• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:10:53
Алматы
+35°

13 Сәуір, 2020 Тарих

Қажырлы қаламгер (жалғасы)

Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағы туралы ой-толғаныс

Qamshy.kz

Жақында жазушы, зерттеуші, тарихшы, этнограф, фольклоршы Зейнолла Сәнік ағамыздың көптомдық шығармалар жинағы қолыма тиді. Он бес том. Түгел оқып шықтым. Қатты риза болдым. Қаламгер ағамыз саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіпті, артына ауыз толтырып айтарлықтай көл-көсір мұра қалдырыпты. Қазірде талантты суреткердің осындай ерен де еселі еңбегін біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан ел-жұрт, оқырман қауым біле жүрсін деген ізгі ниетпен осы көптомдық шығармалар жинағы туралы ойымызды ортаға салғанды жөн көрдік.

«Отан қойыны – өмірдің құты, отансыздық – өмірдің жұты. Отан – халықтың асқар белі, адамның арқа тірегі. Отаншыл азамат өз елінің қатпарлы тауын, қазыналы жерін, дархан даласын, әсем қаласын, батыр бабасын, адал баласын мақтаныш тұтуға тиіс» деген ой қорытыпты отаншыл жазушы шалқымасының соңғы жағында. Иә, біз де бұл сөзге толықтай қосыламыз. Ал қосарымыз, ел мен жер, ұлт тарихын ардақтап, том-том тарихи шығармалар жазып, халқының ыстық ықыласына бөленген Зейнолла Сәніктей қарымды қаламгерді де бүгінгі ұрпақ ұмытпай, есімін есте ұстап, мақтан тұтуы тиіс. «Туған жерге оралу», «Ата жұрт арыны» сынды шалқымалары да туған жер мен өскен елді қара сөзбен жырлаған қастерлі туындылар.

Кітаптағы ғылыми әңгімелерді де қызыға да құныға оқисың. Себебі шынында да қызық. Оқи бастасаң болды, ары қарай иіріміне өзі-ақ тартып әкетеді. Біз елей бермейтін, біле бермейтін, тіпті көзге іле қоймайтын көп жайттың құпиясын ашады, жұмбағын шешеді. «Табиғат тәлімі» ғылыми әңгімесінде қарапайым құмырсқаның тіршілік ету қалыбы мен біз біле бермейтін сыры мен қырын көпшілікке көлденең тартады. Бала кезде құмырсқа илеуін талай талқандағаным есіме түсіп, өзімнен-өзім ұялып, жаным жабырқап-ақ қалды. Ештеңенің байыбына бойлай бермейтін қайран балалық-ай!.. Үлкен кісілердің аузынан бір әулетке қарата «өздері құмырсқа сияқты еңбекқор, сондай берекелі» деген сөзді ара-кідік болса да естіп қалушы едік. Сөйтсем құмырсқалардың да өз өмірі мен тағдыр-талайлары болады екен ғой: «Құмырсқа өте еңбекшіл, адамнан да күшті жәндік, ол өз салмағынан жүз есе артық жүкті көтере алады. Илеу құмырсқаның үлкен құрылысы, ол өте шеберлікпен салынған. Онда ана-құмырсқа, патша-құмырсқа, жұмысшы-құмырсқалар тұратын орын айырым-айырым салынады» дей келіп, жазушы құмырсқаның қасиеттері туралы әңгімелейді. Әңгімелеп қана қоя салмай, оны өз басынан кешкен жағдаяттармен бағамдап, нақты дәлелдейді. Құмырсқалардың жабыла кетсе айдаһарды да жалмап, жеп қоятынын алғаш осы әңгімеден оқып-біліп, таңданып, таңдай қағып отырған жайым бар. Сондай-ақ құмырсқаның жүріс-тұрысынан ауа-райының қандай болатынын, мәселен, жауынның жауатынын немесе жаумайтынын, жауса, қай жақтан жауатынына дейін анықтап білуге болады екен. Бұны жазушы өз басынан өткен бір оқиға арқылы суреттеп берген. Расында да, дәл солай болып шыққан. Қайран қалмасыңа лажың жоқ. Бұнымен қаламгер: «әй, адамдар, құмырсқадай ұйымшыл, берекелі, еңбекқор және сезімтал болыңдар!» дегенді аңғартып тұрғанын мен де сол құмырсқадай сезіп отырмын. «Сары күшік пен Саркіс» әңгімесінде жеті қазынаның бірі – ит туралы және оның қасиеттері жөнінде айта келіп, Болат деген баланың балдай тәтті қылығы туралы әңгімелейді. Саркісті көріп аң-таң қалған бала оның қылықтарына мәз болып, ол туралы көбірек білуге құмартады. Әкесінен, одан мұғалімінен сұрап, қанағаттанарлық жауап алады. Сөйтсе, жер бетіндегі кез-келген тірі жан иесінің мына жарық жалғанда өзіндік атқаратын рөлі, қызметі, жұмысы болады екен: «Сонымен саркіс – егіннің, бау-бақшаның жауы тышқанды, адамзатқа залалды жыланды жеп, жамағатқа  пайда әкелетін хайуан» екенін біліп, табиғат тылсымдарына қаныға түседі. «Алыптың алыбы» ғылыми әңгімесінде хайуанаттар мен өсімдіктер айтысып, «Дүниедегі ең жауыз, жалмауыз кім?» деген сұраққа жауап таба алмай, төрелік айтқызу үшін Тау атаның алдына келіп жүгінеді. Өсімдіктер хайуандарды ең жауыз деп таниды екен. Ал хайуандардың да өз уәжі бар болып шықты: «Бізден өткен де жалмауыз бар, ол – адам. Адамдар бізді жалмаумен ғана тынбайды, тіпті өздері бірін-бірі жеп, бірін-бірі құртуда алдына жан салмайды.» Міне, осылай өсімдіктердің, жан-жануарлар мен аң-құстардың аузымен-ақ адамзатқа қауіп төндіретін де, табиғатты бүлдіретін де, жан-жануарларды қырып-жоятын да адам баласы екенін көпшіліктің қаперіне салады. Сонымен бірге адамзатты бақытқа бөлейтін де, табиғатты аялайтын да, өсімдіктер мен жан-жануарларға аяшылық сезіммен қарап, оларды барлық пәле-жаладан сақтандырып-құтқаратын да адам баласы екенін ескертеді. Бұнымен автор не айтқысы келді дейсіз ғой? Әрине, адам баласына адамзатты аялаңдар, табиғатты көздің қарашығындай сақтаңдар, бойында жаны бар қыбырлаған жәндіктер мен жан-жануарларға тиіспесеңіздер, дүние одан сайын нұрланып кетер еді дегенді ым-ишарамен түсіндіріп тұрғаны анық. Тұжырып айтқанда, «адам баласы, бәрі де сіздердің қолдарыңызда» дегенді ұқтырғысы келгенін түсінігі бар кез-келген жан түсінеді ғой деген ойдамыз. «Ермек естен танғаннан кейін» әңгімесінде аурудың алдың алу керектігін ескертіп, егер елемесе арты жақсылыққа апарып соқтырмайтынын нақты мысалмен дәлелдеп береді. Әкесі Ермек атты ұлының денсаулығында кінәрат барын білсе де, оны әйелі алдын ала ескертсе де, жас кезде не болмайдыға салынып жүре беріп, ақыры ұлының ауруы асқынып, ажал аузынан қалғанын жазады. Ұлының бойында темір құрамы азайып кеткендіктен қаны аздық ауруына шалдыққан екен.   Дәрігерге дер кезінде қаралып, денсаулыққа аса мән беру керектігін ескертіп тұр. Жұмыр басты пендеге ең басты керекті бірінші байлық – денсаулық емес пе?! Міне осы тұрғыдан алып қарағанда, бұл шығарманың да тәрбиелік мән-маңызы өте зор. «Түнгі от» ғылыми әңгімесінде екі баланың өзеннен балық аулау үшін барып, қармақ салып, түннің бір уағына дейін отырып қалғаны баяндалады. Бір кезде анадайдан жылтылдаған от ұшқыны көрінеді. Үлкендерден әңгімелері естеріне түсіп, сайтандар от жағып жатыр екен деп ойлап, тырағайлап қаша жөнеледі. Ата-аналары оларды ауырып қалды ма деп ойлап, ұшықтатып жіберу үшін молда шақырады. Молда қара аспанды төндіріп, «баланың басы пәлеге байланып қалыпты» деп, өтірікті шындай ғып зуылдатып, ұшықтап, өзінше емдеп-домдап, алатынын ұялмай сұрап алып кетеді. Ата-аналары да, балалары да алғыстарын жаудырып, рмза болысады. Ертеңінде Мұқаш деген ауыл қариясы ол жақта сайтанның жоқтығын, шірік ағаштар түнде адамға жанған оттай жарқырап көрінетінін айтады. Содан оны анықтап білу үшін бір топ бала жиналып барса, ол шынында да түнде жарқырап көрінетін теректің шірік түбірі болып шығады. Сөйтсе, шірік ағаштың құрамында фосфор элементі болатындықтан, оның күндіз-түні дамылсыз жанып, түнде алысқа жарқырап көрінетіні ғылымда әлдеқашан дәлелденген нәрсе екен. Осындайда «әй, надандық-ай!» деп ойлайсың. Дін адамы да қу құлқын үшін өтірік айтып, аздаған пұл үшін Құдайдан да қорықпай алдап-арбауға баратынына қынжыласың, әрине.

Бұл ғылыми әңгімелерде жаңалық көп, жаңашылдық басым. Жанды-жазсыздың бәрін адам сияқты сөйлетіп, ойлантып, іс-әрекетке көшіре береді. «Үстелдегі таласта» қарындаш пен қаламның қайсысының көп қызмет атқарып, елге көбірек пайда тигізетіндері үшін айтысып-тартысып, таласып, қызыл кеңірдек болғанын оқып-білсек, «Дүмпулы дүрмекте» Жер-Ананың жер бетіндегі жалпы жамағатын: тұтас тіршілік иесі мен барлық табиғат мүшелерін жиып, алқалы жиын өткізгеніне куә боламыз. Оған шырылдаған торғай, бырылдаған бытпылдық, ызыңдаған сона, шырылдаған шегіртке, иреңдеген жылан, бұлаңдаған қыран... бәрі де өз өкілдерін жіберіпті. Солардың бәрі де «адамзатқа пайда келтіріп жүрміз, сонда да бізді адам баласы қырып-жойғанын қояр емес» деген шағым айтады.  Сондықтан  ар-ұят мен әділетті берік ұстанатын қаламгер «егер бұндай жүгенсіздіктер тоқтатылмаса, ұлы табиғат өз кәрін бір төкпей қоймайтынын, түбінде адам табиғаттың ауыр жазасына ұшырайтынын» ескертеді. Егер осыны қрғақ сөзбен басқаша айтса, әсері болмас еді. Ал адам баласынан жәбір-жапа шеккен тіршілік иелері мен табиғат мүшелерінің аузынан айтылғанда, жұмыр басты пенденің ойланатынына кәміл сенемін. Ендеше бұл туынды да өз міндет-мақсатын толықтай атқарып тұр деп айта аламын.

Бұл ғылыми әңгімелердің бірі бірінен өткен қызықты, қызғылықты, ең бастысы оқырманды бей-жай қалдырмайды, ойландырады, толғандырады. Ал толғандырған, ойландыра алған шығарманың ғұмыры да ұзақ болары сөзсіз. «Желі басындағы желпіністе» әжептәуір ақшаға сатылып, сатып алушылар бәленбай мың шақырым жерге пойызбен алып кеткен қоңыр аттың араға уақыт салып туған жеріне, алғашқы иесіне қашып келгені жөнінде айтылады. Бәленбай мың шақырым жерден туған жерін қалай тапты, қалай аман-есен жетті екен? Кеудесінде жаны бар тіршілік иесінің біз біле-бермейтін құпия-сыры әлі де көп қой, шіркін. «Несібе» ғылыми әңгімесінде «ұзақ уақыт тышқан атаулыдан тіске жұғын боларлық ешнәрсе кезіктіре алмай жүрген мысық аяқ астынан науқасқа шалдығып, «іңір соқырлығы» ауруына тап болғанын» жазады. Денсаулығы күннен күнге нашарлай береді. Сөйтіп жүргенде ол қоянға кезігіп, ол оны маймыл дәрігерге ертіп апарады. Алпамсадай маймыл дәрігер әрі-бері қарап, өзеннен балық аулап, мысыққа жегізіп, емдей бастайды. Күн өткен сайын мысықтың көзі шырадай жанып, денсаулығы жақсара бастайды. Оған маймыл дәрігер мынандай диагноз қояды: «Сені өз несібеңнен айырып, дертке шалдықтырған нәрсе – жалқаулық. Ұяңнан қия басып шықпай, жан тыныштығын күйттеп, дайын ет – көрінгеннен қалған жемтікті жеп жатып алғансың. Гәп сол тышқан ұстап жемегеніңде. Тышқан саған азық болады, көз нұрыңды арттырады, өзіңді өнерге жаттықтырады. Біліп қой, мысығым, тышқанның бойында теңіз қышқылы деген зат болады. Ол сенің көру қуатыңды арттырады, әсіресе түнгі көру қуатыңа қуат қосып тұратын нәрсе – сол. Сондықтан жаратылыс берген несібең – тышқанды үзбей жеп тұруың керек. Ал, мына көл суы мен балықта да теңіз қышқылы молшылық, мұның ауруыңа шипа болудағы сыры осында.»  Міне, осы ғылыми әңгімені оқып отырғанда есіме қазіргі қазақ халқы түсе қалды. Бүгіндері адамдардың денсаулығы уақыт озған сайын нашарлап барады. Бұл да біздің әбден қанға сіңген ұлттық тағамдарымызды  қолданбай, басқа да жасанды тағамдарды ішіп-жейтінімізден шығар.

«Жер астына саяхат», «Бәкеннің батпырауығы», «Арман көлеңкесі», «Шаштағы шарапат» ғылыми-фантастикалық әңгімелерде Асанқайғының кейіпкерді Желмаясына мінгестіріп алып, атамекенін қалай таныстырғаны, Бәкеннің ата-бабалырының тарихи іздерін іздегені, жастай қайтыс болған қызын күндіз-түні көз жасын тимай жоқтай берген анасын жұбату үшін ұлының дәл қарындасынан аумайтын, адамша сөйлеп, әрекет ететін робот жасап беріп, көңілін демдеген тапқырлығы, адамның бір тал шашы арқылы оның не ішіп, не жегенін, тіпті неден қайтыс болғанын анықтауға болатыны туралы қызықты оқиғалар баяндалып, олар нақты мысалдармен айшықталған. «Шаштағы шарапатта» ғалымдар қайтыс болған адамның бір тал шашы арқылы оның кепірештен уланғанын анықтаған. Бұл біріншіден, қызықты, қызғылықты жайт. Екіншіден, ғылымның құдіреті мен ғалымның зерттеушілік еңбегін көркем шығарма арқылы жалпақ жұртқа жария ету. Үшіншіден, оқырманға, жас ұрпаққа ой салып, оларды да осындай ізденімпаздыққа үндеу. Төртіншіден, өз арман-мақсаты жолында қажымай-талмай еңбектенуге, яғни  еңбекқорлыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. «Аю атқанның әңгімесі», «Аң жолында», «Бала бидің әңгімесі», «Қоңыр сиырдың көмегі», «Таныспай кеткен тәнті жандар», «Маңдайдағы хат», «Ауылға келген аңқау бас», «Жаңқабайдың жаңылысы», «Төрт кетік», «Бір тартым шылым» әңгімелері де әртүрлі адамдардың басынан кешкен қызықты жайттары мен таңғажайып оқиғалар туралы жазылған тамаша туындылар. Қай қайсысын алсаңыз да, жалықтырмайды, тартымды, жеңіл оқылады.

«Тау жұлдызы» хикаятында Еренқабырға өңірінде қазақ балаларына арнап мектеп ашып, бала оқытқан Раздық Ахметжанұлының өнегелі өмірі мен қайырлы істері баяндалады. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат Раздық мұғалім мектеп құрылысын да өзі қолға алып, табанын тоздырып жүріп салдырады. Оқушыларды тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өнер мен еңбекке тәрбиелейді. Шәкірттерінің алған білімдерін одан әрі жетілдіріп, ұштай түсу мақсатында мектепаралық  жарыстар ұйымдастырып, өзі басы-қасында жүріп, жеткіншектердің желкілдей өсуіне көп еңбек сіңіреді. Өлең шығарып, оны шәкірттеріне жаттатып, көзқарастары мен таным-түсініктерінің қалыптасуына да айтарлықтай ықпал етеді. Үкімет басындағы шенеуніктерді кекетіп-мұқатып, сынап-мінеген өлеңдері үшін жазаға тартылып кете жаздап, әупіріммен аман құтылады. Ән айтады, күй тартады. Мектепте домбыра класы мен өнер үйірмесін ашып, оркестр құрады. Әкесі Ахметжан да оқымысты,  өнерлі, білімді, патша құзырында жауапты қызмет істеген елге сыйлы азамат болатын. Міне, осындай текті атаның баласы Раздық мұғалім қырық екі жасында кісі қолынан қаза табады. Оны атқан Зияда деген қарақшы ұсталап, сол қылмысы үшін 1950  жылы өлім жазасына кесіледі. Бірақ одан не пайда?! Аяулы ұстаз, сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі азамат арман-мақсаттарын толық жүзеге асыра алмай, қыршынынан қиылды. Әрине, өкінішті. Десе де сол арманын толық іске асыра алмай кеткен ардақты ұстаздың өмірі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ендеше бұл туындының тәрбиелік мін-маңызы өте зор. Аталмыш шығармадан ұстаз туралы ғана емес, оның туып-өскен ортасы, өлкенің кешегісі мен бүгінгісі,  ауыл адамдары, ел жайы туралы толық мағұлмат алуға болады.  «Қашқын» хикаятында Қытайдағы қазақ зиялыларының тағдыр-талайы суреттеледі. Бас кейіпкер – Қапас оқыған-тоқығаны көп, алдына қойған арман-мақсаты үлкен ізденімпаз азамат. Азаттықтың алғашқы жылдарында өлкелік бюро кадрлар мектебінде оқып, Үрімжідегі мәдени мұраларды жию-зерттеу орнында қызмет ететін ол Шинжай өңіріндегі көне қалалардың орнын, жібек жолының байырғы сілемдерін, сахарадағы сақ дәуірінің тас ескерткіштері мен ою-өрнектерін, ежелгі үйсін молалары мен әйгілі адамдардың күмбездерін зерттесем деген ізгі ниетпен ел аузынан тарихи жазбалар мен ауыз әдебиетінің асыл үлгілерін жазып ала береді. Ғылыми айналымға енгізіп, тынғылықты зерттемек оймен көл-көсір дүние жинайды. Бірақ кейіннен өзі қызмет атқаратын «Мәдени мұраларды жию-зерттеу мекемесіндегі қандыбалақтардың бас атаманы, феодалдық хан-патшалардың белсенді сойылсоғары, халықтың қас жауы, табы жат элемент» деген жалған жалаға ілігіп, өз қызметтестерінің көрсетуімен ұсталып, қамауға алынады. Ол жерде оның көрмеген құқайы, қорлық-зорлығы болмайды. Кейіннен өзін көрсетіп, ұстатып жіберген Әшімжан, Көксақал Мұрат сияқты жандайшаптар да жаламен тұтқындалып, абақтыдағы таныстарының қатарын толықтырып жатты. Бір ауыз сөзді жаңылып қате айтқаны үшін айдалып кеткендер қаншама! Лагердегі жантүршігерлік азапқа шыдай алмай қашып шығып, жасырынып жүріп, қоғам өзгерген кезде ақталып, бұрынғы мекемесіне қайыра бастық болып барады. Үстінен арыз жазып, өзін тап өкілі ретінде әшкерлеп, әртүрлі жала жауып ұстатып жібергендер де ұялмай-қызармай, қысылып-қымтырылмай қайтадан қызмет сұрап келе бастайды. Міне, «Қашқында» осындай адам тағдыры ойыншыққа айналған аласапыран кезең, қилы-қилы тарихи оқиғалар мен алуан мінезді кейіпкерлердің іс-әрекеттері баяндалып, характерлері сомдалады. Бұл шығармада қиын-қыстау кезеңдегі сатқындық, іштарлық, көреалмаушылық, аяқтан тартушылық тәрізді жаман қасиеттер андағайлап алдыға шығады. Әшейін күнде, оның үстіне қолыңда билік болса, дос-жаран көп, ал басыңнан бақ тайған күні бәрі қарасын көрсетпей кетеріне, сен үшін басын бәйгеге тікпейтіні өз алдына, айнымас доспын деп жүргендердің  сырт айналып, сатып кететініне көзіңізді әбден жеткізеді. Бұл шығарма осынысымен құнды, сонысымен маңызды.  Ал жазушының «Партиялық жарна» хиқаяты «Қашқынның» заңды жалғасы іспеттес шығарма. Онда да Қытайдағы Мәдениет төңкерісінен кейінгі тарихи оқиғалар баяндалады. Бас кейіпкер – бұрынғы Бақыт гүңшісінің (ауылдық коммуна) бастығы Тұрғанбайдың төңкерістен кейін сұрапыл қысым, қатаң тергеуге түсіп, жазықсыз жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшырап, тұтқындар лагерінде жазасын өтеп, тепкінің астына түскені, аяусыз соққыға жығылғаны, бақандай сегіз жыл азап шегіп, мехнат тартқаны суреттеледі. Шығармадан «Тұрғанбай бастаған кері төңкерістік топты жаныштайық» деп бар пәлені бастарына үйіп-төгіп, өңештерін соза даурыққан шолақ белсенділердің қандай жала жапқаны, бірге істеген қызметтестері мен дос-жарандарының бәрі бірдей сатқаны, көзін бақырайтып қойып өтірік ақпар бергендері, ойы түгіл түсіне кірмеген істерді істеді деп қисынсыз айып таққандары, әке-шешесі мен бала-шағасының уайым-мұңның құшағында қалғаны, өзі әділетсіздіктің құрбаны болғаны ап-айқын көрінеді. Ол коммунистік партия қатарынан шығарылса да, партиялық жарнасын өзі арнайы қолдан жасап алған жеке қобдишаға жинай береді. Басына түскен осындай қиындықтарға мойымай, ақыр аяғында ауыртпалықтардың бәрін жеңіп шығады. Сегіз жыл қуғын-сүргіннен кейін ақталып, бостандыққа шыққан Тұрғанбай өз қызметіне қайта оралады.

Бұл туындыда да Қытайдағы қазақ оқығандарының қилы тағдыры, сол бір аласапыран кезеңдегі тарихи оқиғалар, заман тынысы, тіршілік келбеті шынайы түрде көрініс тапқан. Айрандай ұйып отырған қаншама отбасының шаңырағы опырылып ортасына түскені, кәрі-жасына, кінәлі-кінәсіздігіне қарамай жапа шеккені, жаппай абақтыға қамалып, тұтқындар лагеріне айдалғаны, жазықсыз жаза шеккені, көптеген тұтқынның жасына жетпей ажал құшқаны асқан суреткерлікпен суреттелген.  Кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөйлеген сөздері мен әңгімелері, ой толғаныстары мен көңіл толқындары арқылы  жазықсыз жазаланған жандардың бастарындағы тағдыр тауқыметін оқырмандар жүрегіне әдемі жеткізген. Тіпті Медеу ақсақал дүкенге барғанда келінінің «Ата, ата, елдің бәрі қызылдасып жатыр ғой, мына қызыл бұлдан көйлек кисек ұнаса ма!» деп әзіл-шынын араластырған сұрағына «Қарағым-ай, бұларың қалай болар екен, қызылға қарға-құзғын тым үймелегіш келуші еді, біреуге жем болып кетпесеңдер болғаны ғой» деген қағытпа жауабынан да іліп іздеп, «Медеу шал партияның қызылдасу саясатына қарсы шықты» деп тұтқындап,  қылмыстық жауапкершілікке тартып, абақтыға жапқанын қалай түсінуге болады?! Жазушының жазуынша, осындай әзілдеп айтқан бір ауыз сөзі үшін «бұзық элемент» қалпағын киіп, сотталғандар аз болмаған көрінеді. Тіпті оқып отырғанда ішегің түйіліп қалатын неше түрлі қызықты оқиғаларға да кезігесің. Не күлеріңді, не жыларыңды білмей, екіұдайлық күй кешесіз. Міне, осындай да кері кеткен заман болған. Аласапыран кездерде әділетсіздік, сатқындық, зұлымдық секілді жамандықтардың да суырылып алға шығатынын емеурінмен-ақ ескертіп өткен.

Жазушының суреткерлік қыры көптің көңілінен шығатындай дәреже-дәргейде, нағыз кәсіптік деңгейде екенін осы шығармаларынан анық аңғарып, зерттеушілік қырының да одан мысқалдай да кем түспейтінін Қабанбай  батыр туралы зерттеулері мен тарихи жазбаларынан байқаған едік, ал «Қазақ этнографиясы» атты екі томдығын оқығаннан кейін оған көзіміз анық жетті. Зерттеушілік қарым-қабілетінің жоғары екеніне, білімдарлығына, біліктілігіне, қазақ халқының арғы-бергі тарихын, этнографиясын, салт-санасы мен әдет ғұрпын жетік білетініне, терең меңгергеніне риза болдық. Еңбекте жалпы этнография ұғымына толық түсінік беріліп, оның сипаты мен міндеті, мазмұны мен басты ерекшеліктерін сипаттай келіп, қазақ этнографиясы мен оның зерттелу тарихы және басты өкілдері жөнінде мәнді де мағыналы сөз қозғап, салиқалы да салмақты ой-пікірлер айтады. Сонымен бірге заттық және рухани этнография хақында да келелі әңгіме өрбітіп, өрелі ой толғайды.  Бірінші кітапта «қазақ» сөзінің шығу тегі, ата шежіреміз, халқымызды құрайтын рулар мен тайпалық одақтар, олардың таңбалары, қазақтардың қала мәдениеті, тұрғын үйлері, халқымыздың саны мен орналасуы, киіз үйдің сыр-сипаты, ауыл шаруашылығы, сауда және аңшылық, балықшылық кәсіптері, ұлттық киімдер, ұлттық қолөнеріміз, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар туралы тыңғылықты зерттеулер жүргізілген, талдаулар жасалған, толыққанды ақпарлар мен мәліметтер берілген. Екінші кітапта қазақ қоғамының құрылымы, рулық, туыстық, отбасылық, ат қою жүйелері, ежелгі наным-сенімдер, қазақ бақсылары мен бақсылық әдебиет, исламдық наным мен ислам мәдениеті, киелі сандар мен түс туралы түсінік, қазақтың халықтық ғылымы, байырғы философиялық ұғымдар, халық астрономиясы, күн, ай, жыл санау және жыл қайыру, қазақ этномедицинасы, шариғат және қазақ заңдары: үйсін дәуірінің, Шыңғыс хан заманының, қазақ хандығы дәуірінің заңдары, билер ережесі, ұлттық тәлім-тәрбие және соған қатысты салт-дәстүрлер, тұрмыс-салт тәрбиесі, ым-ишара және дағды, әдеп әліппесі, ырымдар мен тыйымдар, өлім жөнелтудегі жөн-жоралғылар, жоқтау жырларының ерекшеліктері, қазақ этнопедоогикасы жөнінде жалпы түсініктер, олардың түп-төркіні мен бүгінгі күндегі орны мен өскелең ұрпаққа ықпал-әсерлері жан-жақты сараланып,  терең зерттелген: «Қазақ этнографиясы – қазақтың халықтық білімінің жалпы жиынтығы, әрі қазақтану ғылымының негізі. Біз өзіміздің кім екенімізді, қалайдан қалай қалыптасқан тарихымызды, өзіміздің салт-сана, ғұрып-әдет, ұлттық дәстүрімізді, бір сөзбен айтқанда, заттық мәдениетіміз бен рухани мәдениетімізді толық білмей тұрып, басқаға өзімізді «біз мынандай халық едік» деп таныстыра алмаймыз» деп жазушының өзі атап өткендей, бұл қазақтың өзін-өзіне және өзгеге танытатын, шыққан тегімізді, күре тамырлы күрделі тарихымызды, жүріп өткен даму жолымызды, болмыс-бітіміміз бен қадір-қасиетімізді, заттық және рухани мәдениетімізді зерттеп, зерделейтін ғылыми еңбек. Бұндай мән-маңызы жоғары зерттеуді жазып шығу үшін тек жазып-сыза білетін қарым-қабілет пен білімдарлық аздық етеді, ізденімпаздық, қажырлылық пен еңбекқорлық керек. Материал жинау, дерек пен дәйек табу, одан өзіне керектісін іріктеп алу, жиып-тергенін көңіл сүзгісінен өткізіп барып кәдеге жарату, көз майын тауыса отырып ғылыми еңбек жазу оңай дүние емес.   Нағыз шығармашылық адамына тән осындай қасиеттердің барлығы да қаламгер бойынан табылғандығына тәнті боласыз.

Зейнолла аға «Із» биографиялық хикаятына өз өмірін арқау етіп алыпты. Қай жерде, қай жылы дүниеге келгенінен бастап, басынан кешкен қызық-қуаныштары мен қиындықтарын суреткерлікпен баяндап, атамекеніне табаны тиген қуанышты күндерге шейінгі ғұмырын кезегімен толық термелеп өтіпті. Тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес.

Туып-өскен жері – Барлықтағы балалық шақ, Бейжиңдегі оқу, Үрімжідегі алғашқы қызмет, жалған жаламен қуғындалып, жазықсыз жеті-сегіз жылдай жапа шегуі, одан кінәсіздігі дәлелденіп, ақталып шығып, «Шинжаң халық баспасына» қайта қызметке келуі, шығармашылықпен айналысуы, табысты еңбек етуі осы шығармада толық баяндалады. Құрғақ қана баяндап қоймай, сол өз заманындағы Қытай қоғамында болып жатқан жағдаяттар мен тарихи оқиғаларды, жаңалықтар мен өзгерістерді қабаттастыра сипаттай отырып, қаламгерлік шеберлікпен қабыстыра суреттейді.

Маған осындағы  екі оқиға керемет әсер етті. Біріншісі, «Мәдениет төңкерісі» кезінде «Төрт көнені жою», «Капитализм жолына жүрген құқұқтыларды сүйреп шығару», «Жын шайтандарды талқандау» секілді бұрын құлақ естіп көрмеген ұрандар мен даурықпа айғай-сүреңдермен Қытайдағы қазақ тіліндегі ақпарат, баспа орындары «қара апан» атанып, түгелдей қараланып-жабылып, онда қызмет істейтін зиялылар «тоғызыншы сасық» деген қалпақ киіп, жаламен жазаланып, түрмеге тоғытылғаны түрмеге тоғытылып, жер аударылғандары жер аударылып, жазықсыздан жазықсыз жапа шеккені тарихтан белгілі. «Шетелмен астасқан және табы жат элемент», «Кеңес шиюжыңжуйшыларының Шинжаңға қағып кеткен шегесі», «көнешілдікті жырлаушы», «ертек айту жолымен партия-социализмге қарсы тұрушы» сияқты жөн-жосықсыз,  тіптен қисынға келмейтін айыптаулармен  «халық жауы» атанған Зейнолла ағамыз да қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сүйікті жары – Шәмшабану Хамзақызына да «ауыр мәселесі бар элемент» деген айып тағылып, шиеттей-шиеттей үш баласымен бірге жер аударылып, бақандай сегіз жыл қиырдағы бір ауылда диқаншылық қызмет атқарады. Күндіз күйлкіден, түнде ұйқыдан айрылады, қатаң бақылауда болады, бастарынан әңгір таяқ кетпейді. Өмірлеріндегі ең азапты күндерін бастан кешіреді. Жазықсыз жазаланса да, қуғын-сүргінге ұшыраса да, тепкі мен соққының астына түссе де, бір Құдайдан үміттерін, келер күннің жақсылығынан күдерлерін үзбей, мойымай, сынбай, жасымай, қиындықтың бәрін жеңіп шығып, өздерінің кінәсіз екендіктерін ақыры дәлелдеп, бұрынғы қызметтеріне қайта оралып, табысты да абыройлы еңбек еткендері қайран қалдырды. Сегіз жылғы қуғын-сүргіннен кейін де жаңа өмір бастап, құнды да бағалы көркем һәм ғылыми шығармалар жазып, артына осындай мол мұра қалдыруы да ерлікпен пара-пар іс емес пе?! Ерлі-зайыптылардың біреуі ғана емес, екеуі бірдей жазықсыз жазаланып, мехнат шегіп, азап тартуы айтуға ғана оңай. Бастарына түскен бұндай зіл батпан ауыртпалықты мықтылардың мықтысы ғана көтереді. Сегіз жыл қуғын-сүргін көрмек түгіл, өмірдің алдынан кездескен кейбір кішігірім қиындықтарына шыдай алмай, морт сынған, тағдырлары тәлкекке ұшыраған жандар аз ба, тарихта?!. Екіншіден, 1960-1962 жылдар Қытай елінде ең ауыр жылдар болып есептелетіні белгілі. Оны осы шығармадан да оқып-білуге болады. «Ашаршылық азабын тартқан үш жыл», «Қиыншылықта қиналған үш жыл» деген атаумен тарихта қалған сол жылдары Зейнолла ағамыздың да, Шәмшабану апайымыздың да әке-шешесі, туған-туысы, ағайын-жекжаты, аға-бауырлары Кеңес одағы құрамындағы Қазақстанға өтіп кетеді де, екеуі жеке отау көтеріп, қызмет істеп жүргендіктен Үрімжіде қалып қояды. Бірақ, олар ата-аналарынан мәңгіге айрыларын қайдан білсің? Көңіл түкпірлерінде «реті келгенде, сәті түскенде біз де арттарынан барармыз» деген ойлары болғаны анық. Бірақ іле-шала Кеңес-Қытай шекарасы тарс жабылып, содан сексенінші жылдардың басында бір-ақ ашылғаны белгілі. Екі жаққа ажырап кеткеннен кейін арада тура жиырма жыл уақыт өткенде ғана барып екеуінің ата-анасының да қайтыс болғанын естиді. Жылайды, сықтайды, жоқтайды, қайғырады, көкіректері шер-шеменге толады, әрине. Орны толмас ауыр қаза, өзекті өртер ащы өкініш. Алланың ісіне амалсыздан мойынсұнады, тағдырдың басқа салғанына көнбеске шаралары да жоқ. Ата-анасынан, аға-бауырынан, ет жақын туған-туысынан тірідей айрылғаннан асқан қайғы-қасірет бар ма?! Тек сексенінші жылдардың аяғында ғана қатаң режимнің тоңы жібіп, сеңі бұзылып, барыс-келіске жол ашылып, атамекенге табандары тиіп, ата-анасының басына барып құран оқып, қатым түсіреді. «Есің барда еліңді тап» дегендей, Қазақ елі тәуелсіздік алып, жеке шаңырақ көтергеннен кейін атажұртқа біржола ат басын бұрып, Алматыға келіп орнығады. Міне, осы оқиғалардың бәрі жазушының «Із» биографиялық хикаятында толықтай қамтылып, шеберлікпен көркемделген. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жаннатта болсын! Топырақ туған жерден бұйырды. Біле-білгенге бұл да бір бақыт екен ғой!

Міне, осы екі оқиға мені қатты толқытты, тебірентті. Бұл тек осы кісілердің басына ғана түскен қиындық емес, сол жақтағы қандас ағайындардың бәрінің бірдей басына түскен ауыртпалық болатын. Тіпті, керек десеңіз, ерлі-зайыптылардың бір-бірінен ұрыс-жанжалсыз ажырап қалғандары да аз болмады. Қайсар қаламгер қазақ халқының басына түскен осындай ауыртпалықтарды өз өмірімен сабақтастырып, жөнімен ұштастырып, көркем сөзбен әдемі кестелей білген. Бұл еңбекті Қытайдағы қазақтардың сол кездегі тағдыр-талайын, тыныс-тіршілігін, қоғамдағы орындарын анықтайтын кішігірім энциклопеия десе де болады. Өйткені бұнда арғы беттегі қандастарымыздың әдебиеті, мәдениеті, қаламгерлердің өмірі мен еңбектері, баспасөзі мен баспа орындары жан-жақты сараланып, құнды да салмақты ойлар айтылған.

«Мақалалар мен рефераттар», «Очерктер, портреттер, естеліктер», «Естелік, жазбалар» еңбектерінде қарымды қаламгер Ұлы Жібек жолы, қазақтың сауда тарихы, Батыс Қытайдағы қазақ тарихына қатысты ежелгі мұрағаттар, ежелгі қытай жазбаларындағы қазақ қаламгерлері, ежелгі этностар мен бүгінгі қазақтар, Дала мәдениеті, ежелгі жазбалардағы қазақ шежіресі, қазақтың хаткерлік тарихы, әдеби мұралар, Алтай мифтері, қазақ мәдениеті мен әдебиеті, айтыс өнері, ұлттық ойындар, хандар мен төрелер,  бақсы-балгерлер, ислам мәдениеті, Абай, Таңжарық Жолдыбаев, Ақыт Үлімжіұлы, Арғынбек Апашбайұлы сынды ақындар, Құрбанғали Халиди сынды ғалымдар және өзі аралас-құралас болған замандас қаламгерлер, зерттеушілер туралы көсемсөздік шығармалары топтастырылған. Ал «Қабанбай шоқысы туралы аңыз бен ақиқат», «Қабанбай батыр және оның жорық іздері», «Арқа жерінде қалған ата-баба іздері», «Төлегетай бабаның басында болған күндер», «Қиял қанатында», «Шымкенттен Сырға дейін»,  «Боғда бойында өткен жылдар», «Сергелдең» серкелері», «Хан Боғда шыңынан Хан батыр шыңына дейін тоғызтарау толғаулары», «Үржардан Семейге дейін», «Мамырсу бойында», «Ақындар елінің аясында өткен күндер», «Баба зираты басында» естеліктері мен жолжазбалары да ерекше шабытпен жазылған. Қызықты, қызғылықты, оқуға жеңіл, бастасаң болды тезірек аяқтауға тырысатын тартымды туындылар.

Міне, тірі кезінде өз қаламымен-ақ өзіне ескерткіш орнатып кеткен сөз зергері Зейнолла Сәнік артына осындай өлмес-өшпес, ұмытылмас мол мұра қалдырған талантты туындыгер. Қаламгер қаламынан туған көркем шығармалар, зерделі зерттеулер мен көсемсөздер қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ғана емес, әлемдік ақыл-ойға қосылған сүбелі еңбек, қомақты үлес. Жазушының осынау көл-көсір еңбегі мен көркемдік-эстетикалық әлемі жан-жақты зерттеп-зерделенуі және өзінің лайықты бағасын алып, мәртебелі тұғырына қонуы керек.

Зейнолла Сәніктің саналы ғұмыры да, халқы үшін еткен еселі еңбегі де бүгінгі өскелең ұрпаққа таптырмас үлгі-өнеге. Сондықтан жазушының осындай елі үшін еткен елеулі еңбектерін ескере отырып, есімін ел жадында мәңгіге қалдыратындай, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан және басқа да елді мекендерден көше атын беру, ескерткішін орнату, мерейлі мерейтойларын мемлекеттік дәреже-деңгейде өткізу секілді қоғамдық һәм мәдени-әдеби шаралар ұйымдастыру керек. Ол бүгінгі ұрпақтың парызы мен борышы екенін есте тұтайық, ағайын!

Мақаланың бас жағын мына жерден оқуға болады

Думан Рамазан,

Жазушы-журналист

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Зейнолла Сәнік

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір