• USD 399.67
  • EUR 452.95
  • RUB 5.82
  • CNY 56.36

02 Мамыр, 2020 Саясат

Дариға Назарбаеваның өкілеттігі неге тоқтатылды?

kapital.kz

Қамшы тілшісі сенаттың экс-төрағасы Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева өкілеттігінің тоқтатылуына қатысты сарапшылар пікірін білді.

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза Дариға Назарбаеваның биліктен кетуі "оның шешімі еместігін" айтып, саяси аренада көптеген өзгерістер болатынын атап өтті.

– Менің ойымша сабыр сақтап, дүйсенбіні күту керек. Дариға Назарбаеваның биліктен кетуі –  ол кісінің шешімі болған жоқ, ол –  президенттің шешімі. Сондықтан біз мемлекет басшысының шешімін қолдауымыз керек. Президент бізден гөрі әлдеқайда көп нәрсені біледі. Менің ойымша, бұл – стратегиялық шешім. Мүмкін Дариға Нұрсұлтанқызы басқа лауазымға ауысып, сол жерде пайдасы көбірек болар. Саясатқа келген, кеткен адам саяси құбылыс, саяси қадамдарды бастан өткереді. Бүгінгі болған оқиғаның әлі де жалғасы болады деп ойлаймын. Менің ойымша, бізді әлі көптеген белгілі шенеуніктердің кетуі немесе орындарын ауыстыруы күтіп тұр. Жалпы менің өз басым мамырдың аяғы жаздың басында саяси аренада көптеген өзгерістер болады деп ойлаймын, – дейді Нұртаза.  

Ол елдегі саяси өзгерістерге коронавирустың, карантиннің ешқандай қатысы жоғын және мұндай өзгерістерді індетпен шатастыру қисынсыз екенін атап өтті.

– Дариға Нұрсұлтанқызы – өз ісінің маманы. Көптеген лауазымдарды атқарған. Кәсіби деп айтуымызға болады. Өкінішке қарай біздің қоғам адамның жеке басы мен кәсіби біліктілігін шатастырады. Әр адамның жеке өмірі болады. Адамдар жеке өмірі мен жұмыс бабын шатастырғаннан кейін, кей адамдарда басқаша ой қалыптасып қалады. Ол бұл қызметте әлі де жақсылық істеуге болар ма еді деп ойлаймын. Мүмкін, біз бұл кісіні басқа лауазымдарда көріп қалармыз, – деді С. Нұртаза.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалиннің айтуынша, бұл – билікке таластың көрінісі.

– Менің ойымша бұл жоғары жақтағы, тырнақша ішіндегі "дөкейлердің" арасындағы билікке таластың көрінісі. Бұлар қазір қиын жағдайға түсті. Елді қауіпті індет жайлап, экономика құлдырап, ақша таусылып жатыр. Билік не істерін білмей сасқалақтауда. Осындай жағдайларда Дариға Назарбаева бұларға кедергі болып тұр. Кедергі болғанда да мықты саяси тұлға ретінде емес, Назарбаевтың құзыретінде болып, соны пайдаланып, неше түрлі қитұрқы қадамдар жасап жүрген адам ретінде кедергі. Кейбір іс әрекеттеріне қарасаң, сенаттың төрағасы сияқты емес, президент сияқты. Демек, ол кісі өзіне қатысы жоқ әрекеттерге килігіп, айналасындағыларға қолайсыздық тудырып жатыр. Сондықтан бұлар өзара келісіп, шеттету процесі жүріп жатқанға ұқсайды. Билік елдегі қиын жағдайды пайдаланып, өздерінің жоспарларын жүзеге асыруға тырысады, – дейді оппозициялық саясаткер.

Ұлт тағдыры ұйымының төрағасы Дос Көшім "кадрлық өзгерістен елге келіп-кетер ештеңе болмайды" деп есептейді.

– Адамдар қызметінен кеткен уақытта оған ешқандай түсінік бергім келмейді. Өйткені оның орнына тағы да дәл сондай басқа біреу келеді. Мен үшін жүйенің адамдары бәрі бірдей. Ол Дариға ма, ол Тоқаев па... Ол сол жүйеде 30 жыл бойы қызмет етіп келген адам, мың жерден орын ауыстырса да одан ешнәрсе өзгермейді. Сондықтан мен бұған еш уақытта қызықпаймын, "бұл нәрсенің себебі не" деп қарап жатпаймын. Себебі оның орнына халықтан шыққан адам келмейтінін білемін. Оның орнына сол жердегі дастарханның басында отырған екіншісі келуі мүмкін. Дариғаның биліктен кетуінде саяси астар бар, бірақ сол саяси астар біздің болашағымызға әсер етпейді. Өйткені сол жүйенің адамдары әлі күнге дейін отыр. Олар екіге бөлініп бірімен-бірі бәсекелесуі мүмкін. Бірақ 91-ші жылдан бастап билікте отырған сол топ билік жүйесін ұстап тұр. Дариғаның орнына келген адамнан жаңа өзгерісті бәріміз күтеміз. Осы уақытқа дейін Дариғаның қандай саяси көзқарас ұстанғанын, не істегенін, қандай бастамалар көтергенін біз білеміз. Мәселен, ол менің көңілімнен шыққан жоқ. Енді келесі келетін адамнан дәл осылай үміт күтеміз. Әр уақытта өзгеріс болғанда бірдеңе істейді. Бірақ ол жүйені өзгертпейді, – деп атап өтті Дос Көшім.

Қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Тоқаевтың Дариға Назарбаеваны сенат төрайымы қызметінен алып тастауы – екеуінің арасында үлкен текетірестің болғанын көрсетеді" деген пікірде.  

– Шын мәнінде Тоқаевтың Дариға Назарбаеваны сенаттың төрайымы қызметінен алып тастауы – екеуінің арасында үлкен текетірестің болғанын көрсетеді. Өйткені Дариға өз еркімен немесе екі жақ бір келісімге келіп, қарым-қатынас дұрыс болып қызметінен кетсе, онда Дариғаның өз еркімен қызметінен кетуіне мүмкіндігі бар. Назарбаеваны сенат төрайымынан алып тастағанына бірнеше сағат өтті. Биліктің тарапынан басқа әрекеттерді, өзгерістерді, кадрлық ауысуларды көріп отырғанымыз жоқ. Біз түсінуіміз керек, жалпы авторитарлық жүйеде барлық шешім жабық түрде жүргізіледі. Барлық шешім құпия түрде болады, жасырып, жауып, көпшіліктің көзіне көрсетпеуге тырысады. Бірнеше сағат арасында еш өзгерістің болмауы – Нұрсұлтан Назарбаевпен келісілген шешім екенін көрсетеді, – дейді Мамай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол  Дариға Нұрсұлтанқызын сенат төрайымы қызметінен алып тастаудың бірнеше себептері барын атап өтті.

– Біріншіден, Дариға Тоқаевты да, Нұрсұлтан Назарбаевты да жексұрын еткен тұлға болды. Н. Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда уәкілеттілігін тоқтатқанда астананың атын ауыстырмағанда, Дариғаны сенаттың төрайымы етпегенде Батысқа өзінің демократ басшы екенін және билікке жармасып отырмайтынын көрсетіп кетуге толық мүмкіндігі бар еді. Ал енді Дариғаны сенат төрайымы қылып, астана атауын өзгертуге Тоқаев бастама көтергеннен кейін Назарбаев Тоқаевтың беделін нөл қылды. Бұл – Назарбаевтың өзінің де беделін жоқ қылды деуге болады. Сондай-ақ Айсұлтан Назарбаевтың желіде жазған жазбасы Н. Назарбаевты туған әкем, Дариғаны анам деуі Н. Назарбаевқа Дариға тарапынан жасалған үлкен соққы еді.

Екіншіден, қазір Еуропада Дариға Назарбаеваның үстінен үлкен дау-дамай басталғалы тұр. Соның ішінде Дариғаның Қазақстаннан алып кеткен, ұрлаған-жырлаған байлығына қатысты үлкен сұрақтар туындайын деп тұр. Ұлыбританияда жасырын, белгісіз жолмен табылған ақшаны зерттейтін ұлттық агенттік бар. Экономикалық қылмыстарды зерттейтін ұлттық агенттіктердің сұрауы бойынша сот отырысы болды. Сот отырысында Д. Назарбаева мен Нұрали Әлиевке тиесілі 100 млн фунт стерлингтен асатын үлкен зәулім сарайлар мен үйлерді Британияның қазынасына алу мәселесі қозғалған болатын. Сонда Ұлыбритания тарихында бірінші рет сотта Дариға Назарбаева жеңіп шықты. Бірақ бұл уақытша жеңіс. Бірінші сот отырысында жеңуі уақытша ғана. Әлі де ұлттық агенттік аппеляциялық шағымдарды дайындауда. Шағымда Дариғаның Қазақстанды қалай тонағанын ашып көрсетеді. Сонда Дариға Назарбаеваның ешқандай беделі қалмайын деп тұр. Екінші сот процесінде ол жеңілуі әбден мүмкін. Сенат спикері болып қызмет атқарып, күнделікті Еуропаға барып сот процесіне үздіксіз қатыса алмайды. Ол құны 100-деген млн доллар болатын дүние-мүлкін қорғау үшін бірінші кезекте сот процесіне өзі қатысып, заңгерлермен тікелей жұмыс жасауы керек. Онсыз дүние-мүлікті қорғап қалу мүмкін емес. Сондықтан физикалық тұлға ретінде, бүкіл қызметін тастап, дүние-мүлкін қорғау мәселесін қолға алайын деп отырған сияқты, – деді Жамболат Мамай.  

Саясаттанушы Оразғали Селтеевтің пікірінше, Назарбаеваның қызметінен кетуіне қатысты билік үнсіз отырмауы керек.

– Мұндай деңгейдегі кадрлық шешім дереу түсіндіруді қажет етеді. Конституциялық иерархияға сәйкес, елдегі екінші тұлғаның өкілеттігі тоқтатылған кезде, тым болмағанда президент баспасөз хатшысының түсіндірмесі қажет. Бұл – мемлекет басшысының жарлығымен іске асты ғой. Әлде өсек-аяңға, жорамалға жол беріп, ақпараттық ағынды уыстан шығарып қойып отырамыз ба?, – деді Селтеев.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір