04 Сәуір, 2020 Әлеумет
Qamshy.kz
Карантин енгізілгелі Медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығы 119 мыңнан астам қоңырау қабылдады. Сауалдардың басым бөлігі – карантин мен коронавирус инфекциясына қатысты. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бері жұмыс істеп келе жатқан байланыс орталығы қызметкерлері күн сайын 5 мыңнан астам қоңырау қабылдайды. Қазақстандықтарды табысынан айырылғандарға, жұмыссыз қалғандарға берілетін әлеуметтік төлемдер, карантин енгізілген қалалар мен облыстар аумағында жүріп-тұру, коронавирус инфекциясына тест тапсыру, жалғызілікті кісілерге, қарттар мен мүгедектерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу жолдары сынды тағы да басқа мәселелер жиі мазалайды.
– Карантин енгізілгелі бері шұғыл желіге түсетін жүктеме де артты. Азаматтар өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын біздің орталық мамандарынан сұрап білгісі келеді. Сондықтан қазіргі таңда Қор үшін медициналық қызмет сапасын бақылап қана қоймай, халыққа дұрыс ақпарат беру мәселесінің де маңызы зор, – деп атап өтті Н.Қабдықапаров.
Сонымен қатар, филиал басшысы сақтандыру жүйесіндегі жеңілдік мерзімін 1-сәуірден 1-шілдеге дейін ұзарту мәселесіне де тоқталды. Жаңа тәртіп бойынша, сақтандырылмаған азаматтар алдағы үш айда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді де толыққанды пайдалана алады.
Әуелде жылдың бастапқы үш айы өтпелі кезең ретінде жарияланған болатын. Бұл жаңа жүйеге қатысты туындаған мәселелерді шешіп, тұрғындарға жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуге мүмкіндік берді.
– Қазір Алматы тұрғындарының 93 пайызы сақтандырылған. Оның жартысынан астамы үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бейресми жұмыс істейтін азаматтарға да жағдай жасау керек. Сондықтан олардың бәріне қазіргідей қиын уақытта сақтандыру пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдалануға мүмкіндік беріліп отыр, – деді филиал басшысы.
Осы мақсаттарға арнап қор ішкі резервінен 20 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаржы қазақстандықтардың КТ, МРТ сынды бағасы қымбат анализдер мен операцияларға деген сұранысын қанағаттандыруға жұмсалмақ.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір