске қосылады, ол сайтта әлеуметтік төлем алу жолы оңай болады.
"Электронды үкімет порталына (ред. Egov.kz) қазір көп адам кіре алмай жатыр. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БТС компаниясымен бірлесе отырып, 42500 теңгені алу үшін арнайы сайт ашамыз. Ол сайтта азаматтар өз өтішінін қалдыра алады. Сайт ертең таңертең іске қосылады. Ол жерде ЭЦҚ жоқ болса, СМС арқылы тіркелуге болады. Ал компьютерлері жоқ адамдар telegram-бот арқылы өтініш беруге болады" деді Нұрымбетов.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, кей қалалар мен аймақтар карантинге жабылған соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42500 теңге (шамамен 100 доллар) жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 375 адамнан коронавирус табылды. Үш адам індеттен көз жұмып, 26 адам жазылып шықты.
Пікір қалдыру