Иран әскери спутнигі Вашингтонды атуы мүмкін бе?

/image/2020/04/23/crop-0_6_347x590_world-war-3-usa-iran-nuclear-deal-sanctions-donald-trump-1010951.jpg
Кеше Иран Ислам революциясы күзет корпусы (IRGC) алғаш рет әскери спутнигін орбитаға сәтті ұшырды.

Көп өтпей Дональд Трамп АҚШ әскери-теңіз күштеріне америкалық әскери кемелерге қысым жасайтын кез келген ирандық жылдам қайықтарды атып, жойып жіберуді бұйырды.

АҚШ президентіне Иран да дереу қатал жауап қатты. Парсы шығанағында Тегеран қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда «кез-келген америкалық террористік күшті» жоятынын айтты.

Бұл екі ел арасындағы шиеленістер қайтадан ушығып барады. Әсіресе, Иран Республикалық гвардиясы елдің алғашқы әскери спутнигін орбитаға сәтті ұшыруы екі ел арасындағы текетірес пен қауіпті ұлғайтты.

Бір қызығы, Иран әскери спутнигін ұшыраған соң, Трамптың қатқыл үні бәсеңдегені сезілді. Керісінше, ирандық тарап қатаң мәлімдемелер жасап үлгерді. 

Мемлекеттік телеарналарға жауап бере отырып, Иранның элиталық революциялық гвардиясының жетекшісі Хосейн Салами: «Мен әскери-теңіз күштерімізге Иранның әскери немесе әскери емес кемелерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген америкалық террористік күштерді Парсы шығанағында жоюды бұйырдым. Парсы шығанағының қауіпсіздігі Иранның стратегиялық басымдықтарының бірі» - деді.

– Мен америкалықтарға ұлттық қауіпсіздігімізді, су шекарамызды, тасымалдау қауіпсіздігімізді және қауіпсіздік күштерімізді қорғауда қатал және байсалды екенімізді айтамын және біз кез келген диверсияға батыл жауап береміз. Америкалықтар біздің күшімізді бұрыннан біледі және одан сабақ алу керек, – деді ол.

Тегеранның ашуын тудырған Трамптың твиттердегі жазбасы еді. 

Трамп Твиттерде: «Мен Америка Құрама Штаттарының Әскери-теңіз күштеріне, теңіздегі кемелерімізге қысым жасайтын болса, кез-келген және барлық ирандық қару-жарақтарды атып, жоюды тапсырдым»- деп жазған. 

Бір қызығы, брифингте Трамп әскери қызметтің ережелерін өзгертпейтінін айтты. 

– Біз олардың зениттік қайықтары біздің қайықтарымызды қоршап, қайықтарымызды аралап, сайраңдап жүруін қаламаймыз, – деп брифингте сөйлеген Дональд Трамп твиттердегі жазбасы әскери тәртіпті өзгертпейтінін білдірді. 

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Тегеранның әскери спутнигін орбитаға сәтті жеткізгені жайында, Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қаруға арналған ракеталармен жұмыс істеуді тоқтатуға шақырған қарарын Иранның бұзғанын айтып, Тегеранды айыптады.

Ол тағы Иранның «жасаған істері үшін жауап беру" керектігін айтты.

Помпеоның алаңдауының да үлкен себебі бар: Бұл – кейбір сарапшылардың құпия ғарыштық бағдарлама деп сипаттаған күдіктерін растады. Ұшырылым Иранға құрлықаралық баллистикалық зымырандарды жасауға көмектесуі мүмкін. "Мұндай технологияны қолдануға бола ма?" деген мәселе де сарапшыларды алаңдатуда. Иранның қазіргі уақытта қысқа және орта қашықтықтағы зымырандары бар. Егер сәрсенбідегі ұшырылым сәтті болса, бұл Иран мен АҚШ арасындағы шиеленісті арттырады. Кейбір сарапшылар тіпті Тегеран орбитаға жеткен әскери спутник арқылы Вашингтонды немесе Американың кез келген қаласын атуы мүмкіндігін айтады.

АҚШ-Иран қайшылығы соңғы уақытта қатты күшеюде.

3 қаңтарда АҚШ Ирактағы элиталық «Кудс күштерінің» басшысы Қасем Солейманиді ұшқышсыз ұшақпен өлтірді.

Иран бес күннен кейін Ирак базасындағы АҚШ әскерлеріне зымыранмен шабуыл жасады.

2018 жылы Дональд Трамп Иранға қарсы санкцияларды қайтарып, Иран мен басқа да әлемдік державалар арасындағы ядролық келісімнен шықты.

Қасем Солеймани өлтірілген соң, Иран «қатал кек» алатынын мәлімдеп, «күнді түнге айналдыруға» уәде берген.

Қасем Солайманидың өлтірілуін көптеген жоғары лауазымды ирандықтар «соғыс туралы мәлімдеме» деп қабылдаған болатын.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар