27 Сәуір, 2020 Экономика
Қаржыгер: Мемлекеттің 42500 теңге беріп, «үйде отырыңдар» деуі орынсыз
Қазақстанда 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем екінші ай үшін беріліп басталды. Қамшы тілшісі аталмыш көмектің алғашқы айда тұрғындар тұрмысын қолдауға қаншалықты әсер еткені туралы ізденіп көрді.
Көрнекі сурет
Неге тап 42500 теңге?
Әлеуметтік төлем мөлшерін белгілеуде елдегі ең төменгі жалақы мөлшері басшылыққа алынған. Ол Қазақстанда 2020 жылы 42500 теңгеге тең. Ең төменгі жалақы елдегі орташа жалақы – 204 мың теңгеден 4 еседей аз. Ал жұмысқа қабілетті тұрғындардың жартысы алатын медиандық жалақы – 112 мың теңгеден 2 жарым есеге төмен.
Сондай-ақ Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері жөнінен әлемдегі ең төменгілердің бірі. Picodi.com сайтының сарапшылары 54 елге зерттеу жүргізіп осындай қорытындыға келген.
Сайт келтірген дерекке сай, ең төменгі жалақы мөлшері бойынша Қазақстан 54 елдің ішінде Үндістан, Нигерия және Өзбекстаннан ғана алдыда тұр.
«Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы беру механизмі тиімсіз»
Қаржыгер Жасұлан Кушебаев «42500 теңге төңірегіндегі дүрбелең көп адамның бұған дейін алып келген жалақысының күнкөрістен аспай келгенін көрсетті» деп санайды.
– Соңғы статистикаға сәйкес, 42500 теңгеге 8 млн-нан астам адам өтінім білдіріпті. Соның 4 млн 146 мыңына жәрдемақы тағайындалған. Халықтың 42500 мың теңгеге жаппай өтінім білдіруі, бастапқыдағы ажиотаждан бірнеше жайтты аңғаруға болады. Алдымен халықта алда не күтіп тұрғанынын білмегендіктен қорқыныш бары сезіледі.
Сондай-ақ бұл қазақстандықтардың жинаған ақшасының жоқ екенін, «ертеңгі қиын күндерге» деп алып қойған ақшасының аздығын, бұған дейін алып келген жалақыларының күнкөрісінен аспай, жинауға емес, айдан айға дейін күнелтуге ғана жеткенін көрсетеді.
Аталмыш цифрлардан экономикалық белсенді халықтың 50 пайызы жұмыссыз отырғаны белгілі болды, – дейді ол.
Сарапшы пікірінше, азаматтарды қолдауда ең төменгі жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы беру механизмі тиімсіз.
– Өйткені барлық азаматтардың мұқтажы, бұған дейін тапқан табысы бірдей емес. Мемлекет пен бизнес үшін пайда әкеліп келген маманға да, бұрын жұмыс істемеген студентке де 42500 теңге берілді. Бұл – дұрыс емес. Айталық, күйеуі мен әйелі бірігіп осыған дейін 300 мың теңге тауып келген болса, енді олар 85 мың теңгеге жанбағуға мәжбүр. Бұл ретте әрқайсысына берілген 42500 теңге олардың мұқтажын өтей алмайды.
Ай сайын жалақысының 10 пайызын әлеуметтік сақтандыру қорына аударып отырған қызметкерге берілетін әлеуметтік төлемнің, сақтандыру қорына ешқашан қаржы құймаған студентке берілетін төлемнен айырмасы болуы керек.
Жұмыс істейтін, отбасылы адам мен студенттің мұқтажы бірдей емес қой, – деп атап өтті қаржыгер.
Жасұлан Кушебаев 42500 теңгенің қалалықтарға да, ауылдықтарға да бірдей берілуі қате болғанын айтты.
– Қала мен ауылда өмір сүру деңгейі әртүрлі. Ауылдықтарға 42500 теңге біршама көмек болса, пәтер жалдап тұратын қалалықтар үшін аталмыш сома олардың пәтерақысына да жетпейді. Сондықтан бұл – әлеуметтік төлемді тағайындаудың шикілігі деп есептеймін.
Төлемнің қалалықтар тұрмысына шынайы әсері болуы үшін ең төменгі жалақыны емес, орташа жалақының белгілі бір пайызын бергені дұрыс болар ма еді. Осы орайда әлемдік тәжірибелерді зерделеп көрейік. Мәселен, Оңтүстік Кореяда жәрдемақы ретінде отбасының орташа табысының 80 пайызы беріледі. Ұлыбританияда төтенше жағдайға байланысты жұмысы тоқтағандарға жалақының 80 пайызын үкімет, 20 пайызын жұмыс беруші төлейді. Германияда 60/40. Осындай механизмдерді ойластырып, әлеуметтік төлемді отбасылық табысқа қарай төленгені ең дұрыс шешім болар еді, – дейді ол.
Азаматтар мен бизнесті қаржылай қолдауды жалғастыру қажет
Қаржыгер «карантин уақыты созыла түссе, 42500 теңге жәрдемақы әлеуметтік мәселені шеше аймайды, керісінше мәселе ушығып кетеді» деп санайды.
– Мемлекеттің 42500 теңге беріп, «үйде отырыңдар» деуі орынсыз деп есептеймін. Өйткені айына 42500 теңге ғана алып, үйде отыру мүмкін емес. Бұл жәрдемақы ары кетсе, азаматтарды аштан сақтап қалуы мүмкін. Ал олардың өзге қажеттіліктерін өтеу үшін қосымша ақша керек. Ақшаның жоқтығы қылмысты өршітуі мүмкін.
АҚШ-та соңғы уақытта қару сатып алушылар күрт артқан. Олар жұмыссыздардың ертең амалсыз қылмысқа баратынын біліп отыр. Сондай сәтте өздерін қорғай алуы үшін қару сатып алуда. Мұндай жағдай Қазақстанға да келмесіне ешкім кепіл бола алмайды, – деп атап өтті сарапшы.
Қаржыгер әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдегі қаржылық дағдарысты тезірек еңсеру үшін азаматтар мен бизнесті қаржылай қолдауды жалғастыру қажеттігіне назар аударды.
– Халыққа әлеуметтік төлемді, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақыны арттыру арқылы ақша беру керек. Халықтың қолында ақша болған сайын тауар сатып алуға сұраныс артады. Сұраныс бар жерде бизнес дамиды. Осылайша мемлекет экономикаға қолдан дем беруі керек. Сондай-ақ дағдарысты жеңуде бизнесті қаржыландыру өте маңызды. Сарапшылар коронавирус пандемиясының салдарынан экономикада 1929 жылы басталған ұлы депрессия қайталануы мүмкін екенін айтып жатыр. Мұндай дағдарыста мемлекет құрылыс секторын қолдауы аса тиімді амалдардың бірі ретінде қаралуда. Меніңше, ел үкіметі жеке құрылыс компанияларына тұрғын үй салуға тапсырысты арттыруы керек. Құрылыс саласына жан бітіру арқылы құрылыс материалын өндіретін зауыттар жұмысы жанданады. Жұмыс орындары ашылады, жалақы төленеді. Жалақы төленген соң халықта ақша пайда болады. Олар азық-түлік, киім-кешек сатып алады, қыдырады, емделеді, түрлі қызметті тұтынады. Осылайша біріне-бірі байланысты тізбек экономикаға мультипликативтік әсер әкеледі, – дейді қаржыгер.
Қамшы тілшісімен сөйлескен жұмыссыз отырған бірнеше азамат «42500 теңге айтарлықтай көмек бола алмады» дегенді айтты.
Индира есімді шаштараз 42500 теңгені алған бойда несиесін жапқан.
– Жұмыс басталмаса аз күнде аш қалатын түріміз бар. Шаш алдырғысы келетіндер «қашан ашыласыздар?» деп күнде хабарласады. Бірақ айыппұл салынатындықтан салонды аша алмай отырмыз, – дейді шаштараз.
Карантинге дейін даяшы болып істеген Нұрғали (кейіпкер есімі лақап атпен берілген) жұмыс бар деген жердің бәріне барған.
– Кафеміз жабылған соң өзіме және келіншегіме 42500 теңге түсті. 1 жастан асқан қызымыз бар. Несие бойынша мерзімі өткен қарызым болғандықтан, банк кредитті төлеуді шегеруден бас тартты. Мемлекет берген 85000 мың теңгенің бір бөлігі кредит төлеуге, қалғаны пәтерақының бір бөлігіне кетті.
Жұмыс іздеп талай жерге бардым. Керісінше қызметкерлерін қысқартпаса, ешкімді жұмысқа алып жатқан жоқ. Тамақ жеткізетін қызметтердің бәрінде адам толы. «Рахат кондитерлік фабрикасы қалаға кіре алмай қалған қызметкерлерінің орнына адам алып жатыр» дегенді естіп, досым екеуміз барғанмыз. Фабрика алдында бізден бөлек 40 шақты адам тұр екен. Бір мезетте сыртқа шаққан адам бос орын жоқ екенін айтып, барлығымыздың тарауымызды сұрады. Содан бері кондиттерлік фабрика есігінде «жұмыс жоқ» деп жазылған қағаз ілулі тұр.
Бірнеше күн көлігі бар танысым екеуміз Алматыдағы қарттарға азық-түлік жеткізіп беретін жерде істедік. Досыма көлігімен тасығаны үшін күніне 4 мың теңге, маған азық-түлік пакетін қарттардың үйіне жеткізгеніме деп 2 мың теңге төленді. «Қалада арнайы рұхсаты барлар ғана жүре алады» деген талап шыққан соң екеуміз де жұмыстан айырылдық. Қазір танысым жасырынып таксилетіп жүр. Мен жұмыссызбын, – дейді ол.
Жұмысынан ақысыз демалысқа жіберілген Жүсіп арасында «көлікпен адам тасып күнелтуші едім, қазір ол да жоқ» деп отыр.
– Өзім мен әйеліме берілген 42500 теңгені сәуірдің басында-ақ жаратып қойғанбыз. Оның 60 мың теңгесі пәтерақыға кетті. Ара-тұра көлікпен қант-шәйді айырып жүр едік, қазір ол да жоқ. Үйдің тұсында полиция қызметкерлері көліктерді күнде тексереді. Мен жүруге рұхсат ала алмадым. «42500 теңге екінші рет беріледі» деп жатыр ғой. Сол шынымен де берілсе екен. Әйтпесе, кредит, пәтерақы күтіп тұрмайды. Ол түскен күннің өзінде мұқтажымызды толық өтемейді. Жартысын жапса, cоған да рахмет. Қалғанын қайдан аларым белгісіз. Мұндайда біреу-міреудің қарызға ақша бере қоюы да қиын ғой, – деді Жүсіп.
Қамшы тілшісі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға беріліп жатқан әлеуметтік төлем мөлшерін өзге елдердегі осы тағылеттес әлеуметтік көмекпен салыстырып көрді. Оны әзірлеуде пандемия өршіп тұрған елдер мен Орта Азия мемлекеттеріндегі қолдау шаралары туралы шетелдегі Қазақстан азаматтары, жергілікті азаматтар ұсынған ақпаратқа, ашық дереккөздерге сүйенді.
АҚШ
АҚШ-тың Калифорния штатында білім алып жатқан Әсем Әлмұханбеттің айтуынша, АҚШ-та салық төлеушілердің бәрі $1200 (516 мың теңге) мөлшерінде жәрдемақы алуға құқылы. Азаматтығы жоқ, бірақ грин картамен тұрып, жұмыс істеп жатқандар да аталмыш көмекті ала алады. Ал пандемияға байланысты жұмыссыз қалғандарға апта сайын 300 долларға (129 мың теңге) жуық қаржы беріледі. Нью-Йоркте оқушыларға онлайн сабақ оқуға тегін айпад, тегін тамақ ұсынылуда. Медицина қызметкерлері мен балаларды тегін тамақтандыратын дәмханалар да жұмыс істеп тұр.
Испания
Қамшы тілшісіне пікір білдірген жергілікті журналист Antonio Villarreal Испанияда кей өңір жұмысшылар мен шағын компанияларды салықтан босатса, кей өңірде қаржылай көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Андалусия, Астурия мен Мадридте 225 еуродан (118 мың тг), 534 еуроға (248 мың тг) дейін, Каталонияда 2000 еуро мөлшерінде жәрдемақы төленуде. Ол үшін жұмысшы коронавирусқа байланысты табысының 75 пайызын жоғалтқанын растауы шарт.
Италия
Салерно университетінің экономика факультетінде докторантурада оқитын Гүлайхан Кубаева Италия коронавирустың экономикалық әсерінің алдын алу үшін ата-ана демалысы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған гранттар, медицина қызметкерлеріне пәтер жалдауға жәрдемдесу және салық төлемдері мен әлеуметтік сақтандыру жарналарын уақытша тоқтата тұру секілді шараларды қабылдап жатқанын айтты. Оның сөзінше, пандемияға байланысты жұмысын тоқтатқан қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмысшылар үшін 300 млн евро көлемінде қолдау қоры құрылған. Мәселен, туризм, ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін адамға 600 еуроға (279 мың теңге) салықтан босатылған төлем қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 12 жасқа дейінгі балалары бар қызметкерлердің 15 күнге дейін ата-ана демалысын алу мүмкіндігі бар, оларға әлеуметтік сақтандыру бойынша сыйақының 50%-на тең мөлшерде жәрдемақы алу мүмкіндігі ұсынылған.
Ашық дереккөздерде Италияда жеке кәсіпкерлер, маусымдық жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға 600 еуро (279 мың теңге) мөлшерінде төлем берілетіні хабарланған. Мұндай сомадағы қаржыны балалы отбасылар бала күтушісі қызметі үшін ала алады. Кәсіпорындардың көбі қызметкерлерін ақылы демалысқа жіберген. Жұмыстан шығаруға мораторий жарияланған.
Түркия
Анкара Кажы Байрам Вели университетінің докторанты Мырзахан Байжанұлының айтуынша, Түркия Республикасында пандемия кезеңінде экономиканы демеу үшін 100 миллиард лира бөлінген.
– Әуелі 2 миллион отбасыға 1000 лирадан (62 мың теңгеге шамалас) берілді. Сосын бұл әлеуметтік қолдау жалғасып, тағы қосымша 2 миллион 300 мың отбасыға аталмыш көмек көрсетілуде. Сәуірдің басында «Біз бізге жетеміз, Түркиям» яғни «өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз» аты берілген кампания басталды. 25-сәуірдегі мәлімет бойынша 1.839.406.810 лира (114 млн теңгеге жуық) қаржы қорға түскен.
Түркияда медициналық маска сатылмайды. Электронды үкімет сайты арқылы өтінім беріліп, смс-код алу арқылы дәріханадан тегін маска ала аласыз. Өз басым 5 дана масканы тегін алдым. Тағы өтініш беріп қойдым.
«Түрік Қызылайы» ұйымы да белсенді жұмыс жасауда. Түркияда 65-тен асқан және 20 жастан кіші жастағылар көшеге шыға алмайды. Аталмыш ұйым қарт кісілерге әлеуметтік көмек көрсетуде. Негізінен азық-түлік арқылы көмек беріліп жатыр. «Вефа» аталатын мемлекеттік ұйым да қарқынды жұмыс жасап, халықтың әлеуметтік мәселелеріне қолдау көрсетуде. Рамазан айы келгендіктен, азық-түлік түрінде және Оразада ғана пісірілетін нан түрін таратып, қолдау жасауда, – дейді Мырзахан Байжанұлы.
Түркияда билік компанияларға қызметкерлерін 3 ай бойына жұмыстан шығаруға тыйым салдған. Жұмыс беруші қызметкерді ақысыз демалысқа жіберуге құқылы. Ондай жағдайда жұмысшыға үкімет тарапынан күніне 39 лирадан (2400 теңге) төленеді. Сондай-ақ ел президенті Реджеп Тайып Эрдоған жеті айлық жалақысын коронавирусқа қарсы күреске аударатынын мәлім еткен. Эрдоғанның айлық жалақысы 81 мың 250 лира яғни 5 млн теңгеден астам.
Ресей
Мәскеуде тұратын жазушы Аягүл Мантай Ресей астанасындағы жағдай мен елдегі әлеуметтік қолдау шаралары туралы былай деп баяндайды:
Мәскеу – әлемдегі ең үлкен мегаполистің бірі. Мәскеудің өзінде бүкіл Қазақстанның халқы тұрады. Ресейдің экономикасы Мәскеуге тікелей байланысты. Мыңдаған, тіпті миллиондаған өзбек, қырғыз, тәжік, молдаван, украин, беларусь, вьетнам т.б. халық осы қалада жұмыс істеп, ай сайын отбасына ақша жіберетін. Карантиннен кейін олардың тағдыры қалай болады, білмеймін. Кеше көршім «Дүкенге кешке барма! Шекара жабылып, еліне қайта алмай қалған ортаазиялық жігіттер адамдарға шабуыл жасап, ақшасын тартып алып, ұсталыпты. Мәскеудің әр жерінде ашыққан адамдар шабуыл жасап жатыр екен» деді. Өзі ресейлік азиат қыз ғой. Мүмкін, әбден мүмкін. Мәскеуде пәтер қымбат. Мәскеуде қара жұмыс істейтін бізбен көрші елдің адамдарынан пәтердің бір бөлмесінде он адамнан тұратынын өз ауыздарынан талай естігем. Ойлаңызшы, екі бөлмелі пәтерде он бес-он жеті адамға дейін тұрады. Неге? Себебі, солай арзан. Сосын олар ай сайын отбасына ақша салады. Оған әкесі, шешесі, іні-қарындастары, бала-шағасы аузын ашып отыр. Әдетте сыртқа жұмысқа көбіне үйден еті тірі адам кетеді ғой. «Шовинист Путин басқарып отырған қоғам дейік, басқа дейік», Мәскеуден қаншама өзіміздің қандас ұлттар нанын тауып, отбасын асырап отыр еді. Олардың арасында өзіміздің қазақтар да бар деп ойлаймын.
Путин алғаш бір аптаға карантин жариялағанда «бюджетте жұмыс істейтіндердің жалақысы толық сақталады, ал жекеменшік мекемелер барлық қызметкеріне бір аптаға жалақысын төлесін» деді. Мен бір аутист балаға үйіне барып, қосымша сабақ берем. Маған баланың ата-анасы жұмыс істемеген аптама толық ақша төледі. Бір қарағанда, мұндай жұмысқа барлық жерде істеген сағатыңа, күніңе байланысты төлейді. Оқушымның ата-анасының адамгершілігі жоғары. Өткен апта «Ақшадан қиналып жатсаңыз, келесі айдың есебінен жалақыңызды аударайық» деп анасы да, әкесі де жағдайымды сұрап, хабарласты.
Жақында Путин тоқырауға ұшыраған бизнесмендерге «барлық жекеменшік мекеменің қызметкерлеріне 12 130 рубль (70 мың тг) төленеді. Бизнесмендерден бір ғана нәрсе талап етем: компаниядағы штаттың 90 пайызын сақтап қалуларың керек» деді. Неге? Себебі, жекеменшік компаниялар жабылса не қызметкерлерінің жартысын қысқартса, жұмыссыздар көбейеді. Бұл мемлекетке тиімді емес.
Мәскеу мэрі Собьянин «65-тен асқан зейнеткерлерге айына 2 мың рубльден (11 мың тг) 2 ай әлеуметтік көмек береміз» деді.
Ресей үкіметі үш жасқа дейін баласы бар отбасына және көп балалалы отбасына ай сайын 5 мың рубль (29 мың тг) беретін болды.
Мәскеу мектептерінде тегін ыстық тамақ ішіп жүрген, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан оқушылардың үйіне азық-түлік өнімдерін апарып беріп жатыр.
Орта Азия елдері
Қазақстанды қоспағанда 2 ортаазиялық ел – Қырғызстан мен Өзбекстанда коронавирус ресми түрде тіркелген. Ал Түрікменстан мен Тәжікстан коронавирус дерегін жоққа шығарып отыр.
Қырғыстанда карантинге байланысты ресми түрде табысынан айырылғандарға, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға, қоғамның әлеуметтік осал тобына азық-түлік жиынтығы таратылуда. Сондай-ақ көптеген салық түрлері бойынша шегерілім жасалып, салықтық тексерулер тоқтатылды. Кейбіріне мораторий жарияланған. Коммуналдық төлем бойынша берешегі бар азаматтарға коммуналдық қызметтер тоқтатылмайды. Төленбегені үшін айыппұл салынбайды. Мемлекеттік ғимаратты жалдап отырғандар жалдау ақысынан босатылады. Банкрот жариялау уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ бірнеше онлайн-кинотеатр сервистері сәуірдің соңына дейін тегін қызмет ұсынады.
Өзбекстанда да аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға, карантинге байланысты жұмыссыз азаматтарға азық-түлік жиынтығы беріледі. Әлеуметтік көмек аясындағы азық-түлік 4-5 адамнан тұратын отбасыға 10 күнге жетуге тиіс.
Электрэнергиясы, газ бен су төлем жасалмаса да өшірілмейді. Көптеген ақылы телеарналар тегін трансляция жүргізеді. Төленбегеніне қарамастан ұялы байланыс пен интернет істеуін жалғастырады. Төлемдер кейінге шегеріледі. Кәсіпкерлер жыл соңына дейін салықтың көптеген түрінен босатылады.
Тағы оқыңыз!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір