• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 00:49:45
Алматы
+35°

Жеңіс күнінің 75 жылдығына орай Қамшы тілшісі Алматы қаласындағы бірнеше соғыс ардагеріне хабарласып, атаулы күнмен құттықтады. Солардың бірі Қашағанов Нұртайдың қызы әкесінің жағдайы жақсы екенін, ерлігі елеусіз қалмағанын айтты. 

Қашағанов Нұртай 1926 жылы 15 мамырда Алматы облысы Панфилов ауданы Шоралы ауылында дүниеге келген. 1932-1936 жылдар аралығында Шоралы ауылындағы бастауыш сыныпты, кейін интернатта 7-сыныпты бітіріп шығады. Отбасылық жағдайларға байланысты 7-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмай, еңбекке ерте жастан араласады. Соғыс басталған жылы ол ауылда қара жұмыс істеп жүрген.

1943 жылы әскер қатарына қосылуға өтініш береді. Кейін Петропавл қаласында кіші сержанттарды дайындайтын арнайы мектепке қабылданады. Мектепті ең қысқа мерзімде аяқтап, 1943 жылдың қараша айында соғысқа аттанады.

Ол бірінші  және екінші Беларусь майданына қатысқан. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен наградталады. 1944 жылдары Балтық республикаларын азат етуге қатысады.

Жеңіс күні ол қазіргі Санкт-Петербург бұрынғы Лениноград қаласында ауруханада болған. Кейін 1946 жылы елге оралады.

1950-1953 жылдары Алматы қаласындағы Панфилов педогогтикалық училищесінде оқиды. Кейін Шоралы ауылындағы мектептердің бірінде мұғалім болып қызмет атқарады. Көп жылдар бастауыш сынып мұғалімі болғаннан кейін, 1959-1964 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқиды. Оқуды аяқтағаннан кейін Шоралы ауылындағы мектепте ұстаздық қызметін жалғастырады.  

– Әкемнің ерлігі елеусіз қалып жатқан жоқ. Елбасының жыл сайынғы құттықтаулары да әлі күнге дейін сақтаулы. Кеше де Әуезов ауданының әкімі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың арнайы құттықтау қағазын үйге келіп табыс етті. Әкем қазір 94 жаста. Бүкіл қазақстандықтарды, алматылықтарды Жеңістің 75 жылдығымен құттықтаймын. Біздің әкелеріміз бен аталарымыздың біз үшін, қазіргі бейбіт өмір үшін өз жанын құрбан етті. Бейбіт күннің қадірін білейік. Келешегіміздің жарқын болуын тілеймін, – дейді Қашағанова Бейбіт Нұртайқызы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір