• USD 399.67
  • EUR 452.95
  • RUB 5.82
  • CNY 56.36

21 Мамыр, 2020 Аймақтар

455 адам мемлекеттік грантпен қамтылады

qamshy.kz

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайсаңгүл Досполова мәлімдеді.

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп Маңғыстау облысының әкімдігі облыс бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарын жасақтап, бекітті.

Бұл кешенді жоспар шеңберінде барлығы 17 320 адам қамтылады деп күтілуде.

Кешенді жоспарға сай іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде азаматтарды қамту көзделіп отыр.

Жұмыспен қамту шаралары бойынша 8 067 адам тұрақты жұмыс орындарымен, 7 334 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылады. Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуды бітірген 840 адам жұмыспен қамтылса, 624 адам шағын несиемен және 455 адам жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттармен қамтылады.

Сонымен қатар, осы төтенше жағдайға байланысты республикалық бюджеттен қосымша 1 556 адамды қамту үшін 585 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде:

- мемлекеттік грант – 180 адамға (95,4 млн. теңге);

- ақылы қоғамдық жұмыс – 1 000 адамға (340,0 млн. теңге);

- жастар тәжірибесі – 376 адамға (149,5 млн. теңге).

Барлығын қосқанда осы кешенді жоспар шеңберінде 18 876 адам қамтылады.

Жұмыспен қамтудың жол картасы

Төтенше жағдай режимі кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында Жұмыспен қамтудың жол картасы жасақталып, бекітілді.

Қабылданған Жол картасының негізгі мақсаттары:

- жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;

- қосымша жұмыс орындарын құру және табыстың болуын қамтамасыз ету;

- елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау.

Облысымызда Жол картаны іске асыруға 34 млрд. теңге қарастырылып отыр. Жалпы алғанда 144 жоба қамтылады және 8 495 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ол жобаларды жүзеге асыру кезінде уақытша жұмыспен қамтуды ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді.

Жол картасы келесі жұмыстар мен нысандар түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырады:

- әлеуметтік–мәдени нысандары – 63 жоба (8,6 млрд. теңге). Бұл жобаларда 2 829 жұмыс орны құрылады және 1 387 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады;

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары – 37 жоба (13,2 млрд. теңге). Бұл жобаларда 2 829 жұмыс орны құрылады және 1 414 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады;

- инженерлік-көлік инфрақұрылымы нысандары – 30 жоба (7,5 млрд. теңге). Бұл жобаларда 1 382 жұмыс орны құрылады және 792 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады;

- елді мекендерді абаттандыру бойынша – 13 жоба (4,6 млрд. теңге). Бұл жобаларда 1 455 жұмыс орны құрылады және 753 адамды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады.

Жол картасы шеңберіндегі жобаларға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінулері қажет.

Ақтау қаласында 49 жоба, Жаңаөзен қаласында 19 жоба, Бейнеу ауданында 12 жоба, Қарақия ауданында 18 жоба, Маңғыстау ауданында 17 жоба, Мұнайлы ауданында 9 жоба және Түпқараған ауданында 20 жоба іске асырылады деп жоспарланды.

Бүгінгі күні 144 жобаның 142 жобасына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 130 жоба бойынша конкурстық процедуралары аяқталды.

«Қазіргі таңда, 80 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп бастады. Бұл жобаларға барлығы 3587 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1346 адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы», - дейді Ж.Досполова.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір