• USD 409.98
  • EUR 462.21
  • RUB 5.75
  • CNY 58.43

04 Маусым, 2020 NEWS

Байбек «Nur Otan» праймеризінің қашан өтетінін айтты

Facebook

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында партияішілік таңдау – праймериздің қашан өтетіні туралы айтты.

– Құрметті достар! Баршаңызды еліміздің Тәуелсіздігін, сан ғасырлық тарихы мен егемендігін бейнелейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын.

«Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі.

Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Өздеріңіз білетіндей, біз былтыр «Nur Otan»-ның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу өткізген болатынбыз. Жоба әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарының саны және әлеуметтік топтары бойынша әркелкі 14 қала мен ауданда өткізілді. 10 мың партиялықтан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Біздің қатарымызға 20 мың адам қосылды.

Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен Праймериз өткізу ережесі қабылданды. Ол ертең біздің ресми сайтымызда жарияланатын болады.

Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр, – деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, таяу уақытта партияішілік іріктеуге қатысуға ниеттенгендерді оқыту басталады. Ол үшін Саяси менеджмент мектебі коммуникация, сайлаушылармен жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары және басқа да тақырыптар бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырады.

– Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс».

Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету – партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз, – деді ол.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір