02 Сәуір, 2020 Аймақтар
Фото: camonitor.kz
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай тәртібінде өңірдегі қашықтан білім беру бойынша жүргізілген жұмыстарды сынға алды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі дерегіне сүйеніп.
Белгілі болғандай, Сапарбаев жиында қашықтан білім беру бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды талқылап, кем-кетіктерді сын-тезіне алған.
«Көзбояушылықпен айналысуды тоқтатыңыздар. Нақты ахуалды көрсетіңіздер. Әйтпесе, біз жағдайды жақсарта алмаймыз. Бұл тек білім беруде ғана емес, өңірдегі барлық салаға қатысты», - деді аймақ басшысы.
"Аудан" демекші, осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барған. Онда ол жергілікті мектептердің бірінде болып, оқу ордасындағы техникалық базаның адам шошырлық деңгейде екенін байқаған.
Жиын барысында бұндай кемшіліктерді қайыра еске салған Бердібек Мәшбекұлы өңірдегі білім сапасын жетілдіру бойынша жұмыстардың сын көтермейтінін айтқан.
«Таразға жақын орналасқан аудандардағы мектеп осындай болса, онда шалғай аумақтар туралы не айтуға болады? Мемлекет басшысының қашықтан оқытуға көшу туралы тапсырмасын қалай іске асырамыз?» – деді Б. Сапарбаев.
Облыс әкімі алдындағы талқылау барысында өңірде қашықтан оқыту мәселесінің күрделі болып отырғаны да айтылмай қалмаған.
Мәселен, көптеген аудан мектептерінде компьютерлер мен моноблок жетіспеуде. Бұдан бөлек, тұп-тура ұзын саны 125 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілмеген. Ал мұндай жағдайда Сапарбаев әкімдігінің төтенше жағдай тәртібінде Президент тапсырмасына орай қашықтан оқыту мәселесі туралы айтудың өзі ерте болса керек-ті.
Осы ретте, ауылдардағы интернет мәселесін шешуге мүмкіндігі бар делінген «Қазақтелеком» АҚ ұлттық байланыс операторының өкілі де облыс басшысын қуанта алмады. Дәлірек айтқанда, мұндай қысқа уақытта бұл мәселені шешуге қатысты Сапарбаев сауалына ресми өкіл нақты жауап бере алмаған.
Нәтижесінде, Бердібек Сапарбаевтың қашықтан білім беру мәселесіне орай өрістеткен талқысы әдеттегідей облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатыроваға тапсырмалар жүктеумен аяқталған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір