09 Сәуір, 2020 Әлеумет
Әлеуметтік желіде өзін Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыры ауылы Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Майра Байболатова деп таныстырған келіншектің бейнеүндеуі таралуда. Мұғалім үндеуін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке арнаған.
Видео кешкі уақытта, қас қарайған шақта түсірілген. Мұғалім өзінің үйінде интернет ұстамайтындықтан, тұрмыстағы сіңлісінің үйіне Kundelik.kz-ке кіру үшін ноутбугын арқалап, түн жарымда бара жатқанын айтады.
– Сіңлім көп балалы ана, жолдасы, бала-шағасы бар. Біреудің үйіне арқаланып барып, олардың берекесін алғаным дұрыс емес екенін білемін. Бірақ амал нешік, үйімде, ауылымда интернет жоқ болған соң осылай жүруіме тура келеді. Қашықтан оқуту басталғаны екінші күн қатарынан осылай жүрмін. Біреудің үйіне барып жұмыс істеу қиын. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ауылымыз тыныш, десе де түн ішінде екі көшенің арасында сабылып жүрген маған қиын. Карантин кезінде осылай жүруге бола ма?!, – дейді мұғалім.
"Ұрпақты қалай оқытамын, қалай ел қатарлы жұмыс істеп, қалай кредитімді жабамын деген мен сияқты жас ұстазға осылай жүру өте ауыр" деген ол бұл жағдай Қазақстандағы көптеген ұстаздың басындағы қиындық екенін айтты.
– Мен басында үйі жоқ, квартирада тұратын, сол квартирасында интернеті жоқ кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін. Сол үшін өкпелімін. Жағдайың болмаса сенің білімің ешкімге қажет емес. Мұндай мұғалім алдындағы баланы қалай тәрбиелейді. Қалай ол ұрпаққа ұлттық рух, патриоттық сезімді ұғындырады" деген ұстаз көз жасына ерік берді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір