• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 10:23:05
Алматы
+35°

ҚР кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Рүстем Жүрсінов ірі бизнес субъектілері несие, салық және жалақы міндеттемелері бойынша түскен қаржылық қысымға байланысты алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттен көмек сұрап отырғанын мәлім етті.

Карантин шеңберінде қабылданған шектеулерден алғаш шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері зардап шеккендіктен бұған дейін барлық қолдау шаралары соларға бағытталғанын айтқан ол енді ірі кәсіпкерліктің де елеулі қиындықтарға тап болып отырғанын айтты.

– Ірі бизнестің басым бөлігі экспортқа бағытталған. Және қазір ол әлемдік баға мен тұтынудың төмендеуі сияқты жаһандық экономикалық трендтердің қысымына түсті. Экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін ҚҚС асып кеткен сомасын қайтару проблемасы экспорттық әлеуетті дамытуға елеулі кедергі болып отыр. Қазіргі қалыптасқан жағдайда ірі бизнесті қолдау кәсіпорындарды сақтап қана қоймай, дағдарыс кезеңі аяқталғаннан кейін экономиканы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Біз Үкіметке үлкен жүйе құраушы кәсіпорындарды қолдау шараларын бастау керек деген бастаманы жеткіздік. Ірі бизнестің барлық субъектілеріне ҚҚС асып кетуін оңайлатылған тәртіппен қайтару бойынша Салық кодексінің нормаларын тарату бөлігінде салық нормаларын қайта қарау, сондай-ақ қайтару шегін 90%-ға дейін арттыру мүмкіндігін ұсындық, – деді ҚР кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі facebook парақшасында.

Сондай-ақ кәсіпкерлер құқығын қорғау өкілі ірі бизнесті қолдау үшін шектеу шараларын (ҚҚС асып кетуін қайтару бойынша тексерулерді қоспағанда) және трансферттік баға белгілеу бойынша тексерулерді жүргізуді тоқтату, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдары жүргізетін трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті тапсыру мерзімдерін ауыстыру бойынша шаралар қарастыру ұсынылған.

Ұйым табыс мөлшерінің төмендеуіне және ҚҚС бойынша айналым көлемінің төмендеуіне байланысты еңбекақы төлеу қоры бойынша салық жүктемесін төмендету де орынды болар еді деп санайды. Мысалы, 30% - 50% - 80% градациясындағы ҚҚС айналым көлемі төмендеуінің өзара байланыстылығы.

Бұдан басқа, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені төмендету үшін бизнесті қолдаудың келесі шараларын қарастыру ұсынылған:

- қосарланған салық салудың халықаралық конвенцияларын заңды қолдану үшін резидент еместердің 2019 жылғы салық кезеңіне берілген резиденттік куәліктерін салық агенттеріне және сәйкесінше салық агенттерін салық органдарына ұсыну мерзімдерін 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін кейінге қалдыру;

- жыл соңына дейін рентабельділігі төмен кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкаларын төмендету тәртібін дербес автоматты түрде қолдану тәртібін енгізу;

- тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды жаппай енгізу мерзімін 2020 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін ауыстыру;

- банк кепілдігін алудың күрделілігіне байланысты салықтарды төлеу бойынша мерзімін кейінге қалдыру және мерзімін ұзартуды банк кепілдігін талап етпестен ұсыну.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір