08 Мамыр, 2020 NEWS
almaty.gov.kz
Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен оның орынбасары Ержан Бабақұмаров видео-конференция-байланыс режимінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың әкімшілігі және қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуге Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев, Орталық қалалық клиникалық аурухананың уақытша бас дәрігері міндетін атқарушы Гүлнар Құлқаева, Қоғамдық медициналық кеңестің мүшесі, азаматтық белсенді Аида Әлжанова, сонымен бірге ОҚКА-ның дәрігерлері мен медицина қызметкерлері қатысты.
Жиын кезінде коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған аурухананың дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуді жүзеге асыру бойынша ҚР Президенті тапсырмасының орындалу барысы пысықталды.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда оларға 2 миллион теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік төлемақы тағайындау мәселелері де талқыланды. Атап өтетін жайт, жәрдемақы төлеу мәселесі тек Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлеріне ғана қатысты емес, сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырған қаладағы басқа да медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне жәрдемақы төлеу мәселесі де қаралатын болады.
Алматыда коронавируспен күресте эпидемияға қарсы шараларға 19 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылған. Бүгінгі таңда 16 ұйымның 3 418 қызметкеріне жалпы сомасы 1,1 млрд. теңге болатын үстемақы төлемдері төленген. Соның ішінде, бірінші қауіпті топтағы (өте қауіпті) 375 қызметкерге, екінші топтағы (жоғары) – 1943 қызметкерге, қауіптіліктің үшінші тобындағы 1100 қызметкерге төленген.
Комиссия жұмысы жалғасуда, медициналық ұйымдар қажетті құжаттарды тапсыруды аяқтап қалды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров барлық тиісті төлемдерді жедел түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ол үшін Орталық қалалық клиникалық аурухана басшылығына, сонымен бірге, қалалық Балалар клиникалық инфекциялық ауруханасына осы іске жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің тізімін беру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жедел түрде аяқтау тапсырылды.
«Қаржы қаражаты кейінге сақталды (зарезервирован). Президенттің тапсырмасы орындалады – осы іске жұмылдырылған барлық медицина қызметкерлері тиісті жәрдемақыларын алады. Эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне ай сайынғы жалақыға үстеме ақы төлеуді іске асыру бойынша жақын арада мәліметтер тапсыруды аяқтауларыңызды сұраймын.
Коронавирус инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлерінің тізімін жасап, оларға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жолғы әлеуметтік төлемді қамтамасыз ету бойынша жеке комиссия құрылған. Оның құрамына Денсаулық сақтау министрілігінің ұсынысмен қоғам өкілдері мен сарапшылар енеді», – деп атап өтті Е. Бабақұмаров.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір