• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 19:44:38
Алматы
+35°

Үкіметтің селекторлық отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыста әлі де 7 елдімекенде су басу қаупі жоғары екенін айтты, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәлімдемеге сәйкес, бүгінгі таңда, жалпы 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланды. Оның ішінде: 6 127 тұрғыны бар 5 елдімекенді су басқан (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық), 7 елдімекенде су басу қаупі әлі де жоғары, ал 2 елді (Мырзакент, Ақжол) мекендердің тұрғындары өз үй-жайларына қайта оралып, жайғасуда.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сорап келуде.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімінен 413 әскери қызметкер мен 37 дана техника тартылды. Қосымша Алматы қаласынан ҚР Ұлттық Ұланының құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер мен 26 дана техника келуде.

Атакент кенті мен Мақтарал, Жамбыл ауылдық округтерінде ашылған 19 қабылдау-эвакуациялау пунктіне 3200 адам орналастырылған. Мырзакент және Ақжол елдімекенінің тұрғындары үйлеріне оралуына байланысты эвакуациялық пункттер саны 24-тен 19-ға қысқарды.

– Қабылдау эвакуациялық пунктері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 медицина қызметкері медициналық көмек көрсетуде. Жетісай қаласында да 3 эвакуациялық-қабылдау пункті әзірленген. Қажет болса эвакуацияланған тұрғындарды қабылдауға дайынбыз, – деді Ө. Шөкеев.

Төтенше жағдай салдарынан бүгінгі таңға, алдын ала есептеулер бойынша жалпы 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 бала-бақшаны,4 медицина нысандары мен 1 мәдениет үйін, 10 дүкенді су басты, Жеңіс ауылындағы көпірді (ұзындығы 10 метр, ені 6 метр) және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожолдарды су шайды.

 
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Мақтаарал су тасқыны

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір