• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:45:01
Алматы
+35°

Бұл сұраққа жауап берместен бұрын, саяси партиялар туралы аз-кем шолу жасап өткенді жөн санадым.

а

Қастер Сарқытқан,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы

Экономикалық-әлеуметтік және саяси география

ғылымдарының кандидаты,

"Ешқашан жоқ деме, Табыс құпиясы - өз әлемің ішінде"

 кітабының авторы

Партия сөзінің төркіні – латынның "pars" және "parto" деген сөздері. Қазақшасы: "бөліну", "үлес алу" немесе "бөлшек" деген мағынада. Ғылыми түсінік бойынша, қоғамдық жалпы саяси санадан, дербес ұстаным, өзгеше  мақсат пен мүдде негізінде өзіндік көзқарастары арқылы дараланатын адамдар тобы. Партияның нақты қашан пайда болғаны  туралы дөп басып айту қиын. Бірақ, қайнары адамзат қоғамында меншіктік қатынастың қалыптасуымен байланысты болса керек.

Партиялардың саяси мақсат бойынша қоғамдық өмірде белсене қалыптасуы, менің ойымша, XIV ғасырда Италияда бастау алып, кейін, XV және XVI ғасырларда гүлдену кезеңіне өткен Еуропадағы капиталистік қатынастар негізіндегі буржуазиялық мәдениеттің  "Қайта өркендеу" дәуіріне  тұспа-тұс келуі мүмкін. Себебі, нарықтық қатынастар алғашқы қадамда адамның ойлау жүйесі мен еркіндік сезіміне бостандық беруден бастап қалыптасады. Ал еркін ой мен дара мақсат және жеке мүдде қашан да бірдей болмайды. Міне, бұл партиялардың қайнап пісер "қазаны". 

Саяси партиялар адамзаттың өзге де құндылықтары секілді біртіндеп дамып, толықсып отырған. Бастауын ертеден алса да, біршама кемелденген саяси партиялар XIX ғасырдың екінші жартысынан бері өмірге келе бастады. XIX ғасырдың соңында әлем елдерінің тең жартысында 500-ден артық саяси партиялар құрылды. Сол тұста қалыптасқан ірі партиялар мыналар:

 

Мемлекеті

Партия атауы

Құрылған жылдары

АҚШ

Демократиялық партия

1828

Канада

Прогрессивтік- консервативтік партиясы

1854

Англия

Консервативтік партиясы

1867

Германия

Социал-демократиялық жұмысшылар партиясы

1869

Франция

Радикалдар партиясы

1869

 

Қазіргі таңда барлық мемлекеттерде партиялық құрылым бар. Бірақ сипаты мен ерекшеліктері әртүрлі. Қоғам дамыған сайын, шешуге тиісті түйткілдер де көбейіп, саяси партиялардың да сипаты мен міндеті, саны да артып отырары анық. Мәселен, алғашқы саяси партиялар жеке бір топтың, таптың мүддесі үшін құрылса (мысалы, жұмысшылар, шаруалар, буржуазия партиясы т.б.), кейін әр топтың өкілдерінен құралған жалпылық мәселелерді көтеретін партиялар қалыптасты. Бұл демократиялық үрдістердің дамуының бір нышаны. Алайда саяси партиялардың өміршеңдігі, жеңісі олардың басшыларының саяси сауаттылығына, ішкі мәдениетіне, ұлтына және мемлекетіне деген шынайы ниеті мен қалтқысыз қызметіне байланысты. Жоғарыда айтылған 1828 жылы құрылған АҚШ-тың демократиялық партиясының әлі де өмір сүріп келе жатуы осы шарттарды сақтаған болса керек.

Қазақ даласында, саяси партия ретінде алғаш бой көтергені 1917 жылы құрылған "Алаш" партиясы еді. Оны кеңестік комммунистер жөргегінде тұншықтырды да, 1918 жылы коммунистік партияны орнатты. Ол егемендік алғанға дейін дәурендеді. Қазір де бар. Ал Тәуелсіздіктен соңғы еліміздегі саяси партиялардың жалпы даму жағдайын баршамыз білеміз.

Қазір әлемнің көптеген елдерінде көппартиялы жүйе жұмыс істейді. Алайда мәні мен формасы сантүрлі. Қалыптасқан ғылыми түсінік бойынша оларды төмендегідей үш түрге жіктейді. Олар:

- Жетекші партиясы бар көппартиялы жүйе;

- Жетекші партиясы жоқ көппартиялы жүйе;

- Блокты көппартиялы жүйе.

Әр жүйенің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, бірінші түрдегі жүйені қарастырсақ, жүйеде бір партия басым болады. Басым партия бір немесе екі партиямен одақтаса отырып, парламентте көп орын иелейді және бір партиялы үкімет жасақтай алады. Үкімет тұрақты болып, билікке тиімді болады. Екінші түрдегі жүйенің ерекшелігі партиялардың күші қарайлас болып, ешбірі парламентте көп орын ала алмайды. Үкімет жасақтауы қиын әрі ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Үшінші түрдегі жүйеде, сайлау кезінде партиялар ұстанымының жақындығына қарай, екі ірі топқа жіктеледі, блокқа кірмеген партиялар ешқандай нәтижеге ие болмайды.

Біздің қоғамдық-саяси жүйеміздің ерекшелігі бірінші түрдегі жүйеге тән. Сондықтан, еліміздегі саяси партиялар өзінің дара ұстанымы мен бағыты болса да, үлкен жақтан билік партиясымен жылы қатынаста жұмыс жасай алуы тиіс, сонда ол партия ғұмырлы болып, жетекшілері парламентте орынға ие болуы мүмкін. Бұл Ахметбек мырза құрғалы отырған партияға да қатысты.

Сөз басына оралайық, Ахметбек мырзаның партия құрамын деген  үндеуі қоғамда түрлі пікір қалыптастырып отыр. Оның себебі де түсінікті. Біздің халық аяқасты құрылатын, кейін көрінбей кететін, уәде беріп, аяқсыз қалдыратын науқаншылдықтан "шаршады". Шыны керек, қазір халық экономикалық емес, рухани, мәдени және саяси тұрғыдан да дағдарысты күйде десек артық айтпаған болармыз. Кімге, неге, не үшін сенерін білмей  қалды. Сол үшін де қоғамды белсенділігі төмен деп айыптаудың қажеті жоқ-ау. Ал осындай жұртқа таныс азаматтардың бой көрсетіп, партия құрамын, жұрттың сөзін биік мінберден айтамын деген ойы жөн шығар. Себебі, белсеніп шыққан соң, мәселелерді шешуге тырысады. Тағайындалып келгендерге қарағанда, сұранып келген адамның жауапкершілігі де жоғары болады. Ең кемі,  қалғып-шұлғып отыратын енжар немесе белгілі бір топтың мүддесін ғана күйіттейтін  депутаттарға қарағанда халыққа пайдалы болары  анық.

Біздің халық қазір универсал болып кетті. Бәрі әнші-актер,  саясаткер,  дәрігер. Осы "саясаткерлер" жатып алып, саясат соққанда дүниені төңкереді. Өздері ештеңені бастамаса да, тосын шыққан біреудің өзін, көзін немесе сөзін тергеп, мінін іздейді. Өткені мен кеткенін айтып, болашағын болжайды. Жалпы "мінсіздікті" қалайды. Ал мінсіз адамды жер бетінен табуға бола ма өзі? Абай хакім:.

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес,

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес. – демей ме? Тіпті, кінәсіз адамның жоқтығы туралы мынадай да әпсана бар. Бірде Иса пайғамбардың алдына бір топ дін өкілі, күйеуінің көзіне шөп салған әйелді алып келіп, үкім беруін сынап сұрайды. Сонда Иса пайғамбар:

–  Кім өзін күнәдан пәкпін десе, алғашқы болып әйелге тас лақтырсын – дейді. Сонда лепіріп тұрғандардың бәрі қолындағы тастарын жерге тастаған екен.

Пенде болған соң, қателеспейтін, артық сөйлемейтін жан жоқ. Жоғарыдағы 1828 жылы құрылған, АҚШ-тың демократиялық партиясының алғашқы ұстанымының бірі – "құлдық түзімін сақтау" болған. Осы ұстаным кейін өзгерді. Бірақ, оны бетіне салық қылып басып жатқан ешкім жоқ және осы партияның белгісі – есек. Иә, кәдімгі есек (нанбасаңыз осы партияның сайтын қараңыз). Ал мұндай ой, түсінік пен талғам біздің сана-сезімімізбен мүлде қабыспайды. Бірақ біздің түсінігімізше "Еті арам, күші алал" есек, олардың дүниетанымы бойынша – қайсарлықтың, еңбекқорлықтың, күштіліктің, бірбеткейліктің, төзімділіктің символы. Мүмкін, есектің осындай ерекшелігін бағалап, өздеріне үлгі еткендіктен 200 жылға жуық өмір сүріп келе жатқан болар. Қалай ойлайсыз?

Менің бұл мақаламды оқыған кей адамдар түрлі қиял мен күдіктің жетегіне кетуі мүмкін. Мен, азамат ретінде осы мәселеге қатысты жеке ойымды білдіргім ғана келді. Ахметбек мырзаны сырттай білемін. Лекцияларынан тыңдағаным бар. Осы күнге дейін бас-аяғы бір-ақ рет  жүздескен екенбіз. Осыдан біраз жыл ілгері, Қазақстан телеарнасына марқұм Бейсен Құранбек жүргізген бағдарламаға қонақ болып бардым. Сол жерде Ахметбек мырза да болды. Сұқбат үстінде аздап пікір қайшылығы туындады. Ол кісі:

– Кез-келген жасты бір ай ішінде бизнесмен етіп тәрбиелеп шығарамын, – деді. Мен ол пікірге келіспедім және өзімнің:

– Бизнесмен болып қалыптасуы үшін білім, тәжірибе және тума дарынның болуы маңызды, – деген ойымды айттым. Ол бұл пікіріме келіспеді әрі:

– Сіздер секілді азаматтар, анау керек, мынау керек деп қазақ баласын кері тартасыздар, – деп назын білдірді. (Бұл диалогтың мақалаға қатысы жоқ, тек естелік үшін ғана айтып отырмын).

Алғашқы сұраққа оралсақ: Ахметбек мырза партия құра ала ма? Ол үшін дәйексіз сөзден гөрі, ғылыми тұрғыда SWOT талдау жасау әдісін қолданып көрейік. (SWOT талдау-стратегиялық жоспарлау әдісінің бірі. Ол нысананың артықшылығы, кемшіл тұсы, мүмкіндігі және қауыпты тұсы секілді 4 фактор негізінде талданады)

Басым тұстары (артықшылығы):

- Іскерлігі (ұзақ жыл бизнесте жұмыс жасауы);

- Психологиялық тұрғыда өзіне сенімділігі;

- Танымалдылығы;

- Шешендігі;

- Кемелді жасы;

- Білімділігі, жаңашылдығы, өзгеше ұстанымда болуы ;

- Ұзақ жыл осыны іштей мақсат етуі;

- Алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы;

- Ақпарат саласында өзінің ой-пікірін жеткізе алатын техникалық, кадрлық базасының болуы.

Әлсіз тұстары:

- Әкімшілік  билік жүйесінде басшылық қызметте болмауы;

-  Саясаттағы тәжірибесінің аздығы;

- Партияның нақты бағдарламасының әлі дайын еместігі;

- Партия құру және жалғасты өміршеңдігін сақтаудағы қаржылық қайнарлардың аздығы және белгісіздігі;

- Мінездегі салмақтылықтың эмоцияға оңай жол беріп қоюы .

Мүмкіншіліктері:

- "Алаш" идеясын ту етіп ұстауы, партия атының "Сен- Алаш" болуы;

- Елімізде көппартиялы жүйені дамыту және жастар мен әйелдерге баса мән берудің заң бойынша құпталуы;

- Халықтың қазіргі кездегі өзгерісті қалаған көңіл-күйіне тұспа-тұс келуі;

- Шәкірттерінің (қалыптастырған мектебі) болуы.

Қиындық (қауіпі) тұсы:

- Халықтағы сенім тұрақсыздығы (биліктің кезекті ойыны немесе биліктің адамы шығар -деген күдігі);

- Биліктің өзінің кедергі келтіруі (Алаш рухының жалпы ұлттық сипат алуы, үкіметтің кейбір мүдделеріне сай келмеуі мүмкін).

Мен өзімнің шекті мүмкіндігім аясында осылай талдау жасадым. Сіздің қандай алып-қосарыңыз бар? Бір анығы, қазіргі әлемде ештеңенің байыбына толық, дұрыс бару мүмкін болмай кетті. Тосын басталған жұқпалы вирус пандемиясы әлемдік кеңістікті де, елімізді де  ойландырып қойды. Көп нәрсеге дайындығымыздың шала немесе жоқ екенін көрсетті. Сол үшін жан-жақты жаңа реформалар жүрілуі күтіліп тұр. Қазақ халқының дүниетанымында өзгеріс туындады. Ол өзгеріске көшбасы болаты идея – қазақтың ұлттық мүддесі мен дүниетанымына, арман-мұратына жақын "Алаш идеясы" екенін біліп қалдық. Біз өндіріске, шаруашылық, кадрлық құрылымға, саяси жүйеге емес, алдымен санаға реформа жасауымыздың қажеттілігін түсініп келеміз. Сонау 1980 жылдары кедей қытайды бай еткен реформатор Дың Шияупиң (Deng Xiaoping): "Реформа жасаудан ілгері, саналарыңды азат етіңідер" -деген еді. Біз Әл-Фарабиден бастап, Абай одан Алаш арыстарына дейінгі қазақ даналарының рухани тереңдігіне ұлт болып бойламай, санамыздағы жемқорлық, өтірік, мақтан, дарақы, енжар, пайдакөс, еріншек, жауапкерсіздік, жалтақойлық, атаққұмарлық, күншілдік секілді толып жатқан рухани масылдардан "АЗАТ" болмайынша, не істесекте баянды болмайтынын түсінуіміз тиіс.

Қорыта айтқанда, SWOT талдау жасау әдісінің нәтижесі артықшылығы кемшілігінен, мүмкіндігі қиын тұсынан артық болды. Бұл партияның өмірге келуіне мүмкіндіктің молдығын білдіреді. Менің кеңесім: Ахметбек мырза, осы "Әлсіз тұстар" мен "Қиындық тұстарын" саралап, осы жақтағы олқылықты толықтауға күш салуы тиіс. Бірақ, бұл бір ғана адамның SWOT талдауы болғандықтан артық немесе кем болуы сөзсіз. Сондықтан ол өз-өзіне осындай талдау жасап көрсе болады. Ал депутаттық мандатқа ие болу, болмауын сол кездегі жан-жақты жағдайға қарай, талдау жасап бағасын айтуға болады. Сөзімнің соңын Генри Фордтың мына сөзімен түйіндегім келеді: "Бір істі істеуде сен осыған лайықпын десең лайықсың, лайықсызбын десең лайықсызсың. Қалай ойласаң да соңында сенікі дұрыс болады ".

Құрметті оқырман достарым, Менің бұл мақалам Сіздерге қалай әсер етерін білмеймін. Бірақ, өтінішім: қазақы қоңыр мінезді, ішкі мәдениетімізді сақтай отырып, мақаланы толық оқып шығып қана комментарий жазыңыздар.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір