• USD 397.56
  • EUR 445.94
  • RUB 5.82
  • CNY 55.96

19 Мамыр, 2020 NEWS

Коронавирусқа ПЦР әдісімен тегін тексеруден өтетіндер аталды

Көрнекі сурет

Үкімет COVID-19 инфекциясына ПЦР әдісімен анализ алуға 5,4 млрд теңге қаржы бөлді. Бір тестің бағасы шамамен 11,5 мың теңге тұрады. Осы ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалы тесттен тегін незде кімдер өте алатынын хабарлады.

Филиал мәліметінше, зерттеуге бөлінген қаражаттың 1,7 млрд теңгесі стационарларға, 3,7 млрд теңгесі – консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін емханаларға берілмек. Пациенттер аталған емдеу мекемелерінде тесті тегін тапсыра алады. Тексеруден тегін өтетін санаттар:

  • COVID-19 инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен провизорлық стационарға жатқызылған пациенттер;
  • Өткір респираторлық жұқпалы ауру мен пневмония белгілері анықталған азаматтар;
  • Коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болғандар;
  • Жоспарлы түрде стационарға жатып емделетін пациенттер;
  • Тыныс жолдары, эндокриндік және жүрек-қан тамыры жүйелері ауруына байланысты динамикалық бақылауға алынған, жасы 50-ден асқан пациенттер;
  • Шетелден келгендер;
  • ІІМ-нің жұқпалы аурудың алдын алуға жұмылдырылған қызметкерлері;
  • Жүкті әйелдер және т.б.

Хабарламаға сүйенсек, қазір «Ұлттық сараптама орталығы» үйде карантинде отырғандарды; арнайы контигент (ауру жұқтыру қаупі жоғары және респираторлық сырқат белгілері бар медицина қызметкерлері, эпидемияға қарсы іс-шараларға жұмылдырылған мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қарттар үйі, интернат пен өзге де арнайы мекемелердің тұрғындары) пен әскерге шақырылған азаматтарды ПЦР-тексеруден өткізіп жатыр. Тест орталық қаражаты есебінен тегін жасалады.

«Аймақтарға берілетін тест санын жергілікті атқару органдары анықтайды. Қазіргі таңда 600-ден астам медицина ұйымымен COVID-19 вирусына қатысты зерттеу жұмысына қатысу туралы келісім бекітілген» делінген хабарламада.

Коронавирустың таралуына жол бермеу шараларына республика бюджетінен 55,9 млрд теңге бөлінген. Қаржының операторы – Медициналық сақтандыру қоры. Оның 14,7 млрд теңгесі – инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларда жатқан пациенттерді емдеуге, 35,8 млрд теңгесі – вирустың таралуына қарсы іс-шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемақы төлеуге, 5,4 млрд тиеңгесі – диагностикалық зерттеулерге (ПЦР-тест) жұмсалды.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір