• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:15:14
Алматы
+35°

Алматы облысында жыл басында еріктілердің саны 1043 болса, қазір олардың саны 2033-ке жеткен. Олар көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетумен айналысып, дезинфекциялық жұмыстарға атсалысуда, сол сияқты қауырт желі байланыс телефонында жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір еріктілерінің атсалысуымен 50 мың медициналық маска тігіліп, таратылды. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 10 мың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сол сияқты волонтерлар жалғызбасты қариялардың үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізеді. Осындай жұмыстарды белсене атқарып жүрген «Жетісу еріктілері» ұйымының мүшесі, облыстық «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің үйлестірушісі Жансая Смағұловаға облыс әкімі Амандық Баталов Президенттің Алғыс хатын тапсырды.

Құттықтау барысында облыс басшысы Жансаяның төтенше жағдай кезінде ұжымдық еріктілікті ұйымдастырудағы, мұқтаж жандарға қол ұшын созу жұмыстарын үйлестірудегі, волонтерлардың атқарған істерін БАҚ-та насихаттаудағы үлесін атап өтіп, Президенттің Алғыс хатын және сый ретінде өзінің қолтаңбасы бар кітап табыстады.

- Мейірімділік әлемді құтқарады деген сөз бекер айтылмаған. Қайтарымын сұрамай, шын ниетпен жасалған жақсылық қашанда адамның алдынан шығады. Сондықтан жақсылық жасау кез келген адамның өмірлік мақсаты болуы тиіс. Еліміз үшін осы бір қиын-қыстау кезеңде волонтерлардың, соның ішінде өзіңнің атқарған ізгі істеріңнің халыққа көп пайдасы тиді, - дей келе Амандық Баталов өзінің өмірлік тәжірибесінен мысалдар айтты. Сол сияқты Жансаяның болашақтағы жоспарлары туралы сұрады.

Атап өтсек, Жансая Смағұлова І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Журналистика» бөлімін бітірген. Бүгінде «Жетісу еріктілері» ұйымының мүшесі, облыстық «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің үйлестірушісі. Алда журналистік жолды жалғастыру да ойында бар.

Өз кезегінде Ж. Смағұлова облыс әкіміне өзін жылы қабылдағаны үшін алғысын айтты.

 - Бұл марапат маған ғана емес, барлық жетісулық еріктілерге берілген марапат деп деп білемін. Біз бірлігімізбен ғана күштіміз.  Мен жалғыз өзім ештеңе тындыра алмас едім, сондықтан бұл - ортақ жеңіс. Бүгінгі Алғыс хат бұдан былайғы жұмысымызға үлкен серпін береді. Президентімізге волонтерларды назардан тыс қалдырмағанына ризашылығымызы білдіреміз. Бұл жұмыстарды біз өз атымызды шығару үшін емес, жүрек қалауымен жасап жүрміз. Біз үшін ең үлкен марапат – халықтың алғысы, - деді ол.

Жалпы, бүгінгі күні облыста 2033 ерікті жас тіркелген. Олар азаматтарды волонтерлікке тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жұмыс атқаруда. Сондай-ақ төтенше жағдайларға байланысты 404-404 қауырт желі байланыс телефоны қызмет істейді. Тәулік бойы өз жұмысын жалғастыратын жедел желі тұтқасында халыққа бірінші кезекте көмегі қажет мамандар, атап айтар болсақ, денсаулық сақтау саласының мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша арнайы мамандар, білім басқармасының мамандары мен еріктілер қызметін ұйымдастырушы жастар  отырады. Бүгінгі күні қауырт желі арқылы байланысқан облыс тұрғындарының саны - 4736 адам.

Сол сияқты дезинфекциялық жұмыстарға атсалысу, азық-түлік тасымалдау, медициналық жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етумен айналысып келеді. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір