19 Сәуір, 2020 Экономика
Көрнекі сурет
Бірқатар баспасөз беттерінде "42500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны заңсыз алғандар жауапқа тартылады, айыппұл салынып, тіпті соттауға дейінгі шаралар қолданылады" деген ақпарат тараған. Осыдан кейін Қамшы редакциясына "мемлекет алған ақшамызды "құстырып" жүрмей ме", "заңсыз алған дегенді қалай түсінуге болады" деп хабарласып жатқан оқырманның қарасы көп. Қамшы тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді
42500 теңгені "заңсыз" алғандарға кімдер жатады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ресми, бейресми жұмыс істеп, тіршілік жасап нанын тауып жүрген адам төтенше жағдайдың салдарынан жұмысы тоқтап, тіршілігі тұралап қалғандықтан 42500 теңгені алса, онда оған ештеңе болмайтынын айтты.
Мемлекет ондай азаматтарға сұрау салып, "ақшаны қайтар" демейді. Сондай-ақ ресми жұмыс істеген зейнеткерлер, әлеуметтік жәрдемақы алатындар төтенше жағдай жариялануына байланысты табысынан айырылып, 42500 теңгені алса, олардікі заңды болып саналады.
Ал жалақысы толық немесе жартылай сақталып жұмыс істеп жатқанына қарамастан 42500 теңгені алғандар жәрдемақыны "заңсыз алған" болып есептеледі.
Бұл санатқа еш жерде жұмыс істеместен немесе бейресми жұмыс істеп 42500 теңгені алған зейнеткерлер, әлеуметтік жәрдемақы алатындар да кіріп кетуі мүмкін. Бұл жөнінде министрлік тарапынан нақты жауап айтылмады. Бірақ жалпы ережеге бойынша олар да 42500 теңгені заңсыз алғандар қатарына жатқызылуы ықтимал. Бұл норма атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қатысты емес. Олар 42500 теңгені ала алады.
Заңсыз алғандар жәрдемақыны үкіметке қайтарып бере алады. Бүгінде Халық банк пен Kaspi.kz "Әлеуметтік төлемдерді қайтару" қызметін іске қосты.
Home bank қосымшасы (Халық банк) бойынша төмендегі команданы орындау қажет:
♦"Барлық төлем" бөлімін таңдау
♦"Салықтар" бөлімін таңдау
♦ "Әлеуметтік төлемдерді қайтару" дегенді басу
♦ЖСН мен төлем сомасын теру
♦"Төлеуді" басу
⠀
Kaspi.kz қосымшасында төмендегі әрекеттер жасалуға тиіс:
♦"Төлемдер" бөлімінен "Барлық" (Все) дегенді таңдау
♦"Әлеуметтік төлемдерді қайтару" дегенді басу
♦ЖСН-ды енгізіп, төлеу
Заңсыз алғандарға қандай шара қолданылады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай аяқталғаннан кейін тағайындалған жәрдемақылар бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетінін хабарлады.
Uchet.kz сайты әлеуметтік төлемдерді заңсыз алғандар қылмыстық кодекстің 190-бабы бірінші және екінші тармақтарына сәйкес, 1000 АЕК (2 млн 788 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін жазды.
Заңсыз алғысы келетіндерге 42500 теңге неге берілді?
Министр Біржан Нұрымбетов азаматтар өтінім берерде табысынан айырылғанын растағандықтан оларға 42500 теңге тағайындалғанын айтты. Берілген өтінімді қарау сәтінде азаматтың табысынан айырылған, айырылмағаны тексерілмеуінің себебін министр былай деп түсіндірді:
Арыз беру кезінде азамат төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растай отырып, келтірген деректерінің шынайылығына жауапкершілік арқалайды. Сондай-ақ жұмысшылардың сұрауы бойынша, жұмыс берушінің БИН номерін енгізу арқылы жұмысшылардың өзі өтінім білдіре алатындай мүмкіндік жасалды.
Сондықтан біздің базада жұмысшының демалысқа жіберілгені туралы бұйрық жоқ. Осыдан кейін біз жұмысшының ақысыз демалысқа жіберілгенін анықтай аламыз ба? Анықтай алмаймыз. Сіздер өз арыздарыңыз арқылы бізге ескерттіңіздер, біз оны қабылдадық. Сол себепті жәрдемақыны кім тағайындады, кім берді, сол кінәлі деген дұрыс емес, – деді министр
Министрлік төтенше жағдай жарияланған сәтте табысынан айырылғандарды тексергісі келген күннің өзінде тексере алмайды. Өйткені жұмысшының жалақы алған, алмағанын, яғни жұмысының тоқтаған, тоқтамағанын жұмыс орны тарапынан төленетін әлеметтік аударымдар ақылы ғана білуге болады. ҚР үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы N 683 Қаулысына сәйкес әлеуметтiк аударымдар ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың 25-күнiнен кешіктірілмей, әлеуметтік аударымдар төленетін ай көрсетіле отырып төленеді.
Яғни, жұмыс беруші төтенше жағдай жарияланған наурыз айының төлемдерін 25 сәуірге дейін төлеуге тиіс. Демек мемлекет азаматтардың наурыз айында жалақы алғанын я алмағанын 25 сәуірден кейін ғана толық мөлшерде көре алады. Сәйкесінше, жұмысшының сәуірде жалақы алғаны немесе алмағаны жүйеде тек 25 мамырдан кейін ғана толық көрінеді.
Жұмыс берушіге қызметкерінің ақысыз демалысқа жіберілгенін растайтын бұйрықты өткізуді міндеттейтін норма алынып тасталғандықтан, министрлік кімнің табысынан шынымен айырылып, кімнің жұмысты жалғастырып жатқанын әзірге біле алмайды. Сондықтан бар жауапкершілікті азаматтарға артып отыр.
42500 теңгені үкіметке қайтару тоқтатылуы керек
Саясаттанушы Оразғали Селтеев "әлеуметтік нарызылықты ұшықтырмас үшін 42500 теңгені үкіметке қайтару тоқтатылғаны жөн" деп санайды.
Оның сөзінше, 42500 теңге жобасы мемлекеттік аппарат репутациясына зор нұқсат келтірген. Үкімет әуелде төлемнің ережелері мен беру тәртібін шеше алмай елді әуре-сарсаңға салып, ақыры қарапайым да ыңғайлы механизм жасай алмаған.
– Енді төлем тағайындалмауға тиіс адамдар оны қайтаруы керек дегенді шығарып қоғамдық дискуссия тудырды. Жұрттың мазасы қашуда. Шешімдер мен әрекеттердің кәсібисіздігінің салдарынан әлеуметтік наразылық пен шиеленіс күшеюде, – деген саясаткер "42500 теңгені үкіметке қайтару тоқтатылуы керек. Бұл ауандағы кез келген талқылауды доғарған жөн. Жіберілген қате үшін сол қатеге жол бергендер жауап беруге тиіс. Жағдайды ұшықтыруға болмайды. Конфликтік көңіл-күйдің ұлғаю масштабын жете бағаламау дұрыс емес" деп санайды Оразғали Селтеев.
Саясаттынушының "қарапайым да ыңғайлы механизм жасай алмаған" деген ойына мазмұндас пікірді ІТ сарапшы Ерлан Оспан да айтқан болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір