• USD 399.67
  • EUR 452.95
  • RUB 5.82
  • CNY 56.36

09 Мамыр, 2020 NEWS

ҰОС ардагері, жазушы, қазақ детективінің дарабозы – Кемел Тоқаев

almaty.tv

Ол – ел қорғау жолында шыбын жанын шүберекке түйген ержүрек майдангер еді. Ол – қазақ детективінің дарабозы. Кеңес кезінде кітаптары ең көп оқылып, әдебиетте аты алтын әріппен жазылған қаламы қарымды жазушы, ақтаңгер журналист. Ол – ұлтына қорған болар Президентті тәрбиелеген парасатты тұлға. Иә, Кемел Тоқаевтің кемеңгерлігі, көркем мінезі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болары сөзсіз, деп almaty.tv хабарлады. 

Кемел Тоқаев балалық шағында тағдырдың тоқпағы мен соқпағын көп көрді. Қабырғасы қатпаған қаршадай шағында ата-анадан ерте айырылып, ағасы Қасыммен бірге балалар үйінде тәрбиеленді. Алапат аштықтан кейін сұрапыл соғыс келіп жалындаған жастық шағында майданға аттана барды.  

Жастайынан тағдырдың ащы дәмін татқан Кемел Тоқаев Фрунзе жаяу әскер училищесінде шамалы уақыт шыңдалады. Оны бітірген соң Сталинград майданына жіберілген. Қан майданда қайсарлығымен, қайраттылығымен көзге түсіп, 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, 3 айдан кейін жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Күрескер Кемел қояр да қоймай сұранып майдан шебіне қайта оралады.  Бұл жолы Украйна және Белорус майданының құрамына кірген 7-гвардиялық танк полкінде елді жаудан азат етеді. Жаужүрек жауынгер поляк жерінде тағы қатты жараланып, Омбы Гомель қалаларындағы госпитальде ем қабылдайды.

– Әкем соғыстың қасіретін көп тартты. Оның барлық қаупінен өтті. Қорқыныш пен қайғыны жеңе білді. Әкеміз өзге де майдангерлер секілді соғыс туралы, ерліктері мен наградалары туралы айтқанды жақсы көрмейтін. Жақында мен Омбыда 1945 жылдың ақпан-маусым айларында ауыр жарақаттан кейін ем қабылдаған соғыс ардагерлерінің госпиталь қабырғасында менің әкеме мемориалдық тақта орнатылғанын білдім. Омбы облысы мен қаласының басшылығына сол үшін ризашылығымды білдіремін, – деді ҚР Президенті  Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Соғыстың соңына дейін Отан алдындағы борышын адал өткерген Кемел Тоқаев, елге оралған соң  Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Әдебиетіміздің алып классиктерінен білім алады. 1948 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң,  бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы қызмет етеді. Сол жылдардан бастап жазушылық қабілеті таныла бастайды. Оның қуатты қаламынан «Жұлдызды жорық» «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Солдат соғысқа кетті», «Тасқын» деген секілді шоқтығы биік бірнеше повесть, роман туған. Оның кітаптары дүкен сөрелерінде шаң басып тұрған емес. Оқырман іздеп жүріп оқитын. Шығармаларына тұл жетімдіктің қасіретін тартқан кездері арқау болды. Кемел Тоқаевтың ғұмырына арналған «Тағдыр мен майдан» атты кітаптың авторы Ұларбек Нұрғалымұлы жазушының шығармасы туралы былай дейді.

– Солдат соғысқа кетті» деген романын  өмірінің айнасы деуге болады.  Өмірбаяндық емес, көркем шығарманың деңгейінде жазылған. Сондықтан ол жерде бас кейіпкер Кемел Тоқаевтің бала кезінде кешкен қиындықтарын еске салады. Бас кейіпкер Мұхаммед деген жігіт. Орыс офицерлерін құтқарып алады. Лирикалық кейіпкер. Кемел Тоқаевтің өзі деуге болады. Құтқарып алған адамдар қуанған кезде жылап жібереді. Сонда Мұхаммед  «адам қуанған кезде жылайды екен ғой» деп айтады,  – деді ақын, жазушы Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.

Белгілі жазушы Әкім Тарази Кемел Тоқаевпен Жазушылар Одағында бір кабинетте отырып, жұмыс істеген. Мінезі өте сабырлы, сөзі салмақты болатын дейді. Өмірде қолдау танытып жүретін арқа сүйер ағамыз еді деп еске алады.  

– Ол кісі үлкен аға болды. Бірдеңе сұрағым келеді. Мына бала қызық екен ғой деп айтпасын деп, сұрамаймын, отырамын, ұяламын. Ол кісі өзі бастаса, тыңдаймын... Ол кейін Орталық Партия комитетіне кетті.  Маған көп қамқорлық жасады.  Шақырып алатын, қиын жағдай болып жатқан жоқ п деп сұрайтын.  «Сен ұялма, айт маған» деп, қамқорлық жасайтын.  Бір кісінің артынан жамандаған емес», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім ТАРАЗИ.

Амангелді Кеңшілікұлы қазақ әдебиетінде кенжелеп дамымай қалған детектив жанрының негізін салып, оны биік белеске көтерген Кемел Тоқаев дейді.

Соғыс шебінен шығып әдебиет майданына енген жауынгер жазушының шығармалары шынайылығымен, оқиғаны оқырманның көз алдына әкелетін шебер жазылған шұрайлы тілімен ерекшеленетін дейді.

– Кемел Тоқаевтың  «Сарғабанда болған оқиға», «Түндегі жаңғырық» деген повестері, әңгімелері – шын мағынасында детектив жанрындағы шедеврлер. Неге?  Өйткені бұл шығармаларда, әрине,  Кемел Тоқаевтан кейін де осы салаға ат ізін салған, осы салада өзінің бағын сынаған жазушылар болды. Бірақ олардың көбісінің шығармалары көркемдік деңгейге, көркемдік проза деңгейіне жете алмай қалды. Сондықтан Кемел Тоқаевті детектив жанрының дарабозы деп айтуға болады, – деді жазушы, әдебиет сыншысы Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ.

Кемел Тоқаев адамдық пен адалдықтың, мамандықтың туын жоғары ұстап, абырой биігінен көрінді. ҚР Жоғары кеңесі ведомстволарының бас редакторы, Қазақстан жазушылар Одағының әдеби кеңесшісі, Ұлы Отан соғысының 1-ші және 2-дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, КСРО Ішкі Істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен және арнаулы төсбелгісімен марапатталған. Басты марапат  халық танытқан құрмет еді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір