• USD 399.67
  • EUR 452.95
  • RUB 5.82
  • CNY 56.36

10 Мамыр, 2020 NEWS

Алматыда індетке шалдыққандардың 92 пайызы жұқтырғандармен байланыста болған

Көрнекі сурет

Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавируспен ауырғандардың 92%-ы жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың ішінен анықталғанын мәлім етті.

Қала бойынша бүгінгі күні COVID-19-дың расталған 1578 жағдайы тіркелген. 8 мамырда коронавирус инфекциясын жұқтырған 108 жағдай тіркелді. Қауіпті індетпен ауырғандардың 92%-ы жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың ішінен анықталған. Себебі, мамандар вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды жедел, дер кезінде бақылауға алып отыр.

Науқастардың 7%-ы скринингтен өткен кезде, 1%-ы медициналық көмекке жүгінген кезде жоспарлы емдеуге жатқызу алдында анықталған.

Қазіргі таңда қалада профилактикалық скрининг әдісі енгізілген. Бұл – коронавирустық инфекцияны жедел әрі сапалы, дәл анықтайтын заманауи әдіс.

– Мұндай әдіс енгізілгеннен бері, мысалы, өткен сәуір айында коронавирустық инфекцияны жұқтыру деңгейі тәулігіне 6%-дан аспағандықтан, қала экономикасын кезең-кезеңімен қалпына келтіру стратегиясы жүзеге асырыла бастады. Карантиннен қауіпсіз шығу үшін Алматыда инфекцияның жасырын ошақтарын белсенді анықтау мақсатында жаппай тестілеу жүргізілуде.

Профилактикалық скрининг әдісінің берген тағы бір жақсы нәтижесі, 75% науқастың бойындағы қатерлі инфекция симптомсыз, өте жеңіл кезеңінде анықталды. Бұл, әрине, сырқаттың асқынуының алдын алады және тез сауығып кетуіне мүмкіндік мол. Екіншіден, бұл скрининг бізге жасырын індет ошақтарын да жедел анықтауға көмектесіп жатыр.

Бір күнде анықталған 108 науқастың бәрі карантинде отырған адамдармен байланыста болғандар. Яғни, олар сыртқы ортадан, үйінен немесе жұмыс орнынан жұқтырып келмегендер. Біз ол деңгейге жеткізбедік, – деді Ж. Бекшин.

Сәуір айында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту және тестілеу контингентін кеңейту нәтижесінде жұқтыру ошақтары анықталды. Байланыста болған барлық адам дереу оқшауланды. Бүгінгі күні жұқтыру жағдайлары осы топтағы оқшауландырылған адамдардың арасындағы анықталуда, демек, инфекцияның одан әрі таралу жолы кесілді.

Қаланың бас санитарлық дәрігерінің сөзінше, ПЦР диагностикасының ауқымы, яғни контингенті кеңейтілген.

– Бастапқы кезеңде ПЦР-тест жүргізетін 2 зертхана болған, ал қазір олардың саны 6-ға жетті. Бұл коронавирустық инфекцияның жолын кесу үшін үлкен күш деп білеміз. Нәтижесінде өзге аймақтармен салыстырғанда алматылықтардың ПЦР-тесттен өту көрсеткіші, яғни қамтылу деңгейі республика бойынша алғашқы орында тұр.

Алматыда осы уақытқа дейін жалпы 85 мыңға жуық адам коронавирус инфекциясын анықтау тестінен өтті, оның ішінде 61-мыңы ПЦР әдісімен, ал 24 мыңы эксперсс-тест бойынша.

ПЦР-диагностика қазіргідей сын шақта бізге ең сапалы әрі жедел, дәл нәтиже беріп отырғанын бас айта кетейін, – деді Бекшин.

Ілмек сөздер: коронавирус

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір