Кино! Идеологиялық қару. Оған ешкімнің ешқандай таласы жоқ. Өнер. Әрине. Былғанған.
Рас. «Әркімнің өз мақсаты – керегінде» (Абай). Бірі – бүлдіргісі келіп, бірі – күлдіргісі келіп, енді бірі – терең танылмаққа тыраштанып, бірі – ақша таппаққа, бірі жауға жақпаққа жанталасып жатқан аса бір күрделі сала. Қысқасы, «кинода әркімнің-ақ бар таласы». Саясат маңайында жүргені бар, парасат майданында жүргені бар, әйтеуір киноға құмарлар көп. Бұқара жүрегіне жетер төте жол екендігін бәріміз біліп алғандықтан болар.
Сахнадағы сайранымен саналарға ойранды көздеген қаймананың да назарында осы кино.
Сонымен, Құнанбай жарыққа шықты. Мүлдем басқа реңмен. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, әділ бағада есесі кетіп жүрген тұлға еді Құнанбай. Олай дейтінім, күні бүгінге дейін мектеп оқулықтарында Құнанбай тұлғасы советтік көзқарас тұрғысында бейнеленіп келе жатыр. (Қазақ әдебиеті, 11-сынып, 293-бет. «Мектеп баспасы»). Өкінішті. Абаймен салғыластырып, таластырып қоюдың заманы өтсе де, сол Марат Казей, Павлик Морозовтың екпінімен әлі жүрміз. Енді осы өкініштің орнын толтырмаққа жасалған соны қадам көрінді Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» фильмі.
* * *
Көп қазақтың білетіні – Әуезовтің Құнанбайы. Әуезов – ұлт алдында өзінің перзенттік парызын асыра орындаған қаламгер. Бодан кешкен, кіріптар қазақтың жоғын түгендеді ол. Алаш ақыл-ойының темірқазығы іспетті Абайды және оның теңдессіз асыл қазынасын құтқару жолында Құнанбай тұлғасын құрбандыққа шалып, айла қылды. Дана мұрасын сақтау жолындағы мәжбүрлік еді бұл. Ауыр да болса, Әуезов айласының ақталғанына куәміз. Соның арқасында Абайға алаңсыз сусындап өсті алаш баласы. Әкесі ұлының садағасы кетті. Енді анық Құнанбайды тану үшін Абайдың өзіне қайта жүгінетін заман келді. Көкірегі сара оқырман Құнанбайды Әуезов құтқарған Абай арқылы кер заманда-ақ танып қойған еді. Әбдірахман өлгенде жазған «Арғы атасы қажы еді» деп басталатын (30 жол), өзіне жұбату айтқанда, «Бермеген құлға қайтесің» (20 жолы Құнанбайға арналған) деп келетін екі өлеңге қарап-ақ көзіқарақты, сөз қадірін білетін оқырман Құнанбайдың құнын білер еді. Қашаннан әсіремақтауға сараң Абай Құнанбайға келгенде тым шүлеңгір. «Ол сыпатты қазақтан дүниеге ешкім келмепті» (!). «Ескендір, Темір, Шыңғыстай мұсылманда атақты» дейді.
Енді айтарым, мына жаңа фильм, жаңа «Құнанбай» Абай сомдаған Құнанбайға қаншалықты сәйкес?
Бізге де негізгі керегі – Абайдың «Құнанбайы». Кинодан сол өрнек тапты ма?
Абай жазған «адалдық, ақыл жасынан қозғап, тыныштық бермейтін» сипатын Зере ананың бейнесі арқылы кинодан көруге болады.
Фильмде керей мен қаракесек арасындағы кикілжің арқылы «бәрінің көңілін тындырып, біреуін ала көрмеген, әділ, мырза, ер Құнанбайды» танимыз.
Барымтамен жарлының жалғыз малын ұрлап, қиянат қылғандарды қойдай көгендеп, итжеккенге айдатқан көріністен «тәубесін еске түсіріп, тентекті тыйып жерлеген» Құнанбай көрініс береді. Фильмнің негізгі желісіндегі сүбелі тұсы Қодар мен Қамқаны жазалауының түп-төркіні де Абай суретіне саяды. «Дүниеге көңіл бөлмеген, Алланың жарлығына көнген, әр қиынға сермеген Құнанбай». Иә, көнген! Өлім жазасына іштей қимайтын пенделігін Алланың жарлығына көнген, тақуалығына жеңгізген ішкі тартысын фильм нанымды бере алған. Фильмде анық айтылмаса да, орыстың шамына тиген – осы тұс. Сахарада ескі низаммен шариғат үкіміне жүгініп, шешім қабылдаған Құнанбай, әрине, орыс үшін өте қауіпті еді.
Өзіне қараған елдің берекесін қашырмаққа ши жүгіртіп, шаптан түрткен сұрқия Сарыбайға шалма лақтырып, ат-сүйреткіге салған детальдан Абай жазған «ерегескен жауларын кісен салып матаған, орынсыз шатаққа бармайтын» қатал, бірақ қатігез емес, қателігін түсінгенге кешірімі дайын мәрт Құнанбай мұнартады. Фильмнің ең бір әсерлі де ұтымды тұсы – Барақ пен Құнанбай арасындағы уақиға. Иық таластырып, бақас кейіпте жүрген адуын Барақ арқылы, жеме-жемге келгенде, «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» мәрт қазақтың бауырмал бейнесі көрерменді еріксіз елжіретіп, жанына шуақ себетіні анық.
* * *
Фильмнің бірінші актісінде негативті оқиғалар тізбегі беріледі. Қалыңы төленген қызды алып қашқан сері, түйенің жібін тісімен шешіп, олжа тапқан жалаңаш әйел… (Әрине, тап осы көрініс болмаған күннің өзінде фильмнің бүйірі олқы қалмасы анық еді. Қайтесіз! Обалымыз «жынды жаңбырдың суын» ішуге мәжбүрлеген заманауи талапқа). Сахара санкциясын алып алғандай. Қоғамның панасында. Естіге тұрпайы, есерге елеусіз. Сол кезеңнің шындығы. Артынша, ата мен келін ойнасы. Ол жарлының жалғыз малын алған ұрыға ұласады. Аға сұлтан осының бәріне жауапты екенін терең түйсінеді. Аласұрып шешім іздейді.
Құнанбай анасымен ақылдасқан эпизодта «не жөн сөзге, не тізеге көнбейтін бұл елге енді тәңірінің тезі керек» деп күйінетін тұсы бар. Режиссер осылайша қоғам дертін емдемекке Құнанбай қабылдаған тосын да қатал үкімді шебер ақтаған. Мұндағы тағы бір тәнті қылар тәсіл – автор ой түйіндеп, таразылауды көрерменнің патша-көңіліне қалдырып, әркімнің өзінше іздегенін табуына мүмкіндік жасаған.
* * *
Фильмдегі еріксіз тәнті қылатын бір жайт – Дос-ағаңның Құнанбайды сомдауы. Досхан – ішті өнерпаз. Жас кезінің өзінде-ақ егделікке бейім Досхан болмысы нағыз бейнесімен енді табысқандай әсер береді. Қарақұстан қайың шоқпармен ұрғандай дүмді дауыс. Керекті-керексіз шаптыға бермейді. Самғау тұсында саңқ етеді. Құбылар тұсында құмығады. Қағаздан жаттағандай емес, ішінен шығып жатқандай. Қазақы бояуы қап-қанық. Қаз дауысымен қазып-қазып сөйлейді. Мүлтіксіз дикция. Байсал тартқан тұла бойы жерде де, ат үстінде де орнықты. Ызбарланады. Озбыр емес. Құнанбайша қайғырады. Қажырына көлеңке түсірмей, қайраты кемімей. Күлкісінің де лекілі жоқ, Құнанбайға тән. Етігінің ішіндегі бақайы да Құнанбайдікі. Әсер осы! Анығын айту керек секілді, Құнанбайды сомдау барысында Жолжақсынов шеберлігі Жантөриннің деңгейіне жетіп жығылған. Тіпті еркін жеткендей әсер берді маған.
* * *
Чемпионның бәрінен жақсы жаттықтырушы шыға бермейтіні секілді, жақсы актерден жақсы режиссер шыға бермейді деген сіңісті ұғым бар. Алайда әлемдік кинода мұны теріске шығаратын мысал көп. Ол – Клинт Иствуд («Кешірілмеген»), Мэл Гибсон («Батыл жүрек»), Кевин Костнер («Бөрімен би»). Досханның да өз геройымен болмысындағы үндестігін, тақырыпқа ширығып, есіне кеше келіп, бүгін түсіретін шалағайлықпен емес, біршама ішкі дайындықпен келгендігін байқау қиын емес.
* * *
Кино өнер дедік. Қала берді, ғылым. Яғни оның талабы бар. Қалыптасқан жүйеге ие. Жалпы, әдебиетіңізді алыңыз, өнеріңізді алыңыз, қай-қайсының да діттегені – аудиториясына ой түйіндерін жеткізу, әңгіме айту, қысқасы. Айтар ойсыз, берер әсерсіз әдебиет те, өнер де тұл дейміз. Ал киноңыз – екібастан солай. Тіпті фильм жасаудың атасына айналған америкалықтарыңыз киноны тура мағынасында «әңгіме айту өнері» (storytelling) деп атайды. Әңгімені нанымды, әсерлі, қызықты етіп айта алсаң, киноң тамаша; керісінше болса, мың жерден эффектпен аптап, монтажбен күптеп қой, жасағаның дүние емес…
Ауылда әңгімеші шалдар болатын. Естіп-ақ жүрген жай бір уақиғаны әлгі шалдар майын тамыза әңгімелегенде, мен деген кинолар қолына су құюға жарамайтын керемет драмалар туып жататын-ды. Ондай шалдарды табиғи әңгімешілер (натуральный рассказщик) дейміз. Табиғи әңгімешінің әлемдік мысалы ретінде Шекспирлер мен Чеховтарды айтуға болады. Жанымнан айтып отырған сөз емес, орыстың әйгілі режиссері, кинотеоретигі Александр Митта солай дейді. Әрбір әңгімеде тастай берік құрылым, рет, тыңдаушының, көрерменнің эмоциясын реттейтін драмалық тетіктер мен тәсілдер болады. Ертедегі грек заманынан бүгінге дейінгі айтылып, жазылып, түсіріліп келе жатқан әңгіменің бәрі әлгі құрылым мен тәсілдерге негізделеді. Ол тәсілдер ауылдағы шалдардың әңгімесінде де, қазақтың ертегілері мен эпостарында да, Шекспир, Шоу, Әуезовтерде де бар. Тіпті мұны тәсіл емес, жақсы әңгіме тудырудағы заңдылық деуге болады. Ал табиғи әңгімешілер дегеніміз – әлгі құрылым мен әдістерді ешкім үйретпесе де, интуитивті түрде сезіне алатын түйсігі терең суреткерлер. Дегенмен, бүгінгі голливуд оның бәрін ғылым ретінде зерттеп, шөптен таблетка жасағандай дайын теория етіп, киноларына қолданып жатыр.
* * *
Режиссер Досхан мен драматург Таласбек жоғарыда айтқан «жақсы әңгімешіліктің» үдесінен қаншалықты шыға алды?
Тағы сол америкалық драматург Марк Лория айтады: «Жақсы кино дегеніміз – қарапайым оқиға, күрделі кейіпкер». Егер осы заңдылыққа салсаңыз, Құнанбайда бас қатырар шым-шытырық сюжет желісі жоқ, есесіне, күрделі, терең, ішкі тартысы мол кейіпкер бар. Джим Жармуш айтады, «маған маңыздысы оқиға желісі емес, күрделі әрі терең кейіпкер» деп.
Ал орыс ойының өлшемі Пушкиннің: «Күлкі, аяушылық, қорқыныш – біздің драма сиқырымен әсерленген жан дүниеміздің негізгі үш ішегі» (Смех, жалость, ужас суть три струны нашего воображения, потрясаемые драматическим волшебством) дейтіні бар. Стивен Спилбергіңіздің ойы одан алыс кетпейді. «Күлдіру, қорқыту, аяушылықтан жылату – киноны бәрінен артық ететін дүниелер» (Смешить, пугать и вызывать слезы сострадания – это кино делает лучше всего).
Құнанбайды көріп отырып, Жолжақсынов кейіпкерінің жағына өтіп, онымен бірге шешім қабылдап, онымен бірге қиналғанымыз рас. Құнанбайды жанымызға жақын тарта түскеніміз де сол. Қамқа мен Қодар оқиғасы кезінде режиссер бізді ептеп қорқытып та алды. Дегенмен, әлемдік үздік туындыларда кездесетін, тіпті трагедиялардың өзінде арасында аудиторияны бір ду еткізіп, оятып алатын әрекеттер мен репликалар бұл киноға да артықтық етпес еді. Фильмнің басында Тонтайдың Құнанбайды сөзден жеңіп кететін сахнасы бар. Дегенмен, ондағы күлкінің шамасы қатысып отырған актерлердің жасанды күлкісін шақыруға ғана жетті.
* * *
Кинотеоретик Сид Филд «Сценарий» атты концепциялық еңбегінде өзіне бір жас кинодраматургтің келгенін, байопик (биографиялық фильм) жазам деп, кейіпкердің өмірін тұтас көшіріп әкелгенін баяндайды. «Бір ғана тұсын ал дедік. Ана жері де қызық, мына жері де қызық деп қысқартудан бас тартты. Ақыры кино да шыққан жоқ, әлгі жас талапкерден кинодраматург те шыққан жоқ» дейді Филд.
Құнанбай – байопик. Байопик фильм жасаудың да қарапайым, бірақ көпке құпия қыр-сыры бар. Ең басты талап – кейіпкер өмірінің ең маңызды тұсын ғана қиып алып, сығымдап көрсету. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді деген шаруа. Құнанбайдың қажылығы, Бөжеймен тартысы қайда, Абай неге аз көрсетілді деушілерге жауап осы. Драма – фактілер жиынтығы емес. Я болмаса, фактілер жиынтығы драма тудырмайды. Әйтпегенде жұрт газет оқып отырып та жылай берер еді. Тағы да менің сөзім емес, Митта осылай дейді.
Ал Дос-ағаңның бұл теориядан хабары қаншалық екенін білмедік. Дегенмен, Құнанбай өмірінің бір ғана үзігін, азғана драмалық қақтығысын алып, сол арқылы оның образын жарқырата ашып беруін нағыз табиғи әңгімешіге тән қасиет деуге әбден болады.
Ұнасын-ұнамасын, әлемдік киноның қазіргі темірқазығына айналып отырғасын, Голливудқа қайта-қайта айналып соғып жатырмыз. Сол Голливудта «Аз кейіпкер – көп эффект» деген тағы бір қағида бар. Қағида болғанда да, жазылған, бекітілген тұжырым емес, тексерілген заңдылық. «Абай жолында» не көп, кейіпкер көп еді. Досхан өз фильмін Құнанбай, Зере, Барақ сынды айналдырған 2-3 кейіпкермен-ақ өріп шығыпты. Онысы киноға жинақылық беріп-ақ тұр.
* * *
Әлемдік кино туындылардың көбіне тән бір ажырамас элемент – көрерменнің төзімін илеу (напряжение) және саспенс. Мұны Альфред Хичкоктың сөзімен түсіндірсек, үстелдің астында бомба тұр, кейіпкерлер ол қауіптен хабарсыз, жайбарақат әңгімелесіп отыр. Бомбаның барын көрермен біледі, кейіпкерлер білмейді. Әне жарылады, міне жарылады. Мыналар тұрып кетсе игі еді! Осы – саспенс. Хичкок айтады: «Саспенсті қанша созсаң да, көрерменді жалықтырмайсың». Қайта осындай ширыққан сәттер созылған сайын қызық. Әлдебір кісі өлтіргіш бас кейіпкеріңіздің ту сыртынан пышақ салмаққа келе жатыр. Әлі келе жатыр. Кейіпкер жайбарақат. Артына қарамайды. Міне, қарақшы пышағын суырды. Кейіпкер әлі жайбарақат. Қарақшы табанын аңдап басады. Кейіпкер артына қарар емес. Осылайша, айналдырған жарты минуттың шаруасын кинода он минутқа созады. Бірақ сіз одан жалықпайсыз. Созылып кетті демейсіз. Қайта айызыңыз қанады, адреналиніңіз бөлініп, стресіңіз түседі. Жалғыз кісі өлтіретін кинода емес, комедияның да, драманың да есте қалар сәттері саспенске құрылады. Әттеген-айы, қазақ киносында осы жоқ. Бізде бәрі оп-оңай. Сюжеттегі кез келген үлкен уақиғалардан бірсыдырғы қалыппен өтіп кетеміз. Қазақ көрерменінің қазақ киносына барғанда қыбы қанбай шығатыны сол. Американ киносценарисі Флойд Биарс: «Кино тиісті әсерін беру үшін онда кемі 5 айыз қандырар сахна болу керек» депті.
«Құнанбайда» жүрек қағысын жиілетер сахналар көптеген қазақ киноларымен салыстырғанда, баршылық, тіпті едәуір көп. Тек кемшілігі – шырқау нүктесіне бәрібір жетпей, бір қайнауы кем піскендей, ішіне енді енгенде бітіп қалып жатқандай болады.
* * *
Хош, «Құнанбайдың» сценарлық желісін драматургияның кейбір заңдылықтарына салып көргендегі ойымыз осы болды. Енді оның кино ретіндегі, Дос-ағаңның режиссер ретіндегі кейбір жетістіктері мен олқылықтарына ой жүгіртіп көрейік.
Режиссердің ізденісі сол – әдеттегідей қасындағы Қапшағай мен Қаскелеңге тартпай, Құнанбай туған Қарауылға қайырылуы. Жидебайдың жусаны, Шыңғыстың шөбі арқылы атмосфераны сезінгісі келгендіктен болар дедік. Қоюшы-оператордың, суретшінің еңбегіне қол соғуға болады. Кадрлар бай, толы. Өскенбайдың асымен басталатын алғашқы сахнаның беташар кадрын алыңыз. Жалпы, пландағы мизансценаның әдемі үйлесуі, алдыңғы фокустағы ақшаңқан үйлер, фондағы үйір жылқы, бұйра бұлттар сізді сол бір заманға алып-ақ кетеді. Немесе жоқтау айтып отырған әйелдерді көрсеткен кадрдағы алдыңғы планда желбіреп тұрған перде, Құнанбайдың Зеремен ақылдаса отырып, Қодар ісі жайлы шешім қабылдайтын сахнадағы оттың жалыны – бейнеге динамика мен энергетика беретін элементтер. Осы тұста, Досханның режиссер ретіндегі бір шеберлігін атай кету керек. Зеренің Құнанбайды қайрайтын сахнасында Құнанбайдың екі жағынан екі от жанып тұрады. Бұл екі оттың ортасында қалған аға сұлтанның драмалық күйін дәл беретін метафора болатын.
* * *
Динамика демекші, кинода қимыл-қозғалыстың маңызы жоғары. Бұл тұрғыда қазіргі көрерменнің талабы тіпті жоғары. Жалыққыш, шыдамсыз көрерменді динамиканың күшімен ұстап тұруға болады. Мысалы, Джеймс Кэмеронның үш сағаттық фильмдері неге зу етіп өте шығады? Өйткені онда қозғалыс бар. Кадр ішінде кейіпкерлер қозғалады, оның сыртында, камера және қозғалады. Осы екі қозғалыс динамика тудырады. Құнанбайдағы бәйге шапқан, ат үйреткен кейбір сахналарды есепке алмағанда, қалғанының бәрінде кейіпкерлер не отырады, не тұрады. Камера тек жалпы планда оңнан солға, солдан оңға баяу жылжиды. Кейіпкердің ішкі әлемі өзгергенде, шешім қабылдағанда, үміті сөнгенде камераның да соған қосыла үн қатып, жалпы планнан ірі планға барып немесе керісінше, актердан алыстайтын эмоциялық қозғалыстары болушы еді. Не дегенмен, классикалық мектептің өкілі саналатын Жолжақсынов бұл жағынан заманауилық таныта алмағандай көрінді.
* * *
Дей тұрғанмен, композиция, жарық, монтаж тұрғысынан режиссердің өзіндік қолтаңбасын айқын тануға болады. Мысалы, көптеген сахналардағы анықтаушы пландар (адресный план) төбеден, құс көзі кадр түрінде алынған. Егер қандай да бір тәсіл бір қолданылса, ол – кездейсоқтық, екі рет қолданылса – эксперимент, ал үнемі қолданылса, демек, ол – стиль. Бұл стиль – айрықша назарға лайық көрінді.
Байқасаңыздар, көп сахналарда терезе және одан төгіліп түсіп тұрған сәуле кадр композициясының негізгі элементі ретінде қолданылады. Оның эстетикалық әдемілігі өз алдына, келер күннің үміті секілді символдық қуаты да көрерменге ерекше әсер береді. Тағы да сол. Бір рет емес, екі рет емес, қайта-қайта терезе. Режиссердің стилі, саналы шешімі деп қабылдаймыз.
Меніңше, қайсыбір олқылық та осы стильден туып жатыр. Сырттан түскен сәуленің есебінен, кей сахналарда жарықтың мөлшері тым артып кеткен (пересвет). Мысалы, Құнанбайды тергеуге алатын сахнада, оның беті жарықтан тіпті көрінбейді десе болады. Режимдік (күн еңкейген кездегі) түсірілімдерде де, жарық мөлшерінің артып кеткенін, кейде камераның баптауына байланысты реңдік өзгеріске түскенін көреміз. Мысалы, Барақ сұлтанның ат үйретіп жатқан сахнасында жылқының түсі жалпы планда ақбоз да, орта планда – күрең. Негізі, бір жылқы, бірақ кадр ауысқан сайын түсі де ауысады. Оператордың, жарық қоюшының, қала берді, колористтің қателігі.
Киіз үйдің ішінде Құнанбайдың көмекшілеріне ұрсатын сахна бар. Оны режиссер өз стиліне сай жоғарыдан алған жалғыз кадрмен беруді жөн санапты. Киіз үй тар. Камераны алысқа қоя алмайды. Кадрға үш адам бірдей сыю үшін кең бұрышты линза, онда да жан-жағы дөңгеленіп тұратын «балық көз» линза пайдаланылған. Осындай бір тұстар киноның кинолық эффектісін түсіріп, телевизиялық кадрға жақындатып тастайды. Қала берді, ракурстардың аздығы, яғни бір оқиғаның тек екі-үш нүктеден ғана түсірілгені жалпы бейнеқатарға бір жұпынылық үстеп тұрады. Қазақ киносының ауруы ғой: асығыстық, қаржының тапшылығы, қол байлайтын басқа да себептер. «Құнанбайды» көріп отырып, ауыр-ауыр сахналардың кейбірі бір күнде түсірілген бе деп қалдық. Ондай жағдайда, әрине, қателік болмай тұрмайды. Содан да, қазақ киносына батыстық киноға қоятын талапты қоя алмайсыз. Дегенмен, бір нәрсені айта кету керек, жалпы алғанда, «Құнанбайдың» түсірілімдері едәуір бай көрінді, бөлінген қаржы, көрсетілген жанашырлық бей-берекет кетпей, жөнімен жұмсалғанға ұқсайды.
* * *
Қазақ киносының тағы бір дерті – дубляж. Еріннің артикуляциясы мен дыбыстың сәйкеспеуі «Құнанбайда» да бар. Дегенмен, талай киноға қарағанда көш ілгері. Соған шүкір дейміз.
Сахнада тұрып, соңғы қатарға даусының жетуін, қимылының көрінуін көздеген театрлық дағдыны шеңбері шектеулі кинокамера алдында қолдану – үйлесімсіз шешім. Киноэкран көтермейтін жоғарғы тон, нанымсыз эмоция, пьесалық күлкі – қысқасы, күллі қазақ киносындағы «театральщина» дертінен «Құнанбай» да құлан-таза емес.
Алайда бітім-болмысы, фактурасы кейіпкеріне сай Барақ-Айдос (Бектемір) жөнінде сөз бөлек. Шақарлықтың шекарасына өтіп кетпейтін адуындығы тыраш емес, табиғи! Камераны сезінуі өте шебер. Харизмасы ерекшеленіп, бас кейіпкердің көлеңкесінде қалмай, өзінше өрнек құрады…
* * *
Фильмде «күндестің күлі де күндес» болмай, дана ененің қос тізесіне қатар бас қойған Күңке мен Ұлжанның татулығын, әулеттегі берекенің көрінісін Ұлжан-Қарагөздің сазды әнімен суреттейтін сахна бар. Кейіпкердің жан дүниесін сезіне орындаған әнші даусын композитор Төлеген Мұхамеджановтың сүйемелсіз беруі, оның интершуммен ұласуы табылған шешім болып көрінді.
Жалпы, музыка кинода драматургияға қызмет етуге міндетті. Фильмнің атмосферасына дәл түсу көптеген қазақ композиторлары үшін алынбас асу болып жүр еді, Төлеген-Досхан тандемі бұл жолы өзін-өзі әдемі ақтаған. Оның үстіне, фильмнің музыкалық желісінде Абай әуендерінің бой көрсетіп қалуы біраз заңды жүкті абыроймен арқалап тұрғандай әсер береді.
* * *
Замана қарқыны алапат. Ақпаратта шекара қалмады. Ауладағы төбелесті түсіріп ап, әлемнің назарына ұсына салатын мүмкіндікке әркім ие заман. Шығандап, ешкімге шаңын көрсетпей кеткен голливудтық фильм әлемді қанжығасына байлаған шақ. Сол фильмдерге көзі қанған көрерменнің отандық киноларға шекесінен қарағанына ренжи де алмайсыз. Алайда ескере кетер біраз жайттар бар. Әлемнен киносымен ғана емес, барлық жағынан үстем тұрған қуаты орасан алпауыт елдермен шендесуге бізде қауқар кем. Режиссері мен актері ғана емес, олардың дәрігері мен мұғаліміне, инженері мен диқанына да иықтасуға әзірше дәрменсізбіз. «Қазақфильмнің» бес жылдық бюджетіне Голливуд бір ғана «Кариб теңізінің қарақшыларын» (300 млн АҚШ доллары) түсіріпті. Сол киноның титріндегі фильм жасауға қатысқандардың тізімі көрерменіңнен көп.
Біздің мұрат «әлем тану үшін» деген тыраш емес, «қазақ боп қалу үшін» деген игі мақсатты көздесе керек-ті. Бұл мұрат – қайсыбір оппоненттеріміздің бізге таңғанындай кертартпа, өзімшіл тұжырым емес, әлемдік өнерде мойындалған көрнекті тұлғалардың да ойы. Оған дәлел – Акура Куросаваның тәмсілі. Ол айтады: «Кино, ең алдымен, өз ұлтың үшін түсірілуі керек» деп! Ендеше, анық Құнанбайды қазақтың өзі танып болған жоқ. Осы зәрулікті еңсермекке ерлеріміз іс тындырыпты. «Біткен іске сыншы көп». Талай сын айтылары анық. Бірақ сағын сындырмай, талабын таптамай, ағайыншылық көзқараспен болғанына пейілміз.
Бір анығы – бұл киноның қазақы өрнегі қанық, айтары анық, мұраты биік. Ең бастысы, фильмнен қазаққа деген таза ниет, ыстық ықылас, шынайы махаббат көреміз. Бәзбір қағынан жеріген мұндарлар секілді қазаққа сыртынан состиып қарамаған, ішінен егіліп, болысып жасалған дүние! Сонысымен де құнды. Ендеше, бұл киноға да қазақы қауым іштей болысып қараса керек-ті!
Aikyn.kz
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір